КӨП БОЛЫП КҮРЕСЕР ІНДЕТ
АЛТЫНДЫ КӨРІП ЖОЛДАН ЖАҢЫЛЫПТЫ
Үй болмай, күй болмайтыны белгілі. Көптің көкейін тескен проблеманы, дегенмен, кейбіреулер өз пайдасына шебер пайдаланады екен. Облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Марат Қойшыбаевтың айтуынша, мемлекеттік (бюджеттік) қызметкерлерге тиесілі, үкіметтен бөлінген қызметтік және жалға беруге арналған тұрғын үйлерді бөлу, жалға беруде заң бұзушылықтар кездесуде. Анықтай айтқанда, былтыр энергетика және тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық саланың өкілдеріне қатысты 6 қылмыстық іс қозғалған. Олар қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша (мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адам немесе оған теңестірілген адам жасаған алаяқтық) айыпталып отыр. Биыл мұндай дерек тіркелмеген. Алайда, алдын алмаса, алтын көрсе жолдан таятындар бұл күнде де аз болмауы мүмкін.
Бөлім басшысы мынадай мысал айтты: Атырау қалалық ТКШ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) және жолаушылар автокөлігі, автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы А.Дүйсембиев осы күнге дейін ойына келгенін жасапты. Ол «тегін пәтер алып беремін» деп алдап-сулап, адамдардан ақша алған. Алдыменен, бір азаматшаның 1 миллион теңгеден астам қаржысын иемденген. Дәмеленгеннен соң өзге жанның тағы бір миллионын жұтқыншағынан өткізеді. Бұдан соң 4 мың АҚШ доллары, кейін 739 мың теңге және 736 мың, соңғы тұрғыннан 729 мың теңге көлеміндегі ақшаны қиналмастан қалтасына сала беріпті. Бас маман сұрқия әрекеті үшін ақыр соңы заң алдында жауап беруге мәжбүр болды. Атырау қалалық соты А.Дүйсембиевті 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
— Адамдарды алдаған алаяқтар қатаң жазалануы керек. Өйткені, «үй, жер алып беремін, жұмысқа орналастырамын» деп талайды сазға отырғызғандардың тірлігін еліміз бойынша аз естіп жүрген жоқпыз. Осындай бейберекетсіздікке жол берген басшылар, ендеше, жазаланды ма? Алынған шара қандай? – деген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы осы тұста Атырау қаласының басшысы Серік Айдарбековке сауал қойды. Ол өз кезегінде аталған істің өткен жылы орын алғанын, қызметкері жаза басқандығы себепті бөлім басшысының қызметінен түсірілгендігін айтып жауап берді.
Аядай бөлме арманына айналған көпшілік үшін тұрғын үйлерді бөлуде ашықтықтың, әділдіктің болғандығы маңызды. Осы мақсатта қазір қала әкімінің ресми сайтында баспанаға мұқтаж жандардың тізімі жарияланған. Онымен кез келген тұрғынның танысуына мүмкіндігі бар. «Тұрғындар баспаналарын тек өздерінің кезектерімен ғана алатын болады» деді шаһар басшысы. Айта кетейік, пәтер алуға үміт еткендер төрт топқа бөлінген. Соның алғашқысы, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының тізімі. Бюджеттік сала қызметкерлері, әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін отбасылары, үйі апатты жағдайдағы жандар да ретімен кезекке қойылған.
АУЫЛДА ДА ЗАҢСЫЗДЫҚ КӨП
Тұрғын үйлерді бөлу, беруге байланысты заң бұзушылықтар тек облыс орталығы ғана емес, ауылдық жерлерде де жиі кездеседі. Қызылқоға аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы А.Өрдековтің тірлігі соған мысал. Ол тұрғындардың арыз-өтініштерін қарау тәртібін бірнеше рет бұзыпты. Жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін айыпты тәртіптік жазаға тартылып отыр.
Комиссия отырысында қызылқоғалықтарға қатысты мынадай мысал айтылды: Жеке басында баспанасы жоқ азаматша 2011 жылы тұрғын үй сұрап, арыз береді. Ол отбасының мүшелері толық емес жан болатын. Соған қарамастан жергілікті бөлімдегілер «аудан бюджетінде тұрғын үй салу немесе сатып алуға қаржы болмауына байланысты арызды қанағаттандырудың мүмкіншілігі жоқ» деген жалтарма жауап жазып, мәселеге нүкте қоя салады. Шындығында, арызданушы «толық емес отбалы жан» ретінде тиісті кезекке қойылуы керек еді.
Құрманғазы ауданындағы жоғарыда аталғандай бөлімдерді тексеру кезінде де заңсыздықтарға жол берілгені белгілі болып отыр. Соған байланысты Дыңғызыл, Ақкөл, Байда және Қиғаш селолық округтердің әкімдері жауапкершілікке шақырылған. Келтірер болса, мұндай мысалдар аз емес.
Осы себептен де облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Махамбет, Қызылқоға және Құрманғазы аудандарының әкімдеріне тікелей бейнебайланыс жүйесі арқылы нақты сұрақтар қойды. Ол тұрғындарды кезекке қою, тиісті орындардың арыздарды негізсіз қарамауына қатысты мәселелер еді. Өз кезегінде жергілікті жердің басшылары осы бағытта қолға алған жұмыстарды айтып, жауап берді.
БАЛ ҰСТАҒАН БАРМАҒЫН ЖАЛАЙДЫ
Сыбайлас жемқорлықтың себеп-салдарына үңілген мамандар оның коммуналдық шаруашылықтан өзге, білім саласында да жиі орын алатынын айтып отыр. Яғни, мемлекеттік қызметкер және оған теңестірілген тұлғаларға қатысты 34 қылмыстық іс (2011-2012 жылдары және биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында) қозғалған. Соның 11-і сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену, ысырап ету бабы екен.
— Сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау мақсатында Атырау қаласы әкімдігінің жоғарыда аталған кезеңдегі атқарылған жұмыстарына талдау жасалған болатын. Соған сәйкес, білім саласында тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстар көбіне бюджеттік қаржыны ұрлау, ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізу, қызметтік жалғандық жасау, мүлдем орындалмаған жұмыс үшін қаражат аудару, сондай-ақ пара алу түрінде жасалатындығын көрсетті, — деді облыс әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Марат Қойшыбаев.
Қаржы полицейлері қазынаның қаржысын атасынан қалған мұрадай иемденген Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің бас есепшісі К.Ақбалиеваның зымиян тірлігін әшкереледі. Ол 2009 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларының аралығында өзінің карточкасына 935 мың теңгені заңсыз аударып жіберген. Қызметтік жалғандық жасаған, мемлекеттің ақшасын «жеген» адам бүгінде 5 жыл 6 айға сотталып отыр.
№59 «Ақбөбек» балабақшасының директоры Н.Жақсыбаева мен есепшісі З.Әбдешованың әрекеттері тіптен сорақы. Олар 2007-2010 жылдар аралығында жалған құжаттар жасау арқылы түрлі кәсіпкерлердің есепшоттарына 5,8 млн. теңгені заңсыз жолмен аударған. Аталған айыпты жандар сот үкімімен 3 жылға шартты түрде сотталды.
Отырыста 2012 жылы №16, 20 балабақшаларының лауазымды тұлғаларына қатысты 11 қылмыстық істің қозғалғандығы әңгіме болды. Бұлардың заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 18,8 млн. теңге зиян келген.
Мәжілісте Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков биыл 9 сыбайлас жемқорлық дерегі орын алғандығын айтты. Шаһар басшысы сонымен қатар, қоғамның дертіне қарсы алынып жатқан шараларға тоқталды.
Комиссия отырысында облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі түрде пәрменді жүруі қажеттігіне тоқталды.
— Пәле — аяқтың астында. Әрбір қызметкер өзінің заңсыз ісі үшін заң алдында жауап беретінін білуі керек. Өйткені, судың да сұрауы болады. Сыбайлас жемқорлықпен бәріміз бірлесе күресуіміз қажет, — деді аймақ басшысы сөзінің соңында. Сондай-ақ, облыс әкімі тиісті бақылау-тексеру құрылымдарының қырағылығын да күшейтуді міндеттеді.
Азамат БАЗАРБАЕВ.