ҰЛТТЫҚ ҚОР – ХАЛЫҚ ҮШІН!..

Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол –  болашаққа бастар жол» атты Жолдауын насихаттау мақсатында ауданда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов пен осы агенттіктің аумақтық басқармасының басшысы-тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Избанов бастаған ақпараттық топ болды. 

Астаналық мейман, Елбасы Жолдауында көрсетілгендей, келешекте республикада үш ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептердің мүлдем болмайтындығын айтты. Осы бағытта ел бюджетінен 70 млрд. теңге жұмсалмақ. Бұл қомақты қаражатты тиімді игеру арқылы лайықты қайтарым да күтілмек. Рас, біздің облыста үш ауысымдық мектептер проблемасы оңынан шешілді. Қазір мұндай әдіспен оқыту жоқ.

Бірақ, апатты саналатын білім ордалары бар. Олардан да біртіндеп арылу жоспарланып отыр. Оның үстіне, жергілікті атқарушы билік мониторинг жүргізіп, келешекте тарлық етуі мүмкін мектептерді де анықтап жатыр. Демек, халық тығыз орналасқан аймақтарда қосымша білім ошақтарын тұрғызуға тура келеді. Ал, жаңа мектептерде заман талабына сай жаңаша білім беріледі. Олар озық жабдықтармен жарақтандырылады.

Елбасы Жолдауында республикада балабақшалар санын арттыру үшін 20 млрд. теңге қаралатындығы айтылған. Атырауда бөбектер үйі ретімен қатарға қосылып келе жатқанымен, әлі де кезекте тұрғандар көп. Сәби күтімімен үйде отырған аналардың ішінде мұғалімдер мен дәрігерлер бар. Ал, олар білім беру мен денсаулық сақтау салаларына керек-ақ. Демек, республикадан бөлінетін қомақты қаражатқа мұнайлы мекенде де бірнеше балабақша тұрғызуға мүмкіндік тумақ.

Ұлттық қордан 2014-2015 жылдарға экономикалық өсімді қалыптастыру және жұмыссыздық проблемасын үйлестіру  үшін бір триллион теңге қаралды. Осы қомақты қаражаттың алғашқы жартысы игерілу үстінде. Соның нәтижесінде республикада жүздеген жаңа жұмыс орны ашылды, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына қолдау көрсетілді. Өзін ақтаған осы игілікті шара келесі жылы да жалғасады. Яғни, тағы да 500 млн. теңгеге есептелген нақты шаралар қолға алынады. Бұрынғыша бизнес саласына қолдау істеледі. Тамақ және химия, машина жасау салалары дамиды. Солардың бәріне жүздеген қазақстандық маман тартылады.

Жалпы, Елбасы осынау сын шақта Ұлттық қордың қаржысын барынша тиімді пайдалануды тапсырып отыр. Яғни, 2015-2017 жылдары әр жылы үш миллиард доллардан қаржы алынады. Сөз жоқ, мол қаражат. Әлемдік экономикалық  дағдарыс жағдайында осындай шараларды жүзеге асыру – халық жағдайына шынайы алаңдаушылық.

Мемлекет басшысы Жолдауында бірі екіншісін толықтыратын жеті нақты тапсырма берді. Ақпараттық топ жетекшілері оларды жиналғандарға жеке-жеке түсіндірді. Әсіресе, халықты қолжетімді баспанамен қамту, индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру, тың инвестициялар тарту, жол құрылысын өрістету, т.б. басымдықтарға ие бағыттарға жұмсалған қаржы өзін ақтауы шарт.

Ақпараттық топ жетекшілеріне жиналғандар тарапынан бірнеше нақты сауалдар да жолданды. Мәселен, Ұлттық қордан бөлінген қаржы қалай қайтарылады? Жастарға алғашқы жарнасыз баспана беруге бола ма? Кәсіпкерлікке көмектің тағы нендей тың тетіктері бар?

Саян Ахметжанов пен Мұхит Избанов, сонымен қатар, биылғы тамызда қос құрылымды біріктіру нәтижесінде өмірге келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің атқарар жұмысы, тестілеудегі өзгерістер, оны оңтайландыру шаралары, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі, т.б. жөнінде айтты. Кездесу соңында тұрғындармен жеке қабылдаулар ұйымдастырылды.

Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,

меншікті тілшіміз.

Құрманғазы ауданы. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз