Жарнама
Саясат

КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ – ЕЛІМНІҢ АСҚАҚ БЕДЕЛІ

Халқымыздың рухын көтеріп, жас ұрпақтың салт-санасын қаһармандық пен даналыққа тәрбиелейтін бұл атаулы күн жарқын болашағымыздың кепілі деп түсінген сегіз мыңдай атыраулық орталық «Мұнайшы» стадионына жиналды.

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бокстан Қазақстан Республикасының бірнеше мәрте чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия ойындарына қатысушы Айбек Нысанбаевпен бірге Мемлекеттік Туды жоғарыға көтерді.

— Жасампаз Қазақстанның рәміздері мемлекеттің мызғымас негіздері болып саналады. Ширек ғасырға жуық Мемлекеттік Туымыз Біріккен Ұлттар ұйымының Штаб пәтерінде, ЮНЕСКО-ның, Еуропа Қауіпсіздік Ынтымақтастық ұйымының, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Ислам елдері конференциясының, Еуразиялық экономикалық одақтың бас кеңселерінің алдында елуден астам елдер астанасында бейбітшіліктің жаршысындай ашық аспан астында желбіреп тұр. Біз бұған дейін «Азат Қазақстан», «Тәуелсіз Қазақстан» деген тіркестерді жиі қолданып келдік. Алайда, аталған қос тіркес Қазақстан халқының ынтымағы мен достығының, Елбасы Н.Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасында «Қуатты Қазақстан» деген тіркеспен алмастырылған абыройлы асқақ күнге жеттік, — деп аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы барша атыраулық жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Еліміздің Мемлекеттік рәміздері күні мазмұны жағынан Тәуелсіздік күні мейрамынан еш кем түспейтіні анық. Мемлекеттік рәміздер — біздің мемлекеттілігіміздің, тәуелсіздігіміздің, айрандай ұйыған бірлігіміздің символы. 2013 жылы облыс әкімінің бастамасымен өңіріміздің барлық елді мекенінде бүкіл облыс халқы бір мезетте мемлекеттік Гимнді бірге орындауы қолға алынған болатын. Үш жыл қатарынан бұл шара дәстүрге айналып, жыл санап қатысушылар саны да артып келеді. Бұл жолы да таңертеңгі сағат 10.00-де бірнеше  мыңға жуық адам облыстың әр түкпірінде тұрып мемлекеттік Гимнді бірге шырқады.

Сондай-ақ, шара барысында көк Туды көкке ұстаған жүздеген жастар стадион алаңынан шеру жасап өтті. Ал, Медет Қарамырза, «Зерде» би тобы, Венера Машқалиева, «Меруерт» би ансамблі, «Дарын» балалар хоры мен «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің хор ұжымы сахна төрінде өз өнерлерін паш етіп, мерекенің мәні мен оның маңызын одан  әрі асыра түсірді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button