КӨГІЛДІР ОТЫН ҚЫМБАТТАЙ МА?
Салалық министрлік өзіне берілген құқықтық артықшылықтарды жүзеге асыру шеңберінде, 2013 жылдың желтоқсан айында осыған дейін қолданылып келген жер қойнауын пайдаланушы немесе көгілдір отынды өндірушілерден тауарлы газды сатып алу бағаларын 2014 жылдың 1 мамырына дейін өзгеріссіз қалдырған.
Мұнай және газ министрі Ұзақбай Сүлейменұлы жыл сайын елімізде орташа есеппен 6,7-8,3 триллион текше метр газ өндірілетінін, оның 75 пайызы Теңіз бен Қашаған кеніштерінің еншісінде екенін жария қылды. Қолдағы бар болжамдарға қарағанда, енді он жылдан кейін, яғни 2024 жылы тұтынушылардың қажеттілігін өтеу, сұранысын қанағаттандыру деңгейі 55 пайызға жеткізіледі. Ал, 2030 жылға қарай республикамызда өндірілетін газдың көлемі қазіргіден 25 пайызға дейін ұлғайтылады.
Ендігі мәселе осыншама көлемдегі көгілдір отынның орынсыз ысырабына жол бермей, тауарлы күйінде, қолжетімді бағамен тұтынушыға жеткізіп, қажеттілігін өтеуге келіп тіреліп тұр. Министрлік тарапынан ұсынылып отырған тұжырымдама жобасы толығымен жүзеге асырылған жағдайда осыған кепілдік беріледі деп күтілуде.
Селекторлық мәжілісте талқыланған келесі келелі мәселенің бірі–еліміздегі азаматтық авиацияның жай-күйі, анығын айтқанда, қазіргі ахуалы мен осы саланы одан әрі дамытудың перспективалары еді.
Бұл жайында баяндаған Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтың мәлімдеуінше, тек өткен жылдың өзінде еліміздің авиакомпаниялары 5 млн. жолаушыны тасымалдап, 320 млрд. теңге көлемінде кіріс келтірген. Соның 95 пайызы Эйр Астана мен СКАТ компанияларының еншісіне тиген. Ал, халықаралық әуе жолы қатынастары нарығындағы қазақстандық компаниялардың үлес салмағы 54 пайызды құраған.
Тұтастай алғанда, негізгі көрсеткіш динамикасының ілгерілеуі соңғы жылдары бұл салада да айтарлық өсім барын байқады.
Және бір белгілі болғаны, бүгінгі таңда республика әуежайларында 13 ұшып-қону алаңы мен тоғыз терминал реконструкциядан өткізілген. Былтырғы жылы ғана мұндай жұмыстар Талдықорған мен Тараз қалаларының әуежайларында жүргізілсе, соңғысындағы терминалды жөндеу жұмыстары басталған. Қабылданған бағдарламаға сәйкес облыс орталықтарында орналасқан әуежайларды реконструкциялау шараларын 2018 жылға дейін 100 пайыз аяқтау көзделген. Бұдан бөлек, «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық аясында Астана мен Алматы шаһарларындағы әуежайлардың жолаушылар терминалдарын кеңейту, оған қоса жаңа алаңдар құрылысын салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, Елорда әуежайының өткізгіштік қабілеттілігін екі есеге, ал, оңтүстік астана әуежайында 60 пайызға арттыру межеленген.
Үкімет отырысында Премьер-министр Серік Нығметұлы осы мәселеге қатысты құрылымдардың басшыларына нақты тапсырмаларын берді.