ХАЛЫҚ ТАҢДАУЫНА – ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асау Ибрашев 20 наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлаудың қорытындысы туралы баяндады. Ол барлық 27 сайлау округі бойынша жаңадан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттарын жария етіп, халық қалаулыларына депутаттық куәліктері мен төсбелгілерін тапсырды.
Бұдан соң №27 сайлау округінен депутат Айбек Габдуллиннің ұсынысымен және депутаттардың қолдауымен VI шақырылған облыстық мәслихаттың I сессиясының төрағасы болып №8 сайлау округінен депутат Амангелді Абдолов сайланды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – облыстық мәслихаттың хатшысын сайлау бойынша №12 сайлау округінен депутат Ерсайын Дүйсемәлиев ұсыныс жасады. VI шақырылған облыстық мәслихаттың хатшысы болып №25 сайлау округінен депутат Сағындық Лұқпанов қайтадан осы лауазымға сайланды. Ол өзіне көрсетілген зор сенім үшін әріптестеріне ризашылығын білдіріп, ынтымақтаса жұмыс жасайтындықтарына сендірді.
Сессияда облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары құрылып, құрамдары бекітілді. Бюджет, қаржы, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағалығына депутат Абат Тасымов, Экология, қоршаған ортаны қорғау, агроөнеркәсіп және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағалығына депутат Ерсайын Ихсанов, Әлеуметтік мәселелер мен гендерлік саясат, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы болып депутат Әлия Бекқожиева, Заңдылықты сақтау, депутаттық этика және құқық қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағалығына депутат Амангелді Абдолов сайланды.
Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөз алып, облыстық мәслихаттың өткен шақырылымында қызмет атқарып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне үлес қосқан депутаттарға ризашылығын айтты. Бақтықожа Салахатдинұлы сайлаушылар сеніміне ие болған жаңадан сайлан-ған халық қалаулыларының алдағы мәртебелі де жауапты қызметтеріне табыстар тіледі, оларды жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Депутаттар мен сессияға қатысушылар облыстық мәслихаттың өткен сессияның шешімімен «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағына ие болған ауыл шаруашылығы саласының ардагері Жанай Беркәлиевке куәлігі мен төсбелгісін табыстау салтанатының куәсі болды. Жанай Беркәліұлы өзінің ел алдында сіңірген азды-көпті еңбегін жоғары бағалаған облыс басшылығы мен мәслихат депутаттарына рахметін айтып, көпшілікті Жыл басы – Наурыз мейрамымен құттықтады.
Депутаттар облыстық мәслихаттың II сессиясының төрағалығына депутат Ерболат Бектеміровті сайлады.
Бақытжан ЖҰМАТ.
Суретті түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.