КЕСІМДІ СӨЗ АЙТАР ШЕШІМДІ КЕЗЕҢ
Референдум – халықтың саяси еркін тікелей білдіретін құрал. Алайда, осы уақытқа бұқара өзіне берілген бұл мүмкіндікті тиісті дәрежесінде пайдалана алмады. Өйткені, оған қолайлы жағдай жасалмады.
Осы жолы бәрі де басқаша болады, шынайы демократия салтанат құрады, елімізде бүгінгі уақыт талабы мен даму үрдісіне сай келетін жаңа қазақстандық қоғам құрылады деген үкілі үміт, зор сенім бар. Мемлекет басшысының негізгі заңға енгізілетін өзгерістерді көпшіліктің талқысына салып, халықтың талап-тілегін ескере отырып ұсыну жөніндегі пайымды шешімі көңілімізден шықты. Осылайша, ол бүкіл қоғамның көкейіндегіні дөп басып, түйткілді тарқатты.
Ақиқатын айтсақ, халықтың кесімді сөзін айтар шешімді кезең келді. Жасыратыны жоқ, ұзақ жылдар бойы саяси поцестерден шеттеп қалдық. Мемлекет тағдырын шешу ат төбеліндей ат төбеліндей азғантай топтың құзырында болып келді. Халық үшін аса маңызды шешімдер Парламентте қаралып, талқылаулар комиссияларда — тар ауқымда жүрді. Осылайша, жұрттың басым бөлігі көп нәрседен тысқары қалып, саяси үдерістерге қатысу, үлес қосу мүмкіндігінен айырылды. Түрлі сылтаулармен мерзімінен бұрын, бұрмаланып өткізілген сайлау барысында азаматтардың дауысы ұрланып, үміті мен сенімі жоғалды.
Енді бәрі де басқаша болады деп ойлаймыз. Солай болуы заңды да. Өйткені, жалаңаш ұран мен жалған сөзден, құрғақ уәдеден ығыр болды, шаршады. Шүкір, мұның бәрі өткен уақыттың еншісінде қалды, көпшіліктің тағдырын бір адам шешетін мезгіл келмеске кетті. Шынтуайтында, үлкен, ұлы өзгерістер кезеңіне аяқ бастық. Тарихымыздың ащы сабағынан тәлім ала отырып, Жаңа Қазастан құруға бағытталдық. Саяси жаңару мен жаңғыруды түйсінген халқымыз бұдан былай елдің еңселі ертеңі, кемел келешегі өзінің қолында екенін сезіну үшін осындай теңдесі жоқ тарихи мүмкіндікке ие болғалы отыр.
Ерболат НАСИМУЛЛИН,
Исатай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы