КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК ҮШІН!
Енді ойласам, партия съездерінің әрқайсысының тұсында елдік тұрғыда еңсеміз тіктеліп, мемлекеттілігіміздің маңызын, беделін көтеруде алға қойған міндет-межелеріміз мақсатты жүзеге асып келеді екен. Мәселен, Президенттік сайлау өткен 2005 жылы барша қазақстандықтардың жақсы өмір сүруі үшін игі жағдай туғызуға және тұрақты ауқаттылық деңгейін қамтамасыз етуге, ішкі жалпы өнімді 2,5 есеге көбейтуге зор маңыз берілсе, ал 2011 жылғы өтілімінде «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» тұжырымдамасымен төрге озды.
Бұл жолғы Президенттік сайлаудың, әрине, тіптен жөні бөлек. Айтып жүргеніміздей, әлем экономикасы құбылмалы жағдайды бастан кешіп отырған шақта оның жағымсыз ықпалына жол бермеу, тағы бір сынға төтеп беру өте-мөте маңызды. Мемлекеттілікті нығайту мен одан әрі дамытудың қажеттілігі дәл осындай күрделі кезеңде одан әрі тереңдей түседі.
Ол үшін не істемек керек? Міне, осы мақсатта съезде Президентіміз, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттілікті дамытудың бес бірдей халықтық реформасын тайға таңба басқандай белгілеп берді. Тұжырымдап айтқанда, бұл реформалар – алға қарай үздіксіз, үдемелі серпінмен қозғалу деген сөз. Осы ретте «олардың әрқайсысын жүзеге асырудың жолдары қандай болмақ?» деген сауал еріксіз бой көтереді. Елбасы кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және әртараптандыру, болашағы біртұтас ұлт пен транспарентті және есеп беруші мемлекет қалыптастырудың қағидаттарына нақтылап берді.
Сайып келгенде, аталмыш реформалардың барлығы мемлекетті нығайту және оны әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін жағдай туғызады. Бұл – сондай-ақ, «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырудың нақты жолы. Демек, бес институционалдық реформаның әрқайсысы зор міндет және ел үшін орасан жұмыс. Сондықтан, Мемлекет басшысы Президент жанынан Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия құруды ұсынып отыр. Ол бүкіл реформалар кешенінің жүзеге асуын үйлестіретін болады.
Үмбетқали ЖАҚАШЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Жылыой аудандық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары.