КЕМЕЛ КЕЛЕШЕГІМІЗДІҢ КЕПІЛІ
Ұлт жоспарының 1-қадамы мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғыртуға арналған. Онда мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені айтылған. Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшіп, мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффициенттерін қосу міндеттері бойынша нақты тапсырмалар бар. Ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлер беріліп, мемлекет тарапынан қолдау жасалмақшы. Мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру болып табылады. Мемлекеттік қызметкерлердің мансабын жоғарылатуды конкурстық негізге ауыстыру да қарастырылған. Жаңа этикалық ережелерді енгізіп, мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексін жасау да Ұлт жоспарында нақты атап көрсетілген.
Салық және кеден саясаты ресімдерін оңтайландыру да көзделген. Айталық, экспорттық және импорттық кеден ресімдерінен өту кезінде «Бір терезе» қағидатын енгізу жөнінде айтылған. Декларанттар салықты бақылау бойынша шешім қабылдау үшін тәуекел санаттарына бөлінбекші. Жариялауды бірінші рет тапсырған жеке тұлғалар 3 жыл мерзімде қайта тексерістен өтпейтін болады. Қосымша құн салығының орнына сатудан салық алуды енгізу мәселесін жан-жақты зерттеу белгіленген. Кіріске және шығысқа салық есебін міндетті түрде енгізу арқылы қолданыстағы салық режимін оңтайландыру жөнінде де жан-жақты қамтылған.
Реформа аясында айта кетер жаңалық – мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жоғарылату мәселесі. Елбасы осы мақсатта «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясын құруды ұсынып отыр.
Сәкен ҚЫРҒАБАҚОВ,
Құрманғазы аудандық мемлекеттік кірістер
басқармасының басшысы.