КЕЛЕШЕК КІЛТІ – ТЕРЕҢ БІЛІМДЕ

Елбасының жаңа Жолдауындағы міндеттер –бәріміз үшін де үлкен сын болмақ. Президент бұл қадамы арқылы жаһандық дағдарыс алдында жұртшылықты тың ойлар мен қарқынды бастамаларға серпілтіп алды. Ал, серпіліс пен сілкініс бізге қажет дүние. Тұтастай алғанда, айқын міндет пен нақты межеге жетелейтін жаңа Жолдау – бір ғана келер жылдың жұмыс тәртібі емес, ұзақ мерзімді даму жоспары.

Мемлекет басшысының жыл сайынғы жұртшылыққа жария етіліп келе жатқан Жолдауы бірімен-бірі астасып жатқанын айта кетуіміз керек. Олардың қай-қайсысының да түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізетін негізгі басымдықтарды айшықтау.

Биылғы Жолдауда баспана, тұрғын-үй, ауыз су, жылу мәселелерімен қатар, қоғам үшін ең басты қажеттілік – білім мен тәрбиеге де көп көңіл бөлініп отыр. Балалардың мектепке дейінгі білім алуы, тәрбиеленуі дұрыс жолға қойылу үшін балабақшалар мен мектеп алды мекемелер санын арттыру қажеттігін, сапалы білім берілуі үшін мектептердің үш ауысымды емес, қалыпты жұмыс тәртібіне көшу керектігін жеткізді. Бұл бала тәрбиесіне қатысты мекеме іргетасынан бастап отыратын оқушының партасына оның алдындағы оқулығы мен тақтасына дейін жақсартылатынын білдіреді. Ал мектептің жайына көңіл бөлу – мұғалімнің қамын ойлау болып табылады.

Өте маңызды және өзекті тақырыптарды қамтыған Жолдаумен жіті танысқан мектебіміздің оқытушылар құрамы мен оқушылары ел дамуындағы білім мен ғылымның рөлі туралы Елбасының сөздерінен үлкен әсер алды. Қазіргі білім жүйесін Мемлекет басшысының қызу қолдауы, осы бағыттағы алға қойып отырған мақсаттары бізді ерекше қуантады.

Елбасы бір сөзінде «Бұл – білімге сенетін заман» – деді. Біле білсек, бұл сөздің терең мәні бар. Әлемдік өркениет көшінен қалмас үшін біз заманауи ғылымды жан-жақты игерген ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Білім алу үшін елімізде барлық жағдай жасалған. Қазіргі мектептер замана ағымына сай толық жабдықталып отыр. Ауыл мектебі қала мектептерімен тең жағдайда. Біздің мектебімізде де соңғы үлгідегі құралдардың барлығы бар. Мұғалімдеріміз бен оқушыларымыз үнемі алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ата-аналармен байланыс жүйелі жолға қойылған. Мектеп мұғалімдерінің біліктілігін көтеру мен оларды материалдық ынталандыру да – басты назарда. 

Президенттің ұдайы айтатын ұстанымы – интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Өйткені, көп нәрсені бүгінгі заманда білек емес, білім шешеді. Бүгінгі талап – осы. Сондықтан, инемен құдық қазардай қажыр-қайрат жұмсалуы тиіс. Осы ретте ұстаздар қауымына жүктелетін жүк өте ауыр, жауапкершілік жоғары деп білемін. Сол себепті әріптестерімді Елбасының Жолдауы жүктеген тапсырмаларды орындауда қуатты Қазақстанның ертеңі үшін, аянбай еңбек етуге шақырамын.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз