КЕЛЕШЕК КІЛТІ – БІЛІМДІ ҰРПАҚТА
Расында да, бәріміз де еңбек жолымызды кішкене қызметтен бастадық. Қатардағы жұмысшы болып, ауыр істерді атқардық. Үлкендерден үйрендік, солардың тәжірибесінен тағылым алдық. Ендеше, бүгін неге соны естен шығарамыз? Ұл-қыздарымызды тәрбиелегенде неге айтып отырмаймыз? Сайып келгенде, қазіргі жұмысшы күрек-сүйменмен ғана іс тындырмайды. Техниканың қарыштап дамыған кезінде, ғылыми жетістіктердің өндіріске ендеп енген шағында жан-жақты жетіліп, шеберліктің шыңына шығу қажеттігі туындады. Яғни, Елбасы айтқанындай, «Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновациясының күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады.»
Өмірлік тәжірибемізден көріп жүрміз, жақсы мамандар ауылдардан да шығады. Шаруаға ерте араласқандықтан жасына қарамастан солардың ішінде істі ұйымдастырғыш мықтылары болады. Әттең, тиісті білім ала алмайды. Өйткені, ата-анасының оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі шектеулі. Міне, осы орайда Елбасымыздың «Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын» деуі көпшілікті қуанышқа кенелтті. Үкіметке осы бағдарламаны жасақтауға тапсырма берілді. Әрине, оған ұқыпты дайындық қажет. Әйтпесе, келесі жылдан қолға алынса да артық емес еді.
Бұл бағдарлама несімен құнды? Біріншіден, жоғарыда айтқанымдай, жағдайы төмен отбасыларының ұл-қыздары да білім алу мүмкіндігіне ие болады. Рас, мұндай балаларға қазір де мемлекет пен жергілікті атқарушы билік, оқу орындары тарапынан қолдау көрсетілуде. Әйтсе де, енді бұл мәселе заңдастырылып, барша жастың тегін техникалық білім алуына жол ашылмақ.
Екіншіден, мемлекеттің қамқорлығын сезініп, соның арқасында оқыған бала қайтарым қажеттігін де түсінеді. Мұндай тәжірибе кеңестік кезде де болды ғой. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында тегін оқығандар сондай мамандық аса керек өңірлерге жолдамамен жіберілетін. Екі жыл еңбек етуге тиіс-ті. Ешкім ренжімейтін. Өйткені, әр жас мемлекет есебінен білім алғандығын біледі. Ендеше, қарымтасын қайтару шарт. Ал, бүгін ше? Ақы төлеп оқыған соң қайда барса да өз еркі. Дипломы бойынша тапқан жұмысының жалақысы аз болса, табысы жоғары өзге қызметтің тұтқасын ұстайды. Мәселен, мектептерде шет тілінен дәріс беретін мұғалім жетіспеуі мүмкін. Ал, ағылшынша немесе французша сайрап тұрған жас маман шетелдік компанияның есігін қағады. Алған білімін өзінен кейінгілерге үйретуге ұмтылмайды. Оларды күшпен көндіре де алмайсың. Себебі, өзі ақысын төлеп оқыды, қайда барам десе де еркі. Енді мемлекет есебінен білім алған соң керекті жерге жұмсауға да болады.
Осы орайда еңбек нарығындағы жағдайға білім беру мекемелері де мониторинг жасап жүргені жөн. Расында да, қазір қандай мамандықтар қажеттірек? Сұраныс қай жағына басымдау? Міне, сол басшылыққа алынғаны абзал. Турасын айтқанда, оқу орындары үшін түлектерінің түгелімен таңдаған мамандығы бойынша қызметпен қамтылуы – үлкен мәртебе. Әрине, білім сапасы да аса қажет.
Жалпы, менің ойымша, болашаққа мықты мамандар дайындау да – дүниежүзілік дағдарысқа қарсы алынып жатқан нақты шаралардың бірі. Білімі күшті ел көштен қалмайды. Тығырықтан шығатын тура жолды қашан да табады. Мемлекет жастарға жан-жақты білім беруге барлық жағдайды туғызып отыр. Елбасы Жолдауында айтылғанындай, алдымыздағы жылдан бастап білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға өспек. Біраз қолдау емес пе? Ендеше, оған біздің қайтаратын жауабымыз – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Өйткені, келешек кілті – білімді жастарда.
Болат ҚОЖИЕВ,
Атырау ауыл шаруашылығы колледжінің
директоры, экономика ғылымдарының
кандидаты, ҚР білім беру саласының Құрметті қызметкері.