Жарнама
Саясат

ҚАЗАҚСТАННЫҢ «ҚАРА АЛТЫНЫ»

О баста Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Теңіз кенішінің мұнайын Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск портына жеткізу үшін құрылған. Сонау 2002 жылы іргелі жобаның бастапқы нысандары қатарға қосылғанда   оның бойымен 11 млн. 300 мың тонна мұнай айдалған-ды. Ал, былтыр бұл жетістік 35 млн. 200 мың тоннаға жетіпті. Қазіргі жаңа жобалар 38 млн. тонналық биіктікті алуға мүмкіндік береді. Бұл да мүмкіндік шегі емес. Кеңейту жобасы толық жүзеге асырылғанда құбыр қуаты одан әрі еселене түседі.

Салтанатты шараға жиналғандарды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан құттықтаған оның орынбасары Тимуржан Шәкімов КҚК компаниясының жемісті жұмыс жасауымен қатар, аймақта әлеуметтік мәселелерді шешуге де белсене араласып келе жатқандығын айтты. Жалпы, күллі еліміздегі тәрізді Атырауда да инвесторларға еш алаңсыз қызмет істеуге барлық жағдай туғызылған. Соған орай олардың да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп әрекет етіп жатқандығы қуантады. Оның үстіне, тың жобаларды жүзеге асыру барысында жаңа жұмыс орындары ашылды, бюджетке қосымша кіріс түсті. Осы орайда бір топ адамға облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Жалпы, биыл қос нысанның мәреге жетуі Қазақстан мұнай құбырының 80 жылдығымен тұспа-тұс келді. Сонау 1935 жылы Гурьевтен Орск қаласына тартылған құбыр қазақ мұнайының сыртқа тасымалдануының бастапқы баспалдағы еді. Содан бері Қазақстанның «қара алтыны» экспортқа көптеп шығарыла бастады. «КазТрансОйл» акционерлік қоғамы бас директорының даму жөніндегі орынбасары Болат Закиров бір топ еңбек ардагері мен компания қызметкерлерін Энергетика министрлігінің Естелік медальдарымен марапаттады. Олардың қатарында Қанатбек Жумин, Мұрат Тәренов, Мейрам Ахметжанов, Меллят Қарабалин, Серікқали Мұрынов, Виктор Сутягин және Сәрсембай Мұрынов бар.  

Кеңейту жобасының І кезеңі бойынша Қазақстанда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаған мұнай айдау стансалары мен құбырлар жөніндегі үйлестіруші Талғат Оқасовтың айтуынша, магистральды мұнай құбыры бойында ұзындығы 88 шақырымдық жаңа учаске салынған. Жоғары кернеулі бірнеше электр желісі мен қондырғылары жаңартылған. «Атырау» және «Теңіз» мұнай айдау стансалары қайта жабдықталған. Тапсырыс берушілер мен мердігер компаниялар арасында қалыптасқан түсіністік нәтижесінде жоспарлы жұмыс мерзімінде аяқталған. Бұл ретте өндіріс қауіпсіздігі мен қоршаған ортаның тазалығына ерекше мән берілген.

Негізі, КҚК – бірнеше акционерлік қоғам топтасқан құрылым. О бастағы құрылыс жұмыстары да, кейінгі кеңейту шаралары да солардың қаржысына салынды және мүддесіне сай келді. Сондықтан, акционерлер атынан сөз алған «АК Транснефть» ААҚ-ы президентінің орынбасары Николай Савин мен «Шеврон» компаниясының сыртқы байланыстар жөніндегі аға кеңесшісі Сергей Тулинов біткен іске разылықтарын білдірді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, жұмыс барысында талай күрмеулі мәселе туындағанымен, түптеп келгенде, баршаға тиімді шешім алыныпты.

Ресей елінің өкілі,  КҚК компаниясының өзара әрекет жөніндегі менеджері Кирстен Брикстон қай шаруаның да басталуы мен аяқталуы өте жауапты кезеңдер саналатындығын айтты.

Каспий құбыр консорциумының Бас директоры Николай Брунич барлық мамандарды кезекті еңбек жеңісімен құттықтай отырып, босаңсымауды тапсырды. Өйткені, Кеңейту жобасы толық мәреге жететін күн де жақын. Ол алдымыздағы жылы аяқталуы тиіс. Сол кезде Қазақстан мұнайының әлемге таралу мүмкіндігі де артады. Қашаған кенішінің қатарға қосылуы күтілуде. Бүгінде әлемдік нарықта «қара алтын» құны кеміп тұрғанымен, көмірсутегі шикізатына сұраныс болады. Демек, құбыр құрылысына және оны кеңейтуге жұмсалған қаражат қайтарымды. Акционерлер соған сенімді.

Ал, КҚК компаниясының Кеңейту жобасы аймаққа не береді? Әрине, өндірісті көрсеткіштер артады. Ал, әлеуметтік тұрғыдан не ұтамыз? Көпшілік көңіліндегі осы сауалдың жауабын «КҚК-К» акционерлік қоғамының Аймақтық менеджері Сәрсембай Мұрыновтан білдік. Журналистермен жүздесуінде лауазым иесі «Атырау» және «Теңіз» мұнай айдау стансалары қатарға қосылуы нәтижесінде облыстық бюджеттің үстіміздегі жылы қосымша 612 млн. 385 мың теңге алатындығын айтты.

Жалпы, Кеңейту жобасын жүзеге асыру барысында 350 тұрақты жұмыс орны ашылады. Яғни, 135 маман компанияға қабылданса, 215 адам техникалық қамтумен шұғылданатын мердігер мекемелер сапынан табылмақ. Ал, тұтастай алғанда КҚК нысандарына 850 жұмысшы тартылады.

… Міне, салтанатты шара да мәреге жақындады. «Атырау» және «Теңіз» мұнай айдау стансаларының басшылары Мақсот Мұратов пен Асқар Тәжіғұлов және сонау Новороссийскідегі басқару орталығының жетекші диспетчері Нариман Қасымов телекөпір арқылы «Ренессанс» мейманханасының мәжіліс залында отырған КҚК басшылығына жаңа жабдықтарды жұмысқа қосуға, яғни өздерінің мұнай қабылдауға дайын екендіктерін мәлім етті. КҚК компаниясының Бас директоры Николай Брунич қайта жарақтандырылған стансаларды іске қосуға рұқсат берді. Теңіз мұнайы Кеңейту жобасы бойынша салынған жаңа құбырмен Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск портына бет алды. 

Енді өз тарапымыздан Каспий құбыр консорциумының мәні мен маңызына тоқталып көрелікші. Алдымен, ол Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі күшейтеді. Қазір жобаға осы қос мемлекеттің компаниялары қатысуда. Әлемдік су көздеріне шығу мүмкіндігі жоқ Қазақстан Ресей арқылы ел мұнайын әлемнің әр түкпіріне таратады. Сайып келгенде, бұл жобадан екі ел де пайда табады.

Одан әрі, о баста Теңіз-Новороссийск құбыры бастапқы өткізгіштік қабілетін 2,5 есе арттыру мүмкіндігімен жоспарланған-ды. Кеңейту жобасы толық мәреге жеткенде құбыр бойымен жылына 67 млн. «қара алтын» айдалмақ. Жалпы құны 5,4 млрд. АҚШ доллары болатын жоба барысында бірнеше мұнай айдау стансасы мен қосымша нысандар тұрғызылады. Жоба акционерлерге үлкен экономикалық тиімділік әкеледі. Яғни, жылына екі миллиардтан астам АҚШ доллары алынады деп күтілуде.

Ақырында, КҚК компаниясының Атырауда жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалары орасан. Қарттарды қамқорлау мен балалардың демалысын ұйымдастыру, денсаулық сақтау мен білім беру нысандарын салу, т.б. жұмыстар ешқашан назардан тыс қалмаған.

Міне, әр жобаның әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан пайдасы туралы осыны айтар едік.

        Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button