ЕСКІ КЕНІШТЕРДІҢ ЕКІНШІ МҮМКІНДІГІ

Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қабылдауында болған «Petrofac» компаниясының аға вице-президенті Джон Андерсен мен Ресей жағынан бас директоры Маврикий Калугин көне кеніштерде қабат қайтарымын арттыру мәселесімен бөлісті.
Сонау Аляскадан ат арытып жеткен мамандар Доссор мұнай-газ өндіру басқармасының бірнеше кен орындарын зерттеп үлгеріпті. Олардың дені әбден ескіргендігін, қазіргі қолданылып жүрген геологиялық тәсілдер жеткілікті нәтиже бермейтіндігін айтады. Демек, әлемдік тәжірибеде өзін ақтаған озық әдіс керек. Осы орайда шетелдік мамандар кен қабатына полимер айдау арқылы өнім өндіру көлемін арттыруды ұсынады. Олардың айтуынша, мұндай тың тәсіл әлемнің бірнеше елінде қолданысқа енгізілген. Енді соны Атыраудағы көне кеніштерге де қолданып көрсе қайтеді? Міне, жүздесу барысындағы әңгіменің түйіні осы болды.

Облыс әкімі шетелдіктер ұсынған жаңалыққа қызығушылық танытты. Осы саланы жете білетін маман ретінде аймақ басшысы нақты сауалдарын жолдап, жаңа әдістің бізде пайдалану тиімділігін таразылады. Оны жергілікті мамандармен бірлесіп жете зерттеп, қолданысқа енгізу жайын ойластыруды тапсырды.

М. ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз