ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ
ТӨРТ ТҮЛІКТЕ ТҮГЕЛ ӨСІМ БАР
— Максим Шафихұлы, аудан өнеркәсіпті саналғанымен, кезінде мұнда қабырғалы төрт кеңшар болды. Олардың бірі орденді де аталған.
— Айтуыңыз орынды, аудан халқының сұранысын кезінде осындағы төрт кеңшар толығымен өтеп отырған-ды. Соның ішінде орденді «Коммунизм таңы» кеңшарының аты күллі республикаға мәлім болатын. Оның бер жағында заман талабына сай жекешелендіру науқаны басталды. Әркім өзіне тиесілі үлесін алды. Тіпті әр төбенің басына қос тігіп алғандар да болды. Солардың көбі қазір бірігіп те жатыр. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген емес пе? Ендеше, топтасып тірлік істегеннің пайдалы екендігін бәрі де түсініп келеді.
Қазір ауданда «Жаңа таң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және 250 шаруа қожалығы ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Биылғы бірінші қарашадағы есеппен бұл салада 2,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліпті. Демек, соңғы үш жылда 19 пайызға өсіп отыр. Қазір 18048 мүйізді ірі қара, 67034 қой-ешкі, 8571 түйе, 7337 жылқы мен 39101 құс өсірілуде. Тіпті де аз емес.
Әйтсе де, мәселе – олардың санында емес, сапасында. Қағаз жүзінде талай шаруашылықтың тізімін шығарып қоюға болады. Бірақ, солардың халыққа тигізіп отырған нақты пайдасы қандай? Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде 3511 тонна ет, 4891 тонна сүт пен 7 млн. 132 мың дана жұмыртқа өндірілді. Соның бәрі жергілікті тұтынушыларға жөнелтілді.
Малдың өнімі малдан шығады. Ендеше, оның басын өз төлі есебінен көбейту, сөйтіп төрт түлікті түгел өргізу – бүгінгі басты талаптардың бірі. Қазір «Жаңа таң» және «Достан ата» шаруашылықтары мал басын асылдандырумен шұғылданып келеді. Мәселен, «Жаңа таңда» 401 асыл тұқымды түйе бар. Сонымен қатар, 6537 қаракөл қойы бағылуда. Ал, «Достан ата» шаруашылығында 3686 еділбай қойы өсірілуде. Қазір «Ащысай» шаруашылығы қой малын асылдандыру бағытында ғылыми зерттеу институтының кеңесімен аталық малды әкелу ісімен шұғылдануда. Таяу келешекте оның да жемісін көретін боламыз.
Сайып келгенде, ауыл шаруашылығының дамуы – оған мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған кең көлемдегі қолдаудың нәтижесі. Қожалықтар лизингілік әдіспен алынған жаңа техникалармен толығуда, тиісті субсидияларға ие болуда. Тек соңғы жылдары ғана «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы бірнеше жаңа техника алынды. Ендеше, шаруагерлер қазіргіден де қарқынды еңбек етпек.
Сайып келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту – халықты жергілікті өнімдермен жеткілікті қамтамасыз ету. Яғни, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға да септігін тигізеді. Бұл мақсатта 33 шаруа қожалығымен және 17 ірі сауда орындарымен меморандум жасалды. Оған 12 наубайхана иесі қосылды. Жыл басынан бері ұйымдастырылған 46 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де баға тұрақтандыруға игі септігін тигізді.
Шабындықтарды суландыру бағытында да біраз жұмыс жасалды. Былтырғы күзден бастап Жем суын тиімді пайдалану үшін аудандағы ірі мекемелердің күшімен бөгеттер тұрғызылып, каналдар аршылды. Құрсай өзегі тереңдетілді. Биыл Жем суы тасымай қалғанымен, атқарылған шаралардың нәтижесінде Қамыскөлге де, шабындықтарға да су шығарылды. Ең бастысы – Құрсай мен Құржем өзектерінің бойына шлюз орнату мәселесі шешілді. Бұл бастаманы облыс әкімі қолдап, бюджеттен қаражат бөлінді. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталуда.
БАЛАБАҚШАЛАР САНЫ АРТАДЫ
— Қалада әлеуметтік нысандардың салыну жайы қалай?
— Биылғы өткен мерзімде құрылыс жұмыстарының көлемі 34 млрд. 205 млн. теңгені құрады. Яғни, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,1 есеге артты. Аудан тұрғындары өз қаржысына жалпы көлемі 51912 шаршы метрлік 258 тұрғын үйді пайдалануға берді.
Бұдан басқа біраз әлеуметтік нысан қолға алынды. Мәселен, биыл ауысымына 250 келушіні қабылдайтын емхана, 280 орындық балабақша мен 624 шәкірттік мектеп қатарға қосылмақшы. Сонымен қатар, Құлсары қаласының кешенді жоспарына сәйкес әрқайсысы 280 бүлдіршінге арналған екі балабақша құрылысы жоспарланып тұр.
Жоғарыда айтылған 624 орындық орта мектеп қатарға қосылған соң №20 мектептің оқушылары соған жіберіледі де, оның орнына 140 бүлдіршіндік жаңа балабақша ашылады. Міне, сонда қалада балабақшалар қатары күрт артқалы отыр. Бұл кезектегі сәбилердің санын әжептәуір азайтады.
«Мұнайшылар» ықшам ауданындағы үш қабатты 60 пәтерлік бес үйдің құрылысын жүргізу бағытында шаралар алынуда. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттар жасақталуда.
Құлсары қаласының 2013-2015 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасына орай автокөлік жолдарын күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттары жасақталды. Биыл екі шақырымдық жолды жөндеу қолға алынды.
Қазір Құлсары-Шоқпартоғай, Құлсары-Қосшағыл және Құлсары-Ақкиізтоғай автокөлік жолдарын күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, Өңірлік даму министрлігіне жолданды. Тұрғызба елді мекенінің кіреберісіне дейінгі тас жолды күрделі жөндеу алдымыздағы жылы толық аяқталады.
КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕҢ ӨРІС
— Өнеркәсіпті өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға да мүмкіндіктер мол емес пе?
— Биылғы 1 қарашадағы есеппен шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 39,3 млн. теңге игерілді. Оның ішінде несиелердің пайыздық ставкасын субсидиялауға, қайтарымсыз грант беруге, адамдарды кәсіпкерлікке оқытуға, т.б. бөлінген қаражат бар.
Бүгінде ауданда 6401 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркелген. Бұларда 9701 адам еңбек етеді. Осы бизнес субъектілерінен бюджетке 2,5 млрд. теңге салық түсті. Бұл көрсеткіш тұтас аудан бюджетінің 35 пайызын құрайды. Аз демес едім. Бірақ бизнес құрылымдарының санын одан әрі көбейту жолында жұмыстанудамыз.
Қазір ауданда екі базар, төрт ірі сауда үйі, «Атаба» супермаркеті, «Лидер» халық дүкені, жеті көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма, 11 қонақ үй, 28 мейрамхана, 13 наубайхана, т.б. кәсіпкерлік нысандары бар. Биылғы он айдың өзінде тағы да 20 бизнес субъектісі қатарға қосылды. Соның нәтижесінде 55 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Атырау шағын несиелеу орталығы» қоғамдық қоры арқылы 12 пайыздық үстемемен 607 бизнес иесі 93,7 млн. теңге несие алды. Бұл олардың кәсібін одан әрі жалғастыруына мүмкіндік берді. Өзге де мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау ұйымдастырылуда.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес бірнеше ірі өндіріс ошақтары қатарға қосылды. Қазір «Металл Продукт» ЖШС жылына 30 мың тонна өнім шығарып жатыр. «Атырау-Сауда» мекемесінің құс фабрикасында 36859 тауық өсірілуде. Олардан биылғы 1 қарашаға дейін 6 млн. 786 мың жұмыртқа алынды. Кәсіпорын басшылығы алдымыздағы жылы бұл бағыттағы жұмысын одан әрі дамытпақшы. «Достан ата» шаруа қожалығының 108 тонна шұжық өндіретін цехы өнімнің тоғыз түрін шығаруда. «Бірлік» шаруашылығында жылдық қуаты 30 тонналық көкөніс пен бау-бақша өнімдерін өндіретін нысан пайдалануға берілді.
Қорыта айтқанда, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы қалыпты жағдайда. Өткен мерзімде білім беру, денсаулық сақтау, құқықтық қорғау, жұмыспен қамту, дене шынықтыру, діни ахуалды сауықтыру, т.б. бағыттарда үлкен істер тындырылды.