КӘСІПТІК БІЛІМНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
Осыны айтқан Елбасы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Таяудағы 2-3 жылда дуальдық, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек» деп мәселенің арқауын тарқатып айтып еді. Нақты міндет бар да, оны жүзеге асыруда оңды нәтиже тағы бар.
Аудандық мәдениет үйінде өткен кезекті шараға қатысқан ұстаздар мен ата-аналар Құлсары гуманитарлық-техникалық колледжінен 174 түлек қанат қаққанына, оның 114-і білім ордасының сырттай бөлімін бітіріп, 60-ы күндізгі бөлімді аяқтағанына куә бола отырып, мемлекет алдындағы тағы бір маңызды міндеттің орайлы орындалысын сезінгендей күй кешкен болар, сірә! Мамандықтары бойынша жарасымды киім үлгілерін киіп келген барлық студенттер де рәсімде іштей толқынысты күй кешкен еді. Колледж директоры Мәдина Әбдіғалиева түлектерге сәт сапар тілеп, олардың әрқайсысына салтанатты жағдайда диплом табыс етті және Үздік диплом иесі атанған 16 түлекті марапаттады.
Шараның кезекті сатысында сөз кезегі түлектерге тиіп, «Есеп және аудит» мамандығын алған Айдар Күзембаев және «Құқықтану» мамандығы бойынша болашақ заңгер-кеңесші Мира Төлеуішова өздерінің ұстаздардың үмітін ақтап, болашақта ел сеніміне лайық маман болатындықтарын айтты. Бұдан кейін ата-аналар мен зейнеткер ұстаздар жастарға ақ жол тілеп, ақ баталарын берді.
Рәсім соңы түлектердің ән-билерімен әсем көрініс тауып, мерейлі мерекелік шараға ұласты.
Гүлзия Закарияқызы,
колледж директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Жылыой ауданы.