ТҰРАҚТАНДЫРУДЫҢ ҮШ ҚАҒИДАСЫ

Президентіміз бұл жолғы Жолдауында бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп, әлемдік экономиканың құлдырауы нәтижесінде еліміздің негізгі экспорттық тауарлар бағасының төмендеп, ішкі нарыққа кері әсерін тигізіп отырған жағдайда дамыған 30 елдің қатарына жету жолдарын айқындап берді.

 

Елбасы өз Жолдауында «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы, «Қазақстан – 2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, 5 институционалды реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында уақыт талабына бейімделген бағдар арқылы бүгінгі мемлекет басына төніп тұрған экономикалық дағдарыстан сүрінбей шығу үшін негізгі үш қағиданы атап өтті. Осы өсу, реформалар  және даму жолымен алға ұмтылуымыз қажет.

Қаржы жүйесін тұрақтандыру. Ұлттық валютамыз теңгенің еркін ауыстыру бағамына көшуі, экономиканы долларсыздандыру, банк жүйесіндегі жұмыс істемейтін несие портфелін айқындау, турболенттік қаржылық жүйеде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Базель жүйесін енгізуді қарастыру қажет.

Бюджет саясатын оңтайландыру.  Бұл – қаражатты үнемдеу, салық жүйесін реформалау, сондай-ақ, мүлікті жариялау және заңдастыру арқылы жүзеге асады.

Жаңа инвестициялық саясат. Экономикаға инвестиция тарту мәселесін жүйелі жолға қою қажеттілігі туындап отыр. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру және бәсекелестікті өрістетуді де дамытқан дұрыс. Сонымен қатар, мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіруге отандық және шетелдік инвесторларды тарту, «Астана»  халықаралық қаржы орталығын құру да – бүгінгі маңызды міндеттердің бірі.

Жаңа әлеуметтік саясат. Президент өз Жолдауында әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, медицина, білім беру қызметкерлерінің еңбекақыларын орта есеппен 29 пайызға өсіру, зейнетақы мен жәрдемақыны құнсыздануға байланысты индекстеу, сондай-ақ, халықтың аз қамтылған бөлігін әлеуметтік қолдау бағытында одан әрі көмек көрсетіле беретінін атап айтты.

Ендеше, Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға әрбір қазақстандық атсалысуы тиіс. Әр азамат еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, белсене еңбек етуі қажет.

Нұрбол  ҚҰРМАН,

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ

Атырау облыстық

филиалының директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз