Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы тиянақты түсіндірілді
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі облыстық және қалалық штаб өкілдері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының ұжымымен кездесті. Топ мүшелері А.Абдолов, А.Нәутиев, Г.Мұхатаева, Е.Юсупов, С.Сапанов, М.Хайруллиев жиналғандарға кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі міндеттері туралы айтып берді.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының тұтас блогы халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге арналған. Мәселен, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жаңа ауқымды бастамасын іске асыруды бастау, «Қазақстан халқы» қоғамдық қорына «Самұрық-Қазына» қорының таза кірісінің кемінде 7 пайызын жыл сайын аудару, уақытша жұмыссыз азаматтарды қолдау жүйесін күшейту, жұмыссыздықтан сақтандыру жүйесін енгізу, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін табыстың 45%-ына дейін арттыру ұсынылуда. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңның қабылдануы қарызы бар азаматтардың шамадан тыс қарыз ауыртпалығынан құтылуына мүмкіндік береді. Бұл шаралардың барлығы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ұлт әлеуетін дамытуға бағытталған инвестиция», — деді штаб мүшесі Әлібек Нәутиев.
Штаб өкілдері мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырудың, оның ішінде цифрландырудың маңыздылығына да тоқталды. Штаб мүшелері мемклекеттік корпорация ұжымының алдында сөйлеген сөзінде: «Бүгінгі таңда бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда, сіздер де осы үрдіске өз қызметтеріңіз арқылы үлес қосудасыздар», — деп атап өтті.
Кездесу соңында кандидаттың сенімді өкілдері қатысушыларды алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырды.