ҚАЛЫПТАСУ ОҢАЙ БОЛҒАН ЖОҚ
Жұмыс барысында ұдайы жаңа сұрақтар жиі-жиі туындап жататын. Бұл істе аудандардағы мәслихаттарға ең алдымен облыстық мәслихат аппаратының қызметі басты үлгі болды. Жаңа сайлаудан кейін облыстық мәслихаттың жаңа хатшысы бұрынғы балық ұжымдық шаруашылықтарының бірінің төрағасы болып қызмет істеп жүрген (бұл күнде Парламент Сенатының депутаты) Қайрат Ищанов, ал одан соң сәл кейінірек Атырау педагогикалық университетінің ректоры қызметінде болған, республикаға белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет Табылдиев және облыстық мәслихат аппаратының басшысы, Кеңес Үкіметі жылдарында облыстық партия комитетінің ұйымдастыру партиялық жұмыстары бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істеген Қабази Құбашевтың еңбегі елеулі болды.
Мәслихаттар қызметін «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» жаңа Заңының талаптарына cай өз ретімен жүргізіп жатты. Облыстық мәслихаттың сессияларына ұсынылған әрбір мәселені талқылау және олар бойынша тиісті шешімдер қабылдау бұрынғы Кеңес Үкіметі жылдарындағыға қарағанда әлдеқайда өзгеше, мүлде жаңа сипатқа ие болған-ды. Сессия жиындарында әсіре жалаң сөзуарлыққа салынатын баяғы даурықпа «шешендік» дәстүр атымен жойылған. Аймақ бойынша нақты орындалуы қажет деп саналатын ең көкейтесті, маңызды мәселелер бойынша нақты бағдарламалар қабылданып, оларға жұмсалатын қаражат көлемі белгіленіп, аса өзекті, мейлінше кең ауқымды деген жайлар өз кезегімен жүзеге асырыла бастады. Соның арқасында мәслихаттардың да беделі бірден-бірге арта түсті. Тіпті, бірде ол өзінің заңды құқын пайдаланып, «азуын» да көрсете алғаны әлі күнге дейін біздің есімізде.
Бұл үкіметтің жергілікті аймақтар бойынша түскен салық түсімдерін орталыққа аударылуға тиісті қажет мөлшерінен артық «алып кету» жағдайларының жиі орын алуы үйреншікті жағдайға айналған кез еді. Облыстық мәслихаттың кезекті бір сессиясында осы жай үлкен сөз болды. Сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов депутаттар алдында мән-жайды барынша жете түсіндірген-ді. Алайда, мәслихат депутаттары осы жолы ерекше бірауыздылық пен ұйысқан табандылық танытып отырып алды. Соның арқасында облыс көлемінде атқарылатын маңызды шаралар үшін аса қажет болатын мол қаражат көлемі облыстың өзінде қалды. Мұндай ерек өткірлік бұрынғы кездерде мүлде болып көрмеген тосын жай еді. Шындығында, бұл қаражат облыс үшін де аса қажет еді. Сол кезге дейін Атырау қаласының баяғы жадағайлау күйдегі жұпыны көрінісінен әлі де толық арыла қоймаған кезі-тін. Депутаттардың әлгідей бірбеттілігі, шын мәнісінде, облыс әкімінің де қызметіне үлкен қолдау, зор дем берумен бірдей болғаны кәміл. Сөйтіп, алып қалынған қаражатты облыстың аса қажет болған тиісті мақсаттарына біліктілікпен жұмсалынуына жол ашылды.
Мұны мынадан да көруге болатын. Тек алты айдың ішінде Атырау қаласы жаңа, өзгеше түрге ие болып, бірден түлеп сала бергенін бүкіл ел көрді. Қаншама жылдар бойы бүкіл Атырау бойынша Жайық өзенінің жалғыз ғана өткелі қызметін атқарып келген, соның салдарынан да әбден кенеуі кете бастаған жалғыз көпір қайта жөндеуден өтті. Тұрғындар қалашығы мен Жеңіс паркі аралығын жалғайтын жаңа жаяу жүргіншілер көпірі пайда болды. Жетпіс жыл бойына жоғалған дініміз бен ділімізді қайта қалпына келтіру мақсатында нақты жұмыстар қолға алынып, қаланың ең көрнекті әрі, ең қолайлы орны болып саналған Қ.Сәтбаев атындағы даңғылдың бойынан Исатай мен Махамбет алаңы салынды және жаңа мешіт үйі бой көтерді. Жүзеге асқан игілікті істер бұлар ғана емес-ті.
Біз, екінші сайланған аудандық мәслихаттардың жаңа хатшылары, барлық істі, үлгілі жұмыс тәсілдерін әр уақытта да ең алдымен облыстық мәслихаттың өз өнегесінен көріп, үйреніп отырдық. Шынын айтқанда, ол біздің кәдімгідей алғашқы мектебіміздің рөлін атқарған еді. Бұған біздің сол кездегі облыстық мәслихаттың әр тоқсан сайынғы өтетін сессия жиындарына үнемі шақырылып отыруымыздың да өте зор мәні болғанын айтпасқа болмайды. Біз әр сессия жұмысына келген сайын алдымен облыстық мәслихат аппараты басшысының кабинетіне жиналып, республика көлеміндегі бірқатар мәслихаттар өмірінде болып жатқан барлық игі жаңалықтармен, жұмыс барысымен дер кезінде танысып, біліп отырдық. Ара-тұра аудандардан келген мәслихат хатшылары болып, өз тәжірибелерімізді де бөлісетінбіз. Сол шақта Алматы қаласынан шығып тұрған «Мәслихат» журналында да аппарат қызметкерлері үшін пайдасы зор материалдар жиі жарияланып тұрды. Осылайша біз облыстағы әр сессияның ұйымдастырылуын, өту барысын, сессия төрағасының рөлін және сессия жұмысына алдын ала дайындалған әрбір материалдың жобаларын өз көзімізбен көріп, санамызға сіңіріп, өзімізге ұнаған барлық игі жақсы дәстүрлерді үйрене берген едік.
Бұл кезде облыстың бірыңғай тек ауыл шаруашылығымен ғана шұғылданып келген ең шалғай, шет ауданы — Қызылқоға үшін де біраз қиындықтарды бастан кешіріп, мейлінше ізденімпаздықпен жұмыс істеуімізге тура келді. Бір кездерде облыс бойынша Қызыл тулы Қызылқоға атанған ауданның осы кезге дейінгі экономикасының негізгі бірден-бір көзі болып келген шаруашылықтары бұл кезде түгелге жуық таратылып кеткен-ді. Пайдаға асарлық ірі-ірі нысандардың да көпшілігі жекешелендіріліп, әркімнің меншігіне айналды. Аудан бойынша тек білім беру, мәдениет және басқару органдары болып табылатын санаулы мекемелер ғана мемлекеттік бюджеттің есебінен қаржыландырылатын болып шағындалып қалған кезі еді. Қысқасы, енді бұдан былай ауданды өмірдің жаңа талаптарына сәйкес дамытудың соны перспективаларын іздеп тауып, іскерлікпен жұмыс ұйымдастыру қажет болды. Осы кезде ауданымыздың Жамансор аймағынан мұнай өндіретін жаңа кәсіпорынның пайда болып, жұмыс істей бастауы аудан экономикасының екінші тынысын ашып жіберуге зор септігін тигізді. Аудан әкімшілігі мен аудандық мәслихаты ендігі жерде халықты жұмыспен қамту ісін жақсарту шараларына басты көңіл бөлу, жұмыссыз жастарды жаңа мұнайшылық кәсіпке баулу, кәсіпкерлікті дамыту мен тәрбие беру ісін жетілдіру жағдайларымен де жіті шұғылдана бастады. Осы мақсатта аудандық мәслихаттың қабылдаған жоспарларына сәйкес сессияларда бірнеше арнайы бағдарламалар қабылданып, келелі шаралар іске асырылды.
Сол кездегі аудандық мәслихат және оның депутаттарымен бірлесе отырып жүзеге асырылған ауданымыздағы зор ұйымдасқан бірлік пен қызу еңбек өз нәтижелерін берді. Ауданның сенімді серік етіп алға басқан нық қадамы еш шатқаяқтаған жоқ. Соның арқасында 1999 жылы аудан бойынша мемлекетке төлеген салығы 350 миллион теңге шамасында ғана болса, ол 2004 жылы 430 миллион теңгеден асып, өзін-өзі қамтамасыз ету жағдайына жетті. Тек «Қайнармұнайгаз» басқармасы бойынша ғана 1999 жылы 101 159 тонна көлемінде сапалы мұнай өндіріліп, мемлекетке 91 102 тонна өнім тапсырылды. 2004 жылы бұл көрсеткіштің қай-қайсысынан да бірнеше есеге артуына қол жеткізілді. Яғни, 2004 жылы мұнай өндіру көлемі 468 860 тоннаға жетіп, өнім тапсыру көлемі 556 304 тоннаны құрады. Осының арқасында мемлекетке төленетін салық мөлшері де артты. Басқарманың өзі ғана 1999 жылы мемлекетке 29 миллион теңге шамасында салық төлесе, 2004 жылы бұл көрсеткіш 80 миллион теңге көлеміне жетті.
Иә, өткен осынау жиырма жылдың ішінде еліміз небір қиын-қыстаулы жолдардан өтіп, небір күрделі жеңістерге де қол жеткізген болса, бұл істе мәслихаттар мен олардың депутаттары қосқан үлес аз емес. Олардың ішінде бұрынғы өздері басқарып келген шаруашылықтарын басқалар секілді бірден ыдыратып жібермей, ұжымдық серіктестік негізде одан әрі жалғастыра білген Құлмағамбет Қоданов, өз шаруашылығын өндірістік кооперативке айналдырып, ұжымды табыс көзінен айырмай жұмыс ұйымдастыра алған Оңғар Жанықұлов, қол астынан бірнеше әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығарған Миялы спорт мектебінің директоры Мәлік Сүлейменов, Тайсойған орта мектебінің директоры Бақтыжан Берікқалиев және басқаларының да ерекше үлес қосқанын айтуға болады.
Қызылқоға ауданы бойынша кейінгі жылдарда да осы кезге дейін шешімі табылмай келген сан түрлі өзекті мәселелердің жүзеге асырылуына қол жеткізілді. Ауданға көгілдір газ желісі мен жерасты тұщы су көздері тартылды. Сағыз-Миялы арасын жалғастыратын қатқыл табанды асфальт жолы салынды. Жергілікті кәсіпкерлік қызметтеріне де жүйелі қамқорлық шаралары жүзеге асырылуда. Жаңа мектеп, жаңа емхана үйлері салынып, пайдалануға берілген. Елмен бірге есейіп, елдің де, жердің де барған сайын түлеп, көркейе түсуіне елеулі қызмет етіп келе жатқан бүгінгі мәслихаттардың шығар биіктері мен алар асулары әлі алда.