ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚТАН ҚАЙТСЕК АРЫЛАМЫЗ?
Расымен де, қағазбастылық күнделікті әр ісімізге тұсау болып бітті. Мәселен, ауырып емханаға, одан соң ауруханаға бара қалсаңыз, дәрігерлер науқасты тексеріп, диагноз қоймастан бұрын, қаптаған қағаздарды толтырып, үстелден бас көтермей жатады. Бітпейтін ұзын-сонар кезекті айтпағанда, қағаз толтырған дәрігерді күте-күте шыдамы таусылған науқастың көп жағдайда жеке емханаларға барып ем қабылдайтыны да сондықтан. Сол сияқты мектептерде де күнделікті жұмыс жоспарын жасақтап, әр сабақтың қалай өткізілгені туралы мәлімет жазып, тоқсан сайын есебін дайындауға асығып жүрген ұстаздарды көреміз. Қай ұстазбен тілдессек те, олар оқушыны оқытудан емес, қаптаған қағазға үңіліп, бітпейтін есеп берулерден шаршағандарын айтады.
Махамбет ауданына қарасты Сарытоғай ауылындағы К.Қалыбеков атындағы орта мектептің мұғалімі Шынар Нәсіпқалиқызы барлық уақытты қағаз толтырудың алатынын айтып қынжылады. «Мемлекет басшысы қағазбастылық мәселесін өткір сынап келеді. Ақпараттар ағыны, жаңалықтар әлемін жеңілдететін компьютерлік техника түрлері қарыштап дамып жатқанымен, қағазбастылық артпаса, азаймай тұр. Сондықтан, барлық сандық техника қолжетімді және мектептер осы құралдармен толық жабдықталса» дейді мұғалім. Расымен де, бір кездері қағазбастылықтан құтыламыз деп жаппай автоматтандыру қолға алынғанымен, қағазбастылық артпаса, кеміген жоқ.
Кәсіпкерлер де қағазбастылықтың салдарынан жоспарлы істерінің уақтылы жүзеге аспайтынына назалы. Бір құжатты алу үшін кемінде бес-алты құжат тапсырып, оны ұзақ уақыт сарыла күтуден де халық әбден шаршап бітті. Кейде сол ұзын-сонар қағазбастылықтың парақорлыққа әкеліп соғып жататын жайлары да бар. Мәселен, медициналық сараптамадан өтіп, анықтама қажет болған жағдайда кейбір пысықайлар тексерістен өтпей, жалған анықтама жасатып алып та жатады.
Осы орайда Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Бекеновтің пікірін білген едік. Депутат үкіметтік орындардағы, басқа да мекемелердегі қағазбастылықтың көп жағдайда жұмысқа тұсау болып отырғанын айтты. «Мысалы, ауыл мектебінен аудандық білім бөлімі, оның үстінен қалалық, облыстық білім басқармасы есеп-қисапты талап етеді. Ал, солардың бәрінің үстінен жасалған жұмыстың нәтижесін министрлік талап етіп отыр. Сөйтіп, жоғарыдан сұраған есептер төменгі жақтарға жұмыс жасатпай, сала қызметкерлерінің бар уақыты қағаз толтыруға кетеді.
Министрлік бойынша айтсақ, олардың да бар уақыты қағаздарды реттеуге кетіп жатыр. Қарап отырсақ, біз күнделікті жұмысқа қағаз толтыру үшін барады екенбіз» деген депутат дамыған елдерде мұндай жұмыстардың компьютерлік арнайы бағдарлама арқылы жүргізілетіндігін айтты. Депутаттың сөзінше, дамыған мемлекеттерде кез келген мекеме бір құжатқа бірнеше басшының қолын қойдырып, әбігерге түсіп жатпайды. Қажетті мәліметті дайындайды да, басшысына немесе мәлімет сұраған орынға электронды пошта арқылы жөнелтіп отырады екен.
Сол себепті мәжілісмен Елбасы ұсынған «электронды үкімет» порталының жұмысын одан әрі жандандыру керек деген пікірде. Расымен де, әлемнің оқ бойы озық дамыған отыз елінің құрамына енуді көздеп отырған мемлекетімізге қағазбастылықты қойып, ғылыми-техникалық, басқа да салалардағы жаңалықтарға ұмтылғаны тиімді ау…
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.