ИГІ БАСТАМА – ИГІЛІКТІ ІС
Мәселен, облыста жылына жарты миллион шаршы метрдің үстінде тұрғын үй пайдалануға беріліп келеді. Оның ішінде, соңғы үш жылда «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында 3 813 пәтерлік 76 тұрғын үй пайдалануға беріліп, бірнеше мыңдаған отбасы баспаналы болды.
Игі бастама биыл да жалғасын тауып, үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында 450 пәтерлік 5 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін жиырмадан астам үй тұрғындарын қабылдайды деп күтілуде. Бұл тағы да мыңнан астам отбасы көптен күткен қоныс тойын тойлайды деген сөз. Осы жерде бөле-жара айта кетерлігі, түрлі әлеуметтік топтарға арналған баспананың 100 пәтері балалар үйлерінің түлектеріне тапсырылып, жетім көкірек жүректер бір жасап қалды.
Соңғы жылдары «Алмагүл», «Нұрсая» ықшамаудандарының тұрғын үй құрылысының қарқынымен бірге, етене дамып келе жатқаны белгілі. Соңғы талаптар үлгісімен салынған «Салтанат сарайымен», әмбебап кітапханамен, мұз айдынымен, Назарбаев зияткерлік мектебімен толыққан «Нұрсая» заманауи үлгідегі шағын тұрғын ауданға айналды. Перзентхана, емхана, тұрмыс-тіршілікке қажетті көптеген әлеуметтік нысандар тұрғызылған «Алмагүл» мөлтекауданы да Атырау қаласының көрікті, ыңғайлы мекендерінің бірі саналады. Кезінде алмагүлдіктерді қинаған үлкен бір мәселе болды. Ол көп қабатты үйлердегі лифт, яғни жеделсаты мәселесі еді. Әсіресе, он алты қабатты үйлердің тұрғындары үшін күніне бір емес, бірнеше мәрте жоғарыдан төменге жаяу жүру, қиындық тудырып келген еді. Кішкене сәбилері бар аналар тіптен қиналатын. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы туралы айтпасақ та болады. Бір күн жұмыс істесе, екі-үш күн тұрып қалатын лифт осылайша алмагүлдіктерді әуре-сарсаңға салып қойған еді. Бүгінде бұл проблема да артта қалды.
«Алмагүл» мөлтекауданының тұрғыны Сая Сағынғалиқызы мен Нұргүл Саламатова өткен күндер туралы былай деп еске алады. «Біз 22-ші және №23 үйлердің тұрғындарымыз. Он алты қабатты үйдің 8-ші және 12-і қабаттарында тұрамыз. Үш баланың анасымыз. Шағынауданға көшіп келген бастапқы жылдары лифт жасап тұрды. Бұл 2010 жыл болатын. Арада бір жарым жылдай уақыт өткеннен кейін лифт әлсін-әлсін бұзылатынды шығарды. Сөйтіп, тұрғындар өзіміз жиналып, ақша жинап, лифтіні әлсін-әлсін жөндетіп жүрдік. Уақыт өте келе сапасыз лифтіні қайта-қайта жөндете беруге күшіміз келмей қалды. Ересектерден бұрын балаларға, қарт кісілерге қиын болды. Жоғары қабатқа емін-еркін көтеріле алмаған соң, шаруалардың да уақытылы тиянақталмайтыны белгілі. Осы қиындық туралы тұрғындар сол кезде облыс басшылығына енді келіп жатқан Бақтықожа Ізмұхамбетовке жеткізіп едік. Әкім өзі қолға алып, жасаттырды. Қазір үйіміз толықтай терможаңғыртудан өтті. Сәйкесінше, лифт ауыстырылды. Енді міне, үзіліссіз жасап тұр» деген пікірлесіміз «алға қарай аталған үйдің маңына балалар алаңы салынса екен» дейді.
Жас ана Жанат Жасжанова да лифт мәселесінің шешілгеніне қуанышты. Ол шағынаудандағы он алты қабаттан тұратын №20 үйдің тұрғыны. «Біз бұл ауданға осыдан жеті жыл бұрын көшіп келдік. Бастапқы жылдары лифтінің бірде жасап, бірде жасамауынан қиналып жүрдік. Әсіресе, балалармен базар, дүкенге шыққан уақытта сәбиімізбен бірге, затты көтеріп шығудың өзі үлкен күшті қажет ететін. Оның үстіне он төртінші қабатта тұрамыз. Адам болған соң күніне бірнеше мәрте далаға шығуға тура келеді. Кейде жоспарлаған жерімізден кешігіп жатамыз. Балаларды да таза ауаға жиірек шығара алмай қиналатынбыз. 2013 жылдың сәуіріне дейін біз осылай жаяу көтеріліп келдік. Бірақ, біздің үйге қызмет көрсететін ПИК жасамайтын лифт үшін, ақы алып келді. Кейін үйіміз терможаңғыртудан өтті. Енді міне, бұл проблемадан да құтылдық» дейді ол. Бұл пікірлесіміз де сөзін балалар алаңы, спорт алаңы салынса деген тілекпен аяқтады.
Рас, қазір бұл проблемалардың барлығы артта қалды. Бірақ, дәл осы сапасыз лифтінің ылаңы кісі өліміне дейін апарғанын ұмытуға болмайды. Бір жылдары қабаттардың арасында «ілініп» қалған лифтіде жас ана көз жұмған болатын. Сондықтан, осындай қайғылы жағдайларға дейін апарған күрделі проблеманың оңтайлы шешімін табуы алмагүлдіктер үшін үлкен жеңіс болғанын атап өтуіміз керек.
Сонау Грециядан басталған қаржы дағдарысы 2008 жылдан бері әлемдік экономиканы «екі өкпеден» қыспаққа алып келеді. ЕуроОдақ елдерін есеңгіреткен қаржы дағдарысы ғаламдық экономиканы күрделі сынақтардың күтіп тұрғанын көрсетіп отыр. Әйтсе де, Қазақ елі бизнесті қолдау, үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру арқылы, қоғамды жаппай жұмыссыздықтан сақтандырып келеді. Әлеуметтік төлемдер де тоқтатылған емес. Ел экономикасының локомотиві саналатын Атырау өңірі де қарқынды дамудан жаңылған жоқ. Бұл сөзімізге толассыз салынып жатқан бір ғана тұрғын үй құрылысы дәлел бола алады. Ендігі міндет – барды ұқсатып, тиімді пайдалану ғана.
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.
Әмірхан ҚҰРМАШЕВ,
«Алмагүл» мөлтекауданының көп қабатты
№17 үйінің тұрғыны:
Мен 11-ші қабатта тұрамын. Тұрғын ретінде лифт мәселесі бізді қатты алаңдататын. Әсіресе, сәбилері бар жас отбасыларға қиын еді. Үш-төрт баламен он алты қабатқа көтеріліп, түсудің өзі кәдімгідей қиындық тудыратын. Сондықтан, соңғы жылдары жеделсаты мәселесінің толықтай шешілуі – біз үшін үлкен жеңіс болды дей аламын. Ендігі жерде балалар ойнайтын алаңды үлкейтсе, көлікжай тұрағын кеңейтсе деген тілегіміз бар.
Түрлі әлеуметтік топтарға арналған 240 пәтерлік тұрғын үйдің алғашқысы тапсырылды. 240 пәтердің 100 пәтері балалар үйлерінің түлектеріне берілді.