Саясат

ХАНКЕЛДІ ӘБЖАНОВ: «Құрбандарды ақтау– Тəуелсіздігіміздің салтанаты”

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЖАРАСЫНЫҢ ЖАЗЫЛУЫ – КЕЗЕҢДІК ҚҰБЫЛЫС НЕМЕСЕ МАУСЫМДЫҚ ЖҰМЫС ЕМЕС. КЕШЕНДІ ЗЕРТТЕП-ЗЕРДЕЛЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ЖАБЫҚ ТАҚЫРЫПТЫҢ КӨБЕСІ СӨГІЛІП, ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫНА САЙ ҚҰРЫЛҒАН АРНАЙЫ КОМИССИЯЛАР ТҮРЛІ ДЕҢГЕЙДЕГІ ЖҰМЫСТАРДЫ ЖҮРГІЗІП ЖАТЫР. АТАУЛЫ АЙДАР АЯСЫНДА САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ТОЛЫҚ АҚТАУ ЖӨНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ, ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ ХАНКЕЛДІ ӘБЖАНОВПЕН АРНАЙЫ СҰХБАТТАСТЫҚ.

Ханкелді Махмудұлы, жазықсыз жалалы болған жандарды ақтау бағытындағы азды- көпті жұмыстар бұған дейін де жүргізіліп келеді. Президенттің былтырғы Жарлығы кең ауқымды жұмыстарға арқау болғаны белгілі…

– 2020 жылдың мамыр айынан бері Қазақстандағы қоғамдық- саяси өмірдің басты тақырыбы – қуғын-сүргін құрбандарын ақтау десек, еш қателігі жоқ шығар, сірə. Рас, бұл мəселе Кеңестер Одағында Сталин өмірден озғаннан бері қайта-қайта көтеріліп келеді. Тəуелсіздік жылдары тұсында жалғасын тапты. 1993 жылы республи- ка Президентінің Жарлығымен қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жалғасты, 1997 жыл «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» ретінде ұлттық тарихқа енді.

Енді мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың шешімімен кеңестік тоталитаризм тұсында жазықсыз жазаланғандарды толық ақтау күн тəртібіне қойылып отыр. Бірден айтайық, сауабы да, шарапаты да, болашағы да мол баста- ма. Діттеген мақсатына жетуіне тілектеспіз.

– Қуғын-сүргін аясында қай жылдарды қамтыған жөн? Осы тақырып та көп талқыланып жүр…

– Бұрын да айтқан едім, тағы да айтайын. Қазақстанда саяси қуғын-сүргін бодандық қамыты мойынға ілінген сəттен бастал- ды. Патша өкіметі XVIII ғасырда Сырым батыр көтерілісіне қарсы жұмсақ қысымды қолданса, ХІХ ғасырда Исатай-Махамбет, Кенесары-Наурызбай, Жанқожа батырлардың көтерілістерін аяусыз басып-жаншыды. Жетекшілері саяси тұрғыдан айыпталды.

Ал, 1916 жылғы азаттық көтерілісіне қарсы қолданған шаралар нағыз мемлекеттік террор əрі саяси қуғын-сүргін еді. Оны Ресейдің Мемлекеттік Думасы мойындады, əлем айыптады. Ұлы даладағы сол жылғы қасірет жайлы құжаттар күні бүгінге дейін жарық көріп келеді.

Қысқасы, Қазақстандағы қуғын- сүргін тарихын ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарымен шектемей, хронологиялық шегі 1731-1991 жылдарды алып жатқанын сая- си, теориялық, методологиялық мазмұндағы бағамен тиянақтап, отарлық жəне тоталитарлық дəуірлерге тəн жалпы сипаты мен ерекшеліктерін дəлме-дəл анықтағанымыз жөн. Мұнсыз тарих ақиқаты толық ашылмайды, құрбандар алдындағы қарызымыз

өтелмейді. Жалтақ тарихшының жартыкеш сөзі «Мəңгілік Ел» ұлттық идеямызға серік те бола алмайды.

– Демек қуғын-сүргін екі дəуірге ортақ па?..

– Иə. Егер қуғын-сүргіннің екі дəуірге ортақ жалпы сипатын бір ауыз сөзбен жеткізсек, Ресей тарапынан орын алған отарлық, идеологиялық, этникалық өктемдік пен əділетсіздіктің үш ғасырға жуық үздіксіз жалғасқанына басымдық беруіміз керек.

Басты ерекшелігі – патшалық Ресейде қуғын-сүргін бұратана халықтың, əсіресе қазақтың ұлттық мемлекеттілігі мен кодын жою мақсатында жүзеге асса, кеңестік дəуірде империядағы ұлт мəселесі бар болу мен жоқ болудың шешуші факторына айналғандықтан əрі оны ұлттық «мені» оянғандардың бəрі ұғынғандықтан, Мəскеу билігі ұлттардың өзін-өзі басқару идеясын шебер пайдала- нып, шын мағынасында ұлттық мемлекеттілікті де, ұлттық кодты да утопиялық-таптық теориямен жəне практикамен тұншықтырды. Бұл ілімнің құдіреті – сол замандағы кез-келген халықтың басым бөлігін құраушы кедейлер мен қаналғандардың одақтасуына септескені. Бұғаудан басқа жоғалтатын ешнəрсесі жоқтар қиялымен əлемдік революция жалынын лаулатып, капитализм- ге соқпастан социализмге бірден секіріп, құдаймен, жеке меншікпен феодал-кулактармен күресіп, сауатсыздықты еңсеріп, жеңімпазға айналғанына масаттанды.

Бұдан да сорақысы – шексіз билікті қолына шоғырландырған партиялық жəне күштік құрылымдар жер бетіне жұмақ орнатқанына көнгенді де, көнбегенді де сендіріп, сау адам- ды есінен тандыратын идеология- сымен қуғын-сүргінді объективті қажеттілік, революциялық заңдылық, бақыт жолындағы ұлы жеңіс ретінде көрсете білді.

– Тақырыпты талдаған тұста өміршең Алаш идеясынан аттап кете алмаймыз…

– Əрине, ол дұрыс. Ғасырларға созылған қуғын-сүргінге, əділетсіздік пен қиянатқа қазақ халқы көтерілістермен, ұлт-азаттық қозғалысымен жауап берді. Бұл жанталастың биік шыңы – Алаш қозғалысы.

Қазақстандағы билікке Филипп Голощекиннің келуі қуғын- сүргінді мейлінше күшейтіп, 20- шы жылдардың соңына қарай Алаш факторын қазақ қоғамынан ығыстырды. 1932 жылы жас алаштықтар Мұхтар Əуезов пен Əлімхан Ермековтің «өз кінəларын» газет арқылы ашық мойындауы, 1933 жылы Смағұл Сəдуақасовтың дүниеден озуы – шартты түрде алғанда, Ұлы даладағы ұлт-азаттық қозғалысының тоқтағанының нышаны. Осы шамада халық көтерілістері де жеңілді.

Бірақ азаттық идеясы, Алаш мұраты өлген жоқ еді. Жасампаздықпен өрілген қазақ қарсылығы 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Мемлекеттік тəуелсіздіктуралы»Конституциялық Заңның қабылдануымен ұлы межесіне жетті.

– Комиссия көздеген меже айқын. Оған жету жолында қандай жұмыстар атқарылуы керек, нендей мəселеге аса мəн берген жөн?

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүріп жатқан қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағдарламасы – тəуелсіздігіміздің салтанаты. Үдеден шығудың басты міндеттері, меніңше, мыналар:

Біріншіден, жабық қорлардағы архивтік құжаттар өте көп. 2022 жылы соларды құпиясыздандыру үшін түбегейлі бетбұрыс жасауымыз керек. Мұнсыз республикалық жəне өңірлік комиссиялардың жұмысы өнбейді. Ресейдің, Украинаның, Польшаның, Балтық бойы елдерінің тəжірибесін қаперге ала отырып, оның Қазақстан жолын табу – біздің борышымыз.

Екіншіден, толық ақтау – жазықсыз жапа шеккендердің тізімін жасаумен шектелмейді. 

«Біздің міндетіміз қуғын-сүргінге баға беру емес, құрбандарды ақтау ғана» деп жүрген тарихшылар бар. Ол – түбегейлі қате ұғым. Қуғын-сүргіннің генезисін, эволюциясын, құпиясын, басқа да толып жатқан болмыс-бітімін анықтамай, жалғыз тізіммен шектелу танымдық, теориялық- методологиялық, практикалық жартыкештікке ұрындырады.

Үшінші айтарым, қазірдің өзінде ақталуға жататын мыңдаған адамның аты-жөні, құжаттары анықталды. Осы мəліметтерді ақтау туралы шешім қабылдайтын құзыретті мекемелерге (сот, прокуратура, трибунал, т.б.) тапсыруды бастау керек. Олар 2022 жылғы 31 мамырға дейін анық-қанығына көздерін жеткізіп, Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстарын бергені жөн. 31 мамыр күні жыл сайын ақталғандар жайлы шешім жариялайтын дəстүрді орнықтыруымыз керек.

Төртінші тұжырым – қуғын- сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс органы əлі құрылған жоқ. 

Бұл іске Қазақстанның тарихи- ағарту «Əділет» қоғамын неге тартпасқа? Билік тарапынан қолдау тапса, қоғамдық бірлестік көп шаруа тындыра алатынын республика Ұлттық Ғылым Академиясының тəжірибесі көрсетіп отырған жоқ па?!

– Түйінді сөзіңізбен сұхбатты тəмамдасақ…

– Əруақтарды ардақтау – ежелгі салтымыз. Оның жөн-жосығы Күлтегін бабамыздың тастағы жазбасында да айтылған ғой. Азат елдің перзенттеріне бабалар аманатына адал болумен қатар, білім мен мінез де серік болғай!

– Əңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжан Әмірова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button