Қайыршақты ауылдық округі, Томарлы ауылындағы Мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан №267 сайлау учаскесіне дауыс беруге келгендердің бірі – Томарлы ауылындағы Фарит Аманғалиев көшесінің тұрғыны, мұнай саласының қызметкері Қайрат Бектенов, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
– Жергілікті әкімдерді сайлау – халықтың тұрмысы мен тағдырына әсер ететін нағыз әлеуметтік мәселе. Билік халыққа барынша жақын болуы керек деп есептеймін. Мемлекет ұстанатын саясат та осыған саяды. Олай дейтініміз, елдің саяси реформалары ашықтыққа, билік пен халық арасындағы диалогтың жақсара түсуіне бағытталғанын байқап жүрміз. Ал, жаңартылған заңға сәйкес сайлау кезіндегі бюллетеньдерге «барлығына қарсымын» деген бағанды қосу және биыл өтіп отырған ауыл әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі нормалардың енгізілуі көптің көңіліне зор сенім ұялатқандай өте дұрыс бастама болды деп ойлаймын.
Меніңше, сайлаудың көп болғаны дұрыс. Сонда таңдау да көп болады. Ал тағайындалғаннан гөрі сайланған әкімдердің көп нәрсеге көзқарасы басқаша болады. Халық өзі таңдағаннан кейін әкімдердің сайлауға дейінгі көпшілікке берген уәдесі мен арнайы бағдарламасын орындауға ықтималдылығы артады, сол ауыл тұрғындарына тікелей жұмыс істейді. Бұған дейін аудандық мәслихат сайлайтындықтан, ауыл әкімдері атқарған жұмыстарын мәслихат пен аудан басшылығы алдында көбірек есеп беруге мәжбүр болатын. Енді халық өзі сайлаған әкімінен барлық мәселені сұрай алады, талап ете алады. Ең бастысы, ауыл әкімдері ұйқысынан оянып, жоғары жақтан гөрі төменге көбірек қарайтын болады. Халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді деген ойдамын, – дейді сайлаушы.