ЭТНОСТАР ЭТНОНИМІ
«Біз бүгінде ескі ғылыми әдістемеден жаңа заманауи дәуірге өттік. Дегенмен, әзірге әрбір түсінік пен санаттарды әркім әрқалай түсініп жүр. Бұл тұрғыда кейбіреулер кеңестік әдістемені алға тартса, енді біреулер батыстық стандарттарға жүгінеді. Бұлардың екеуі де қазіргі қазақстандық қоғамға келе бермейді. Осы және басқа да себептерді ескере отырып, біз, яғни сөздіктің авторлар ұжымы, қазіргі қоғамның шынайы бет-бейнесін нақты көрсете алатын этносаяси терминдерді заманауи әдістемемен түсіндіруге тырыстық», — дейді «Этносаяси сөздік» жобасының ғылыми жетекшісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова.
Оның айтуынша, сөздікті жасауға филолог, әлеуметтанушы, тарихшы, саясаттанушы, заңгер сынды түрлі саладан онға жуық ғылым докторы қатысқан. «Түрлі мәселелерді әр қырынан қарауға тырыстық. Нәтижесінде, кітапқа 200 сөз қазақ тілінде, тағы 200 сөз орыс тілінде енгізіліп, жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, сөздікке еліміздегі барлық этностар туралы қысқаша анықтамалық енгізіліп, олардың саны, қайда тұратыны, тілі, діні туралы толық мәліметтер берілді», — дейді ғалым.
«ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің хабарлауынша,аталған еңбек гуманитарлық ғылым мамандарына, ғалымдар мен сарапшыларға, мемлекеттік қызметкерлерге және этносаралық қарым-қатынас саласына қызығушылық танытатын барлық оқырмандарға арналған.
Өз тілшіміз.