Жарнама
Саясат

Ешкім сырттан келіп бізді көркейтпейді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына бүгінгі Жолдауында әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асқандығына тоқтала келіп, Қазақстанның жаңа экономикалық модельге көшу керектігін атап айтты.

Жолдауда елдегі саяси реформалардың нәтижелері туралы да басым айтылды. Билік тармақтарының бөлінуі – демократияның белгісі. Дегенмен, әлі де шешім қабылдауды жетілдіру керек. Күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан өз ұстанымын сақтап отыр.

Сонымен қатар, Жолдауда қазіргі өзекті мәселелер: аймақтағы су тапшылығы, өзара байланыс, аймақтық қауіпсіздік, экономикалық тұрақтылық, экология мен демографиялық факторлар, сын көтермейтін отандық туризм мәселелері назардан тыс қалған жоқ.

Елімізде ішкі нарықты реттеу арқылы қымбатшылықты ауыздықтауға болады. Ол туралы Президент нақты тапсырмалар берді. Осы бағыттағы міндеттердің бірі – жаңа экономикалық модельге көшу. Бұл үшін экономикадағы протекционизм саясатын қолдану өте дұрыс деп санаймыз.

Ал, мемлекеттік сатып алу мәселесі ішкі нарықты сақтауға жұмыстануы керек. Мемлекеттің экономикаға әсерін азайту қажет. Бұл үшін Президенттің ұсынған жоспары – мемлекетке қайтарылған активтерді ашық жариялау маңызды.

Биылғы Жолдауда бірінші рет Ұлттық қауіпсіздік мәселесі мен әскери өнеркәсіпті дамыту қажеттілігі туындап отырғаны және оған басымдылық беретіндігі айтылды. Осы орайда әскери өндіріс пен қорғанысымызға жете көңіл бөлінетін болады. Ол біздің ойымызша, қазіргі қалыптасып отырған күрделі геосаяси жағдайдан туындап отыр.

Жаңа экономикалық модельге көше отырып, жаңа министрліктердің құрылуы да уақыт талабы. Үкімет пен Президент әкімшілігінің фунционалды өзгерістері де жаңа экономикалық модельге көшудің белгісі.

Қазақстан технологиялық бәсекеге қабілетті елге айналу керек. Ол үшін жаңа экономикалық саясаттың орныққаны жөн. Бюрократия мен қағазбастылықты  жою маңызды. Экономикада өнеркәсіпті дамыту мен өңдеу секторының артықшылықтарын жүзеге асыру тапсырылып, экономиканың әртараптандыру маңыздылығы баса айтылды.

Сонымен қатар  мұнай-газ саласында жаңа заводтар салу, агросекторды дамыту алдағы 3 жылға жоспарлап отыр. Ішкі нарықты дамыту үшін ірі корпорацияларды тарту керек. Шағын және орта шаруашылықтарды дамыту мен жеке шаруашылықтарды біріктіру мәселесі көтерілді. Бұл дегеніміз – ауыл шаруашылығын күрделі өзгерістер күтіп тұр деген сөз. Қазіргі жағдайда Қазақстанның дамуында ауыл шаруашылығының маңызы зор. Сәйкесінше агротехнологиялық паркті дамыту керек.

Өнеркәсіп пен білімнің ұштасуы да Президент Жолдауындағы басым бағыттардың бірі болды. Білім беру бағдарламаларын өнеркәсіптің дамуына бейімдеу мәселесі кеңінен көтерілді. Бұл аймақтық жоғары оқу орындарының алдына жаңа мақсаттар қойып отыр. Сапалы жобалардың маңыздылығы айтылып, Қазақстанның IT мемлекетке айналуы үшін университеттердің мамандар дайындау мен жасанды интелект дамыту қажеттігі алға қойылды. Ол үшін жоғары оқу орындары мен Қазақстандағы жетекші компаниялар бірлесіп, инвестиция тарту арқылы бірқатар жұмысты жүзеге асыруға әбден болады.

Келешегіміздің кемел болуы үшін осы айтылғандардың барлығын әр азамат өз міндетім деп қабылдап, жұмысты жауапкершілікпен жасағаны жөн. Өйткені, бізге не нәрсені болса да сырттан келіп ешкім жасап бермейді. Бүгін де, болашақ та өз қолымызда. Сондықтан, адал жүріп, нық басып, Президент айтқан әр міндетті орындауға қазірден бастап іске кіріскен ләзім.

Сайполла САПАНОВ,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор, саясаттанушы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button