ЕРТЕҢГІ КҮНГЕ ДЕГЕН СЕНІМ
Осы учаскеге халықаралық байқаушылар – германиялық Уприке Аннелоре Нойндорф, даниялық Эрик Нилсон таңғы алтыдан бастап келсе, Татарстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Надежда Борисова да өзімен бірге тағы бір топ байқаушымен ертелетіп жетті.
Расында да, халықтың белсенділігі жоғары деңгейде болды. ҚР Құрметті жер қойнауын барлаушысы Болат Өтебаев өзінің он екі жыл бойы геолог-барлаушы болып көшіп жүріп еңбек еткенін, 42 жыл жер қойнауын зерттегенін айта келіп: «Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кез. Жұмыс жасаймын деген жасқа жұмыс көп. Тек олардың өз таңдауы болуы керек. Мен еліміздегі халықтар достығын көріп, көзім тояды, — десе, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Марат Шырдабаев Қазақстанымыздың саяси-әлеуметтік тұрақтылық мекендеген құтты мекен екені, әр адам өз таңдауын дұрыс жасайтыны турасында кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ, депутат еліміздің оң жолмен, сәтті бағдарламалармен дамып жатқаны көпті жетекке ілестіре алатын көреген басшыға байланысты болатынын атап айтты.
Кешкі сағат 20.00-де аталған сайлау учаскесінің есігі жабылды. Учаске төрағасы Дариға Балтабекова байқаушылар, саяси партия және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері көзінше бюллетеньдерді санау жұмысына кірісті.
* * *
Қаладағы №32, 34, 35, 36 сайлау учаскелеріне де сайлаушылар өте көп келді. Олардың бәрінде таңғы сағат жетіден кешкі сегізге дейін күй ойнап, ән қалықтады. Сусын мен тәттілер саудасы болды.
Cайлаушылар бұл күні №12, 13, 17 орта мектептер шәкірттерінің концертін тамашалап, оларға үлкен ілтипатпен қол соқты. Халықаралық және жергілікті байқаушылар сайлаудың заң шеңберінде өткенін, халықтың ертеңге деген сенімі мен үмітінің молдығын баса атады.
Лиза СЕЙТІМОВА.