Бабалардан қалған аманат

IMG 37071 Саясат

Жолдау жолдарынан:

«Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек»

IMG_3707(1)

Елбасы Жолдауында келер жылдың «Жастар жылы» деп жарияланатыны жайында айтылды. «Елсана» руханият клубының 600-ден астам мүшесі бар болса, олар салт-дәстүр мен мәдениетімізді, ұлттық құндылықты жастардың бойына сіңіру мақсатында көптеген шаралардың ұйытқысы болып жүр.

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын тыңдаған руханият клубының ақсақалдары және ақылдастар алқасы оның маңыздылығын да талқылады. Қазіргі жаһандану процесі қарқынды жүріп жатқан кезде Қазақстан жастарының ұлттық болмысымыздан, бірегейліктен ажырап қалмауына аға буын жауапты. Біз үшін рухани құндылықтарымызды қастерлеу аса маңызды. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, білім-біліктілігімізді, әдебиет-мәдениетімізді, имани кемелдігімізді, яғни, исламдағы қазақ жолын дәріптеп отыру – өркениет жолындағы басты ұстанымымыз болып табылады. Сондықтан, жас буынға, бала тәрбиесіне, ата-аналарға осы ақиқатты жеткізіп отыру міндетіміз.

Осы бағыттарда «Елсана» руханият клубы маңызы жоғары кештер, дөңгелек үстелдер, көлемді рухани шаралардың ұйытқысы болып келеді. Тәуелсіздік алдымен қазаққа керек болса, Қазақстанның болашағы – қазақтың қолында. Қазақтың жерінің де, тарихының да, дәстүрінің де иесі – өзіміз. Сол себепті еліміздің болашағына алдымен біз жауапты боламыз. Әрине, ортақ мүддеге біріккен көпұлтты мемлекетпіз. Дегенмен, қазақ алдымен өзін-өзі тануы керек, дінін, кісілігін түсінуі қажет. Ең алдымен бізге керегі – ағайынның ынтымағы, бірлігі. Онсыз тарих көшіне ілесе алмай қаламыз. Ұлы бабаларымыздан қалған аманат осы. Бұл бүгінде «Елсана» руханият клубының өзекті ұстанымы болып саналады.

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы жылдың наурыз, сәуір,  мамыр айларында «Елсана» руханият клубы «Ұлы даланың ұлттық ойындары мен дәстүрлері» атты мерекелік шара өткізді. Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ел қамын ойлайтын саналы азаматты қалыптастыру. Мерекелік шарада киіз үйлер құрылып, 6000 адамға арнайы ас беріліп, халыққа ұлттық тағам түрлері ұсынылды. Түрлі ұлттық ойындар – асық, ләңгі, қой көтеру, бұқа тартыс, ат үстінде аударыспақ, асауды үйрету, садақ ату, теңге ілу, көкпар, бәйге жарысы, қазақша күрес, тоғызқұмалақ ұйымдастырылды.

Кез келген ел өзінің болашағын ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. Бүгінгі нарықтық экономика заманында әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіру жолында болашағымыздың білімді, зияткер, дарынды болуымен қатар, азаматтық парызы мен адамгершілік рухының мықты болуы да ең маңызды мәселе. Жастар еліміздің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық өмірдің барлық салаларына қатыстылығы жағынан алғанда, болашағы зор қоғамның маңызды бөлшегі. Қазіргі таңда жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатысып келеді. Еліміздің бүгінгі  жастары  жаңа жағдайда заманауи мемлекеттің жасап жатқан сындарлы саясатының арқасында биікке ұмтылып, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, келешектің кілтін өз қолдарына алуда. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Ендігі кезекте, тәрбие мазмұны мен жастарды тәрбиелеу ісі олардың дүниетанымын қалыптастыру және ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аудару қажет.

    Нұржан ЕРМҰХАНОВ,    

«Елсана»  руханият клубының жетекшісі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз