«ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛДЫ»
Ең басты атқарған жұмысымыз – еліміздің бас қаласын Сарыарқа төсіне көшіруіміз деп ойлаймын. Заман талабына сай тұрғызылған қазақтың бас қаласы әлемдік деңгейдегі маңызды шаралар, жиындар өтетін, жаһандық шешімдер қабылданатын ірі ресми орталыққа айналды. Тәуелсіздік жылдарында жекеменшік деген ұғымды қалыптастыру арқылы халықтың өз кәсібін ашуға ұмтылысын ояттық, азаматтардың әл-ауқатын көтеруде үлкен жұмыстар атқардық. Осының нәтижесінде инфляцияны жеңдік. Тоқсаныншы жылдары инфляция 2300 теңгені құраған болса, бүгінде ол бес-алты пайызды құрайды. Нарықтық қатынастарда еліміздің едәуір жетістіктері бар. Міне, осындай игі істердің басында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұр.
Ендігі жерде мемлекеттік саясат халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жүруі керек. Жастардың толыққанды білім алуына, жұмыспен қамтылуына және олардың міндетті түрде баспаналы болуына жағдай жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін өндіріске қолдау көрсетіп, ауылдық елді мекендерді көркейтуге, ауыл инфрақұрылымын дамытуға, таза ауыз сумен, сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етілуіне назар аударуымыз қажет. Және мемлекет қазынасы тиімді пайдаланылып, жемқорлықтың тамыры кесілсе, еліміздің азаматтары «мемлекет маған не береді?» деп емес, «мен мемлекетімнің дамуына нендей үлес қостым?» деген оймен өмір сүрсе деп тілеймін.
Тәуелсіздік – мен үшін қасиетті ұғым. Өйткені, ол бізге миллиондардың қанымен, сан ғасырлық күреспен келді. Сондықтан, біздің тәуелсіздігімізді нығайтып, сақтамасқа құқығымыз жоқ.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты