Жарнама
Саясат

Елеусін Сәрсембиев, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы: ЕЛДІҢ ДАМУЫ АУЫЛДАН БАСТАЛАДЫ

— Инфляцияның жедел көтерілуіне әсер ететін бірден-бір фактор – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бізде азық-түліктің импорттық көлемін азайтып, еліміздің өз-өзін азық-түлікпен қамтамасыз ету міндеті тұр. Себебі, сарапшылар агроөнеркәсіптің ішкі жалпы өнімнің өсімі кедейшілікті азайтуда басқа секторлардың ішкі жалпы өнімінен  төрт есе тиімді болатынын нақты жобалармен айқындап беріп отыр. Президент Жолдауында атап көрсеткендей, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі қалыс қалып келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қазіргі тұтыну деңгейіміз физиологиялық қажеттіліктерді қамтамасыз етпейді. Мысалы, республика бойынша ет, сүт, картоп, көкөніс екі есе, ал, жұмыртқа, жеміс-жидек  үш есе кем пайдаланылады.

Қазір елімізде ауыл шаруашылығының даму перспективасына нақты  көңіл бөлінуде. Ауыл экономикасын көтеру үшін мемлекет көптеген қаржы  жұмсауда. Қазіргі міндет агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру, азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық  тағам өнімдері құрауын қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті іске асыру болып отыр.

  Ауыл шаруашылығы шикізатын өндіріп қана қоймай, сонымен бірге, одан жасалған дайын тауарды тұтынушысына  жеткізгенге дейінгі өндірістік тізбекті  түгелімен қамтитын кешенді холдинг құрылуы тиімді  болмақ. Аграрлық сала –  ұйымдастыра білсе, үлкен бір кешен. Оның ғылымы, көкөніс, бау-бақша  дақылдарын өсіретін, мал өсірумен айналысатын, мал терісі мен жүнін өңдейтін, малдың жем-азығын дайындайтын, көңін кәдеге асыратын шаруашылықтар құру – өмір талабы. Ауылдық жерлерде осындай өндірістік ұжымдарды өмірге әкелу пайдалы іс болмақ.  Мұны ауылдағы жеке тұлғаларды біріктіре отырып, бір ұжым жасауға болады. Банкте осы ресми тұлғаның есепшотын ашып, мемлекеттік несие жеке тұлғаға емес, осы ресми тұлғаға бөлініп, банктегі есепшотқа түсіру істің тиімділігін арттырады. Осылай істеген жағдайда ауыл малының саны көбейеді, егін алқабы өседі, олардың өнімі арқылы  несие өтеледі.

— Бұл экономиканың қозғаушы күші  —  кәсіпкерлікті, яғни шағын және орта бизнесті дамытуды, орташа таптың қалыптасуын жеделдетеді дейсіз ғой?

— Иә, кәсіпкерлікті дамыту және оны қолдаудың негізгі құралы – қаржы. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен мұны іске асыру үш бағытта жүргізіледі. Олар – жаңа бизнес ұсыныстарды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, экспортқа бағытталған өндірістерді субсидиялау. Міне, осы бағыттарды ойдағыдай жүзеге асыру тек банктерге емес, кәсіпкерлердің өздеріне, олардың белсенділіктеріне  тікелей байланысты болмақ. Мемлекеттік органдардың жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі индустриалдық жобаларды іске қосу болып табылады.  Бұл кәсіпкерлердің жаңа толқынын туындататын аймақ экономикасының артуына игі ықпал етеді. Осы мақсатта  мемлекет тарапынан кәсіпкерлердің несиелерін пайыздық мөлшерлі субсидиялау, шағын және орта бизнеске  несиелерді ішінара кепілдендіру, бизнесті жүргізуге сервистік қолдау білдіру, кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру, жастар практикасы  мен әлеуметтік жұмыс орындарын қарастыру шаралары көзделіп отыр.

  — Ауылдық жерлерде іссапарда жиі боласыздар, осы орайда ауыл шаруашылығын дамытуда нендей мәселелер туындап жатыр?

— Өкінішке орай, тозған жерді қалпына келтіру жұмыстары әзірге төменгі деңгейде қалып отыр. Жайылымдық жерлер мал шаруашылығы дамуының  негізі болып саналады. Оларды геоботаникалық  тұрғыдан зерттеп, үстірт және түбегейлі жақсарту шараларын жүргізу – мал өнімділігін арттырудың бірден-бір кепілі. Жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін арттыру бағытында жайылымдық ресурстарды  орнықты басқарудың  экономикалық  және нормативтік-құқықтық негіздемелерін жасақтау, жемшөп базасын нығайтудағы және мал шаруашылығының орнықты дамуындағы инновациялық тәсілдерді өндіріске енгізу басты рөл атқарады.

— Аймақтың ауыл шаруашылығы саласының даму бағытын қалай бағалайсыз?

— Атырау облысының экономикалық әлеуеті табиғи ресурсына сәйкес  негізінен индустриалдық бағытта өркендеуде. Облыс республикадағы инвестиция  құюға тартымды аймақ болып есептеледі. Республиканың негізгі капиталына бағытталған инвестицияның 30 пайызына жуығын Атырау облысы құрайды. Облыстың республикадағы рөлі артуымен қатар, аймақ экономиканың тұрақты да үдемелі дамуын қамтамасыз етіп келеді.

Облыста соңғы үш-төрт жылда өнеркәсіп өндірісімен қатар, ауыл шаруашылығында да өркендеу бар. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы өндірісінің  жалпы өнімі тұрақты артуда. Ет, сүт өндіру көбейіп, мал басы өсуде. Облыстық әкімдік жергілікті кәсіпкерлерді қолдаудың  барлық шарасын алуда. Әсіресе, облыс әкімдігінің мұнай-газ саласына бағыттаған әр жобасының төңірегіне сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындарды  шоғырландыруда алған бағыты  құптарлық. Себебі, қалай болғанда да аграрлық сала өнеркәсіппен байланыспаған жағдайда рентабельділік төмен болатыны  белгілі. Ал, нарық оны көтермейді. Бұл бағытта  сервистік қызметке арналған жобалар жүзеге асырылмақ. Бүгінде облыста сенімді азық-түлік белдеуін жасақтау қолға алынды. Аймақ тұрғындарын көкөніспен және бау-бақша  өнімдерімен жыл бойы тұрақты қамтамасыз ету үшін жылыжайлар мен қоймалар салынуда. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығын инвестициялауға  шетелдіктер емес, өз кәсіпкерлеріміз қаржысын құйғаны оңды болмақ.

Игілікті шараға мүмкіндігі бар барлық инвесторлар да қатыстырылуы қажет. Біз ауылдарымыздағы әлеуметтік ахуалды жақсы жолға қоюымыз керек. Ал, ол сол жерлердің әлеуетін жақсартпайынша мүмкін емес. Ең алдымен, әркімнің өзін-өзі  асырай алуына жағдай туғызуға тиіспіз. Міне, осы тұрғыдан келсек, «азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін» жасау  ауылға бетбұрыстың бастауы ғана болуы тиіс.

Әңгімелескен
 Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button