ЕЛДІКТІҢ еңселі арқауы
Жиынға қатысқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
— Тұңғыш Президент күні бекітілгеннен бері бұл шара елімізде өз дәрежесінде тойланып келеді. Мұны ұрпақтар сабақтастығында маңызы зор дата деп білемін. Бүгін бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетіп жатсақ, бұл біздің Елбасының сарабдал саясатының арқасы екенін мақтанышпен айта аламыз. Еліміздің тәуелсіздік жылдарында Мемлекет басшысының атқарған толағай істеріне бүкіл ел ғана емес, әлем куә.
Оның жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы, «Қазақстан — 2050» стратегиясының да мақсаты мәңгілік ел болуды көздейді. Елбасымыз «Болашақтың қайнар көзі – жастарда» деп олардың өсіп-жетілуіне баса мән беріп келеді. Президенттің еліне жанашырлығын оның бет-бейнесінен де аңғару қиын емес. Түрлі республикалық жиналыстарда болғанымызда Елбасымызбен кездесіп жүрміз. Ол кісінің жан-жақтылығымен қоса өте қарапайымдылығын баса айту керек — деп, жастардың да бойынан осындай қасиеттер орын алу керектігін айтты.
Жастардың өзін-өзі басқара білуі – ол да өнер. Ардагер Миллят Сабырова жастарға қиындыққа тез берілмей, оны жеңе білуге күш салу керектігін айтты. «Мемлекет басшысы – мықты стратег. Осылайша, ол қазақ елін алға сүйреп, озық елдердің қатарына жетелеп келеді. Шет елге шыға қалғанымызда Президентімізді ауызға алсақ болғаны, өзгелер біздің елге қызыға қарайды. Оның өзі – біз үшін үлкен мәртебе», — деді.
Бұл пікірді қуаттаған ардагерлер Рухия Бөлекбаева мен Нұржиян Абдолова да студенттерге тек сабаққа дайындалу аздық ететінін айтып, бос уақытта қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысу керектігін жеткізді. «Мемлекет басшысының өзі алғашқы еңбек жолын қайнаған оттың ортасында – Қазақстан магниткасында бастады. Жұмыстың ең қиыны болса да жеңе білді» деген Р.Бөлекбаева жастарға да жұмыс таңдамай, әр іске тек белсенділікпен кірісу керектігін баса айтты.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.