ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ТОПТАСТЫРУ
— Мемлекет басшысының биылғы 10 сәуірде өткен Кәсіпкерлер кеңесінде берген тапсырмасын орындау мақсатында Өңірлік даму министрлігі ауылды жандандыру мәселелері бойынша ұйымдастыру шараларының жоспарын (Жол картасын) әзірледі. Ауылдық аймақтардың ағымдағы жағдайын бағалау үшін, елді мекендердегі өндірістік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды толықтай зерделеу, сондай-ақ олардың әлеуметтік-экономикалық дамуын талдаудың негізінде ауылдық елді мекендерді топтастыру ұсынылады. Топтастыру нәтижесінде тиісті дамыту шараларын дайындау үшін ауылдық елді мекендердің төрт тобы анықталады. Бұл — аудан орталықтары, тіректі ауылдық елді мекендер, ауылдық және кенттік округтердің орталықтары, басқа да ауылдар. Аудан орталықтары мен тіректі ауылдық елді мекендерді ауыл мен қаланың экономикалық, әлеуметтік, мәдени және демографиялық байланыстарына көпір болып қызмет атқаратын экономикалық өсу орталықтары ретінде дамыту ұсынылады, — деді вице-министр.
Оның айтуынша, барлық ауылдардың ішінде 5200-ге жуығының даму әлеуеті орташа. «Бүгінгі күні республикамыздағы 6936 ауылдық елді мекендерде 7,6 млн. адам тұрады. Барлық ауылдардың ішінде 1310-ы даму әлеуеті жоғары, 5192-сінің даму әлеуеті орташа болып есептеледі. Әкімшілік маңызы бойынша ауылдық елді мекендердің 119-ы аудан орталығы, 2411-і кенттік және ауылдық округтердің орталығы болып табылады. Ауылдық елді мекендердің жартысынан астамы шағын, яғни тұрғындарының саны 500 адамнан кем болып келетін ауылдар болып табылатынын және оларда ауыл халқының небәрі 9,7 пайызы тұратынын атап өту керек», — деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2012 жылы 2 трлн. теңгені құрады немесе ол елдің ішкі жалпы өнімінің 4,1 пайызына сай келеді. «Бұл ретте көптеген ауылдық елді мекендерде темір жолдың, тау-кен өнеркәсібінің, энергетика және экономиканың басқа да салаларының құрылымдары, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарының орналасқанын, мұнымен қоса олардың ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосатынын атап өткен жөн», — деді вице-министр.
Үкімет басшысы С.Ахметов «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына ауылдық жерлерді дамытуға арналған жеке бөлімді қосуды тапсырды.
— Ауылдағы инфрақұрылымды дамытуға байланысты бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Осыған байланысты айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, мынандай тапсырма беремін: Өңірлік даму министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен және облыс әкімдерімен бірлесіп биылғы 1 қарашаға дейін «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына өзгерістер енгізіп, оған «Ауылдық аумақтарды дамыту» деген жеке бөлімді қоссын. Жаңадан сайланған әкімдер мен жергілікті өзін-өзі басқару мемлекеттік функцияларды қайта бөлу мәселелері бойынша әдістемелік және түсіндіру жұмыстары жалғастырылсын», — деген ол, сондай-ақ, жаңа сайланған әкімдердің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалғандығын, сондықтан да ауылдардың бұдан әрі қарай дамуы әкімдердің нақты жұмыс нәтижесіне байланысты екендігін атап өтті. «Бұл мәселеге Үкімет тарапынан назар аударып, жүйелі жұмыс жасаудамыз. Бүгінгі таңда дамуға тірек болатын 516 ауыл белгіленді. «Агроөнеркәсіп» кешені бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылуда», — деп түйді Премьер-министр.
Үкімет отырысында айтылған мәселелерге орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев аудан, ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, алдымен ауылдық жерлерде жұмыс орындарын көптеп ашу қажеттігін алға тартты. Өйткені, жұмыспен қамтылған адамның тұрмысы да жақсара түседі. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға берілетін несие қаражатын бөлу ісін дұрыс жүргізу қажеттігі айтылды. Биылғы жылы осы шаруаға 500 млн. теңге бөлінсе, халықтың сұранысына орай тағы да 1,5 млрд. теңге қаралған. Енді осы несиені алам деушілерге дұрыс бөлу міндеті тұр. Оған, әсіресе, өндіріс орындарын, шаштараз, дүкен, шаруа қожалығын, халықты жұмыспен қамтитын басқа да нысан ашуды мақсат тұтқан абзал.
Ғұмар Ислямұлы жаңа оқу жылының басталуына орай мектептерде балаларды ыстық тамақпен қамту жайына баса назар аударуды тапсырды. Облыстағы барлық мектептер 25 тамызға дейін оқушыларды қабылдауға дайын болуға тиіс болғанымен, іс жүзінде олай емес екен. Әлі де толық жұмыс істеп кете алмай отырғандары бар. Соған қарамастан асханаларды тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету, балалардың уақтылы тамақтануына жағдай жасаудың барлық шараларын алу қажет.
— Қысқа дайындық мәселесіне де қатты көңіл бөліңіздер. Бұл бір бүгін жасап отырған жұмыстарыңыз емес, сонда да болса ыждағаттылық қажет. Кейбір әлеуметтік нысандар әлі күнге қысқа дайын еместігі туралы хабар жетіп отыр. Олай болуы тиіс емес, уақтылы бітіру керек. Қысқа дайындық мәселесінде мал азығын дайындаудың да маңызы зор. Әлі күнге жеткілікті дайындық жоқ, әзірге 82 пайызға ғана орындалған. Сонымен қатар, ветеринариялық жұмыстарды да жандандыру қажет. Арнайы ветеринариялық лабораториялар жабдықтармен қамтылып, мал дәрігерлерінің жұмысы жолға қойылсын. Өйткені, малдың саулығы адам саулығына әсер етеді. Сол бағытта барлық округтерде ветеринар мамандармен қамту ісі тиянақты жүргізілсін, — деді Ғ.Дүйсембаев.
Қосұйым МҰҚАШЕВ.
Суретті түсірген