ЕЛ ЕРТЕҢІНІҢ ЕҢСЕСІ ЕРЕК
Қала орталығындағы «Каспиймұнайгаз» АҚ-да орналасқан №33 сайлау учаскесінде барлығы 1075 сайлаушы тіркеліпті. Тұңғыш рет дауыс беруші 18 жастағы Бағдат Сатайбаеваға сайлау комиссиясы төрайымы Дариға Балтабекова жақсы лебізін білдіріп, сый-сияпат табыстады.
— Біздің учаскеде қарттар мен мүгедектердің интернат үйі де бекітілген, — дейді Дариға Какимқызы бізбен арадағы әңгімеде. — Түстен соң сонда барып, үлкендердің таңдауына мүмкіндік беретін боламыз. Жалпы сайлаушылардың келуі жаман емес. Халықтың ертеңгі күнге деген сенімі зор.
Бұл күні Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық гимназияда орналасқан №36 сайлау учаскесіне келушілерде де есеп болмады. Сайлаушылар тізімінде тіркелген 1738 адамның түскі сағат 12-ге таман 650-дейі дауыс беріп үлгерді. Сайлау комиссиясының хатшысы Лариса Бектемісова өзге қалалар мен шалғай елді мекендерге жұмыс бабымен кеткен азаматтар мен азаматшалардың алдын ала арнаулы куәлік алып кеткендерін, ҚР азаматының азаматтық парызын нық түсінгендерін баса айтты.
Рахат шағынауданында орналасқан Жамбыл атындағы №21 орта мектепте де барлығы 1571 сайлаушы тіркелген болса, таңертеңгі сағат 10-дар шамасында соның 380-дейі келіп үлгерген. Учаскеге ертемен жеткен Валерий Соколов болса, ең жас сайлаушы 7 наурызда ғана 18-ге толған Сұлтан Қали болатын.
Сайлау – үлкен саяси мереке. Оның мәні мен маңызын еліміздің әрбір азаматы зор жауапкершілікпен түсінеді. Біз тілдескен сайлаушылар арасында Күләш Әбдрахманқызы сайлауға қатысу үшін көрші Ресейге баратын сапарын кейінге қалдырған болса, бастауыш сыныпта оқитын немересі Шәкәрім «Сайлауға мен де барайыншы!» деп, әжесінің жанына ілесіп алыпты…
Лиза СЕЙТІМОВА.