ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУДА ЫҚПАЛДЫ КҮШКЕ АЙНАЛДЫ
Осы орайда, жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін кәсіби мерекелерін барша әріптестері тәрізді атыраулық теміржолшылар да лайықты тартумен қарсылап отыр. Бұл жайында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Атырау жол бөлімшесі бастығының орынбасары Амантай Жайлығұлов егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
ТАСЫМАЛ КӨЛЕМІ АРТТЫ
Ағымдағы жылдың бірінші жартысында бөлімшеде бірде-бір қозғалыс қауіпсіздігін бұзу жағдайы тіркелмеген, сонымен қатар, жол және магистральдық желі бөлімшелерінде өндірістік жарақаттанушылық оқиғасы орын алмаған. Қашаған кенішінде мұнай өндірудің тоқтатылуы себепті, ірі жүк жөнелтуші «Теңізшевройл» ЖШС өндірілетін мұнайдың бұрынғы деңгейін сақтай отырып, өнімнің басым бөлігін Каспий тұрба құбыры жүйесі арқылы құбырға тікелей айдауды жүзеге асырған. Соның салдарынан, есепті мерзімде темір жол көлігімен тасымалдау көлемі төмендеген.
74 шақырым жолдың жоғарғы құрылымын күрделі жөндеуден өткізіп, локомотивтерді тиімді пайдаланудың, негізгі және айналым деполарында локомотивтердің бос тұруын азайтудың, басқа да шараларды дер мезгілінде алудың есебінен жоспарлы жұмыстар орындалды. Атап айтқанда, локомотив паркінің пайдаланылуы мен тепловоздардың орташа тәуліктік жұмыс өнімділігі 105 %-ға орындалып, өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегіден 118,6 %-ға өскен. Сол сияқты, локомотивтердің орташа тәуліктік жүрісі, пойыздардың орташа салмағы, жүк пойыздарының орташа учаскелік және техникалық жылдамдығы, т.б. негізгі көрсеткіштердің орындалу деңгейі де едәуір артқан.
Бұдан бөлек, темір жол көлігімен тасымалданып жеткізілетін жүктің түсірілу көрсеткіші 7,7-%-ға көбейіп, вагон айналымының орташа уақыты 3,1-ден 20,5-%-ға жеделдетілген.
ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ
Алғашқы алты айда жол жағдайының орташа балдық көрсеткіші 84 бірлікті құрап, жоспарланғандағыдан 108-%-ға артығымен қамтамасыз етілген. Кезінде қанағаттанғысыз деп баға берілген жол шақырымдарының ұзындығы 146 бірлікке дейін азайған. Оған қоса, жазғы жол жұмыстары толықтай орындалып, дабыл қағу жүйесі мен байланыс шаруашылығының сапасына «өте жақсы» деген баға берілген.
Жоспарланған 94-тің орнына 142,45 шақырым (151 %) жол «ДУОМАТ» машинасымен жөнделді. Сол секілді, үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында Атырау жол бөлімшесімен бірлесіп жұмыс жасайтын «Қазтеміртранс», «ҚазТрансСервис» және «КеденТрансСервис» АҚ-дары бойынша жоспарланған сату мен терминалдық қызмет көрсету жұмыстары да артығымен орындалған болып шықты.
«АҚЖАЙЫҚТА» АЙТАРЛЫҚТАЙ ІС БАР
Бөлімшеге жүктелген сан-салалы жұмыстардың арасында ауыр құрамды вагондармен тасымалданып жеткізілген халық шаруашылығы жүктерін түсіріп-тиеу мен тиісті жеріне уақытылы апарылуын қамтамасыз ету екені мәлім. Осындай жауапты да абыройлы міндетті мойнына алған «Ақжайық» стансасы бойынша да осы кезеңде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстардың атқарылғандығына куә болдық.
Бізбен жолығысқан аталмыш станса бастығы Аслан Базарғалиевтың мәлімдеуінше, жарты жылда межеленген 37379-дың орнына 37548 вагон жүк тиеліп, жоспар 100,5-%-ға орындалса, жоспарланған 9647-нің орнына 10910 вагон тиеліп, 113,1 %-ға қамтылған. Мұның сыртында, станса арқылы 817 пойыз қабылданып, 894-і жөнелтілген. Соның ішінде, 53496 вагон қабылданып, 53381-і кері жөнелтілген екен. Ең бастысы, жұмысшы паркіндегі жұмыстың тоқтап қалуына, пойыздар мен вагондардың орынсыз кідірісіне, тұруына жол берілмеген.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.