Ел дамуының төте жолы
Халыққа қызмет көрсетуде цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде алға қойылған жұмыстардың орындалысы бүгінде біздің облыста 56 пайызды құрайды.
Мекемелердің жұмыс жүйесін ықшамдау, оның сапасын арттыруда биыл мамыр айында «Халыққа қызмет көрсету», «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тескеру», «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталықтары» біріктіріліп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып құрылуы да – Елбасы жүктеген міндеттің бірі.
Ал, облыс орталығында цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығын ашудағы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде. Цифрлық орталықта мемлекеттік қызметтер толықтай автоматты түрде ұсынылып, қызметтер қағаз түрінде болмайды және бұл процеске операторлар қатыспайды. Компьютерде орнатылған зияткерлік көмекшілер мемлекеттік қызметті өз бетінше алып жатқан азаматтар үшін IT-кеңесші рөлін атқарады.
Сондай-ақ, көші-қон қызметтерін көрсету орталығында шетелдік азаматтарға «бір терезе» қағидасы бойынша бірқатар қызметтер қолға алынды. Бұған дейін шетелдіктер Атырауда жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бес күн жүрсе, енді рұқсатты бір сағаттың ішінде рәсімдейді. Күні бүгінге дейін орталық 2500 құжат қабылдады. Биыл бала туғаннан кейін ата-аналар баланы тіркеу, куәлік алу, жәрдемақы тағайындау және балабақшаға кезекке қою қызметтерін өздерінің телефон нөмірлерін порталдағы жеке кабинеттеріне тіркеп, SMS-хабарлама арқылы алуда.
Мұса ХАЙРУЛЛИЕВ,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның
Атырау облысы бойынша филиалының директоры.