Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ҰЛТТЫҚ МАҢЫЗЫН АРТТЫРУ КЕРЕК

Елімізге Наурыз мерекесі кейінгі жылдары ғана оралды. Оған себеп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының ықпалы деп білемін. Мәскеудің талабымен тағайындалған сол кездегі бірінші басшы, оның төңірегіндегілер жастарымыздың қайсар жігерінен, табанды күрескерлігінен, демократиялық үрдіске батыл кірісуге даярлығынан, бірлігінен, ұйымшылдығынан сескенді. Мұндай оқиғалардың жалғасуына жол бермес үшін алдын-алу шараларын жасау керек болды. Сондықтан, кезіндегі орталық комитет  Наурыз мейрамын қайта жаңғыртуға, халқымен қайта қауыштыруға мәжбүр болды. Тіліміз туралы заң шығарды, мәдениет, салт-дәстүрге де бетбұрыс Желтоқсан жаңғырығының әсерінен дүниеге келді.

Наурызды ұлық мерекелердің бірі ретінде қабылдап, алғашқы мерекелеу жылдарында іс басында жүргендердің бірімін. Ол кезде Атырау қаласында едім. Сондықтан, бұл кеңестік одақтың іргесі сөгілмеген, солай десе де, қазақ халқы келешегінен үлкен үміт күткен, ел тәуелсіздігін ерекше аңсаған кезеңі болатын. Осының әсері шығар, 1988 жылы жұртшылық 62 жылдан кейін алғашқы Наурыз мейрамын айрықша бір толғаныспен, қызығушылықпен қарсы алды. Ақиқатында, халық Наурыз туралы ақпарат құралдарынан там-тұмдап естігені болмаса, оның мәнін, маңызын толық түсіне қоймаған еді. Түсінік азаңдау еді. Бір анығы – кім-кім де Ұлыстың ұлы күні Тәуелсіздігіміздің бастауы, үлкен өзгерістердің бастамасы екендігін жүрегімен сезініп жүрді. Ол кезде билік айналасында аға ұрпақ өкілдері көп болды. Сол себепті болар, мереке уақытында тұрғындар өз еркімен бір-бірімен кездесуге, көрісуге асыққандай, реттелмеген, сценарийсіз, жоспарсыз-ақ көшелерге шықты, алаңдарды аралады. Жергілікті жердегі әрбір мекеме-кәсіпорындарда Наурызды өз алдына, өз қадір-қалінше, негізінен өз төңірегінде тойлады. Көжесін, бауырсағын үлестірді, концерт қойды, батагөйлер батасын берді. Басшылар жағы әр жерге бөлініп қатынасып, аралады. Тұрғындарды құттықтайтын. Осылай, алғашқы мереке шашыраңқы өтсе де ол әркімнің кеудесіне өзінің жылылығын, шуағын қалдырғандай болды.

Бұл күнгі жағдай өзгеше. Тереңірек үңілсек, Наурыздың мәні мен маңызы бұдан әлдеқайда ауқымды. Бұл мерекенің дүниетанымдық, ұлттық мәні бар екенін ұғынатын кез келді. Мәселен, жаңа жылдық шыршаны бір-екі ай бұрын құрып қояды ғой, сол секілді Наурыздың нышандарын көшелерге іліп, ертерек қамдану қажет. Бұдан былай әсемдеп ат жеккен күміс арба немесе шанамен Қызыр бабаның келуімен бастап Наурызды қарсы алуға байланысты рәсімдер мен ойын-сауықты, өнер сынын қамтуды қалыпқа түсіруіміз керек.

Мүмкін, бірнеше ай бойы көрме ретінде ашық тұратын киіз үйлерден қалашық тұрғызып, онда ұлттық ойын түрлерінен көріністер көрсетіліп, келушілерге ұлттық дәмдер ұсынатындай жаңалықтар ойластыру керек те шығар. Бұл хан да, қара да теңесетін күн емес пе?!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Манарбек

    Ассалаумағалайкум мен атамды іздеймін ұлы отан соғысынан оралмаған аты жөні Кенесов Құрмаш атты əскер кавалерия