Жарнама
Саясат

Екі қолға – бір күрек оны қалай шешуге болады?

 «Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалы жастар арасындағы жұмыссыздық тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді. Шараны «Жас Отан» жастар қанатының Атырау облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Асқар Бопылдықов жүргізді.

  Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Нариман Сәлімовтың айтуы бойынша, 14-29 жас аралығындағы 3052 жас жұмыссыздар есебіне алынған. Оның ішінде ауылдық округте тұратын жастар саны – 237, қала жастары 2815-ті құрап отыр. «Азаматтардың 1324-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Кәсіби оқуға 347-сі, ақылы қоғамдық жұмысқа 574-і жолданып, жастар тәжірибесіне 217 жас маман, әлеуметтік жұмыс орындарына 29-ы жіберілді. Барлығы 2491 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды» деді ол.

 «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша, 260 студент қала аумағын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына тартылуда. Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануына да толық жағдай жасалған. Атап айтқанда, Атырау, Балықшы, Геолог, Авангард, Вокзал маңы мөлтекаудандарында орналасқан сауықтыру кешендерінде және «Мұнайшы» стадионында спорттың 19 түрінен тегін жаттығулар жүргізіледі. 2015 жылы спорттық шаралардың 86 түрі ұйымдастырылған болса, есепті мерзімде 35 шара өткізілді. «2014 жылы «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегіне 537 өтініш түсіп, 90 отбасына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы пәтер берілді» дейді Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлбаршын Мендақұлова.

  «Дөңгелек үстел» барысында жастардың қоғамдағы орнын табуына ықпал ету, түрлі ағымдар жетегінен сақтандыру мәселесі де айтылды. Одан әрі жастар өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ой-пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді.

Абай Ақмұрзиев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button