Жарнама
Саясат

Егемендік ел еңсесін тіктейді

Қазақстан тәуелсіздігі іргетасының қалануы «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы қабылданған сәттен басталады. Декларацияның қабылдануымен еліміздің егемендігін айғақтайтын төл шекарасы бекітіліп, ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға бірнеше өзгерістер енгізілді. Осы тарихи оқиғалардың басы-қасында жүрген сол кездегі БАҚ қызметкерлері. Осыдан отыз үш жыл бұрын ел іргесінің бүтінделуіне жол ашқан құжат төңірегінде сол кездегі «Атырау» газетінің тілшісі, жазушы-публицист, Ақпарат саласының үздігі Төлеген Жаңабайұлына сауал жолдап, пікірін білген едік.

– Сіздің ойыңызша  «Қаз КСР-нің егемендігі» туралы декларацияны халық қалай қабылдады?

– Егемендік,  Тәуелсіздік – біз,  қазақ   халқы   үшін   аса   қымбат  ұғымдар. Қаншама жылдар бойы Ресейдің қоластында болу, өз еркіндігің болмау, өз жеріңе өзің қожа болмау деген қасірет қой. Бірен-саран өзге ұлт өкілдерінен басқа қаптаған қазақ отырған мәжіліс залдарында, клубтарда жиналыстардың орыс тілінде ғана өтуі және солай етуге мәжбүрлеу, іс қағаздарын тек қана орыс тілінде жүргізу, жаппай орыстандыру саясатының үстем орын алуы бас көтертпеген заман болды емес пе?! Ол бір тақсірет қазақ халқының басына қайта айналып келмесін деп тілейік.

Сондықтан «Қазақ КСР-інің егемендігі» туралы декларацияның қабылдануын бүкіл қазақ елі зор қуанышпен, бөркін аспанға ата қабылдады. Ортақ мақсат жолында өзге әріптестермен бірге қолдан келгенді аянып қалған жоқпыз.

– БАҚ-та декларацияны ақпараттандыруда журналистің ролі қандай болды?

– Әрине, газет-журналдар, электронды бұқаралық ақпарат құралдары бұл бағытта қыруар жұмыстар жүргізді. Несін жасырайық, бастапқыда қалай болып кетеді деп жалтаңдаған, әліптің артын баққан жағдайлар кездесті. Батырып сөз айтудан қымсынған кездер де болды. Дұрысында айтатын нәрсе көп еді. Жер атауларының көбі орысша: Гурьев, Ганюшкино, Котяевка, Телячье, Сафон, Чкалов, Камышин, Прорва, Курилкин, Мартыши және т.б. болатын.

Аты-жөнімізді жазу әлі күнге дейін ескі ізбен орыс транскрипциясымен жүріп келеді. Құжаттарға, әсіресе, төлқұжатқа, балаға туу туралы куәлік алу кезінде фамилия мен әкенің атын жазуда …ов, ..ев, …ова, …ева, …овна, ..евна, …вич, ..ин ету етек алды. Бұл да болса сол шақтағы орыстандыру саясатының бір құйтырқысы болғандығы кәміл. Қараңыз, былтыр Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына орай аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары баспасөзде («Atyraý» газетінің 2022 жылғы 30 қыркүйектегі санында)  жарияланды. Оқығанда кім болып кеткенімізге таңдандым. Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының құрамын қараңыз: Комиссия төрағасы Губашев Кабыл Рамазанович, оның орынбасары Амангалиев Мейрамбек Муратович, хатшысы Сиранова Гулшат Махсотовна, мүшелері Бижанов Нурлан Тулегенович, Балмурзин Азамат Жанбулатович, Жарылгасова Света Борашевна, Науанова Ардак Арыстангалиевна болып жазылыпты.

Таза қазақы аудан ғой деп өзім туып-өскен Қызылқоға ауданының учаскелік сайлау комиссияларына көз жүгірттім. Құдайым-ау, онда да сол күй айна-қатесіз қайталанып тұр. №154 учаскелік сайлау комиссиясындағыларды алайық, комиссия төрағасы Урбисинов Сексенбай Тузгенбаевич, әрі қарай тізім Оразов Келис Нурниязович, Каримов Канатқали Мухиденович, Жумахметов Дастан Ержанович, Махметова Гулмира Зинуллаевна болып жалғасып кетеді. Әр комиссияда бірді-екілі адамның аты-жөні ғана таза қазақша беріліпті.

0b61f2a1 7c0e 40e4 b658 691405f6a3df

Тәуелсіздік алғанымызға қаншама жыл болды, содан бері ұлтымыздың ұстынын танытатын аты-жөнімізді дұрыстай алмай жүргенімізге қалай қынжылмайсың?! Осы тәрізді әттеген-айлар болмаса тәуелсіздігіміздің тұғыры бекіп, нығайып келеді. Ол кешегі қаскөйлер ұйымдастырған қаңтар оқиғасында да шайқалмай, мықтылығын көрсетті.

– Декларацияны қабылдағаннан кейін Қазақстанда қандай оң өзгерістер жүзеге аса бастады?

– Әрине, Қазақстанда оң өзгерістер бар. Сыбайлас жемқорлықпен күрес, ел басқарудың бұрынғы жүйесіндегі кемшіліктерді жөнге қою оңай шаруа емес. Бірақ бәрі де дұрыс бағытқа қарай мойын бұрды. Соған қуанамыз. Пандемиядан кейін халық ес жия бастады. Өндірістің көптеген салаларында өсім бар. Ауыл шаруашылығының қадамы қуантады. Егін жинау науқаны биыл қамбаға мол астық құюмен аяқталды. Көп қиындықтар артта қалып, ел өрлеу жолына түсті.

Халықаралық қатынастар нығая түсті. Таяудағы Астанада өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттерінің бас қосуы, Елордада алғаш рет «Орталық Азия – Ресей» саммитінің өтуі, басқа да ауқымды шаралар еліміздің әлеуетін арттырып, беделін көтереді. Соған Қазақ елінің әрбір адамы белсене атсалысуы керек. Бейқамдық, пайдакүнемдік, шарасыздық, әркімнің өз көрпесіне қарай тарту үрдістері жойылғаны жөн. Сонда еліміз еңсесін тіктейді.

Сұхбаттасқан

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button