БІЗДІҢ КОМПАНИЯЛАР – ТАҢДАУЛЫЛАР ҚАТАРЫНДА

Еңбек өнімділігі бойынша 16 қазақстандық компания ТМД елдеріндегі 50 ірі бизнестің қатарына енді. Бұл ресейлік «Эксперт РА» сараптама агенттігінің «Эксперт-400» ірі кәсіпорындар рейтингісінен белгілі болып отыр.

Сонымен, ТМД-дағы ірі бизнестегі еңбек өнімділігі жөнінен алдыңғы орынға екі қазақстандық компания шықты. Атап айтқанда, бірінші кезекке өткен жылдағы 23,1 миллиард доллар өнім өткізу ауқымымен «Теңізшевройл» ЖШС шықты. Екінші орын «Қазгермұнай БК» ЖШС-не бұйырды. Онда өнімді сату көлемі 2,3 миллиард долларға жетіпті.
Сонымен қатар, рейтингіге «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «Қазақойл-Ақтөбе», «Қарақұдықмұнай», «Жайықмұнай», «Саутс Ойл» «ҚуатАмлонМұнай БК», «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-тері мен «Мәтен Петролеум», «Кселл», «Тұрғай-Петролеум», «Маңғыстаумұнайгаз», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «ПетроҚазақстан» АҚ-лары енген.
«Эксперт-400» тізіміндегі компаниялардағы еңбек өнімділігі жан басына шаққанда орташа есеппен 183 мың долларды құрап отыр. Бұл Жапонияның ірі кәсіпорындарынан 3,4 есе, Батыс Еуропа мен АҚШ көшбасшыларынан 3 есе аз. Ал, Ресейдің ірі компанияларындағы еңбек өнімділігі бәсекелес Шығыс Еуропа елдерінен екі есе төмен болып отыр. Сараптама агенттігі қазақстандық компаниялардың алғашқы ондықтағы алты орынды иеленуін олардың ірі шетелдік компаниялардың еншілес болып табылатындығымен байланыстырады.
Тengrinews.kz агенттігінің материалы бойынша әзірлеген

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз