ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ҮШІН
Мұнда ертемен келген сайлаушылардың қатарында сан ұлттың өкілдері бар. Әркім өз дауысының елдің болашақ тағдырына әсер ететіндігін жете түсінгендей.
«Учаске бойынша екі жарым мыңдай сайлаушы тізімге енгізілген. Денсаулығына байланысты он бір сайлаушыға жылжымалы дауыс беру жәшігі барады. Сағат жетіде жұмысымызды бастадық. Сайлаушылар ел болашағы үшін өздерінің конституциялық құқықтарын еркін пайдалануда. Мектеп ұжымы сайлаушылар үшін арнайы концерттік бағдарлама дайындап, өнер көрсетуде», — дейді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ерік Оралбеков.
Ертеңгілік сайлау учаскесіне келген халықаралық байқаушылар – ЕҚЫҰ атынан Голландиядан келген Кристина Джоанна Вен Хаут пен ресейлік Александр Кобринский дауыс берудің барысын өз көздерімен көріп кетті. Мұнда Денис Матвиенко деген азамат алғаш рет дауысын берсе, 82 жастағы тыл ардагері Кенжеғалиева Мәрзия әжей күндізгі сағат екіде үйіне баратын жылжымалы дауыс беру жәшігін күтпестен, аяқтай өзі келіп, егемен еліміздің ертеңі үшін маңызды таңдауын жасады. Үш ұл, үш қыз өмірге әкеліп, қанаттандырып, 18 немере, 5 шөбере сүйіп, бақытты әже атанып отырған ол сайлау учаскесіне немересі Айбекпен бірге келіпті.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Сағындық Лұқпанов жұбайы Жанармен, ұлы Мираспен, ұйғырлардың этномәдени орталығының жетекшісі Анарбек Нодяров, мемлекеттік қызмет ардагері Клара Ермекова, қаланың байырғы тұрғыны Николай Каймашников, қос балдаққа сүйенген, дауыс беруді өзінің парызы санайтын Әмина Берманова әжейдің отбасылары да өз таңдауларын жасады.
Біз – куә болған сайлау учаскелеріндегі дауыс берудің жайын «Нұр Отан», Қазақстанның Патриоттар партиясы, БАҚ өкілдері мен Президенттікке үміткерлердің жергілікті сенімді өкілдері байқаушы ретінде қатысып отырды.
Бақытжан ЖҰМАТ.