Егемен ел атандырған ерекше күн
Осыдан отыз үш жыл бұрын, қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында «Егемендік туралы» Декларация қабылданды.
Осылайша, бұл күн еліміздегі ең басты ұлттық, мемлекеттік мерекелердің қатарына қосылды. Бірақ, бертінде дәл осы дата маңызды мерекелердің тізімінен алынып тасталғаны да шындық. Арада он үш жыл өткенде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен былтырдан бастап 25 қазан Республика күні ретінде атап өтілетін болды.
Ел өміріндегі осынау ерекше күн, тарихи сәттің куәгері болған азаматтардың бірі – әріптес жерлесіміз, белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, мәдениет қайраткері Самат Ибраимовтың айтуынша, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде сол уақытта Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестің басылымы болған республикалық «Халық кеңесі» газеті шығып тұрған. Ал, Самат Бектенұлы аталған басылымның Парламенттегі тілшісі ретінде елдегі саяси оқиғалардың басы-қасында болыпты. Сол себепті де оның айтарының аз емесі белгілі.
Тарихи оқиғаның бастауы
Қай істің де бір негізі, бастауы болатыны белгілі ғой.1990 жылдың 15 қазанында ХІІ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясы басталып, онда Декларацияның жобасы туралы баяндама жасалады. Бұл жоба сессия алдында мұқият талқылаудан өткен еді. Жобаны талқылаудың алғашқы күндерінен-ақ «Көш қозғалды», «Үміт пен күдік шарпысып…», «Жеті рет өлшеген өкінбес» тақырыптарында газет беттерінде репортаж жанрындағы бірнеше жарияланымдар жарық көреді. Олардың авторы да жоғарыда есімі аталған Самат ағамыз еді.
Ол кісінің сөзінше, дәл сол күндері Жоғарғы Кеңес депутаттарының еліміздің егемендігін заңдастырып, құжат ретінде қабылдауға деген ұмтылысы мен құлшынысы ерекше болған көрінеді. Әрине, о бастан-ақ кертартпалыққа салынып, жобаның алдын ала талқылауға ұсынылғанына қарсылық білдіріп, оның қабылданатына күдікпен қарап, шек келтіргендер де кездескені жасырын емес. Алайда, Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Ерік Асанбаев табандылық танытып, мәселенің сессиядан бұрын мұқият талқыланып, көпшілік дауыспен мақұлданғанын жеткізіпті.
Жалпы алғанда, Декларация жобасын талқылау қызу пікірталаспен басталыпты. Айтыс-тартыстың күштілігі сондай, бұл құжат қабылдана ма, жоқ па деген үміт пен күдіктің, екіұдай көзқарастың шарпысқаны да ақиқат. Депутаттардың бір тобы Декларация жобасын талқылауды тоқтатып, басқа мәселеге көшу, келесі топ жобаны толықтырып, сессияға қайта ұсыну үшін арнайы комиссия құру жөніндегі пікірінен танбаған. Ақыры, басым дауыспен комиссия құруға келісіліп, оның төрағасы болып депутат Салық Зиманов сайланады. Мұндай комиссияны құруға қол жеткізудің өзін демократия толқынына ілесіп, егемендік алуды аңсаған халық қалаулыларының алғашқы жеңісі деп бағалаған жөн. Өйткені, дүйім елдің тағдырын шешетін айтулы құжаттың принципті мәселелері төңірегінде бір мәмілеге келуін халық күтіп отырған-ды.
– Депутаттардың бір тобы Декларацияда ұлттар туралы айтып жатпай-ақ, жалпы азаматтық қоғам құру жөнінде мәселе көтерді. Оның авторлары «Демократиялық Қазақстан» тобының мүшелері, депутаттар Б.Қадырбеков, Ю.Сухов және басқалары еді. Олар республикада екі мемлекеттік тіл болуын енгізуді, жобадағы жалпы қазақ деген сөздерді алып тастауды, республиканың құқықтық мемлекет, не жалпы азаматтық қоғам болуы керектігін көлденең тартты. Дегенмен, қай уақытта да, қандай мәселені де таразыға салып, байыппен шешуге дағдыланған депутаттар С.Зиманов, С.Сартаев, Ә.Кекілбаев аталған ой төңірегінде терең де, салиқалы пікірлерін айтты. Мәселен, С.Сартаев өз сөзінде құқықтық мемлекет пен ұлттық мемлекеттің екі түрлі мәселе екендігін, ал азаматтық қоғамның мәнісін түсінбеушілік бар екендігін айта келіп, егеменді ұлттық мемлекеттің республика жағдайында маңыздылығына тоқталды, — деп жалғастырды әңгімесін Самат ағамыз.
Ұлт тағдыры – ұлы мұрат
Әңгіме желісінен аңғарғанымыздай, Декларация жобасындағы «…қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып…», «Қазақстан-дағы миграцияны реттеу» тәрізді ұғымдар, мемлекеттік тіл мәселесі бірқатар депутаттарға ұнамаған секілді.
Сессияның алғашқы күні-ақ миграцияны реттеуге қарсы шыққандардың ойы «оның Қазақстан үшін қажеті жоқ» дегенге жетелегені айқын сезіліп тұрды. Мәселен, депутат В.Козлов «қазақстандық миграция процесін қолға алудың соңы қым-қиғаш сипат алуы мүмкін» деген күмәнін келтіріпті. Одан бетер «Демократиялық Қазақстан» тобы республикадағы ұлттық мемлекеттілік туралы мәселені ғана емес, жалпы қазақ ұғымы, атауы туралы сөздерді алып тастауға жанталасқанын қайтерсің. Бірақ еліміздің, халқымыздың тағдырын ойлаған депутаттардың ел халқы мен ұлттың негізін құрайтын көпшіліктің келешегіне кесел келтіріп, қиянатқа ұрындырмау үшін тайсалмай, табандылықпен айқасқанын нағыз батылдықтың үлгісі ретінде қабылдаған абзал. Соның бірі Жезқазған облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, депутат Шәріпбек Шардарбеков еді. Ол республикамызда «Тіл туралы» Заңның күшіне енгеніне санаулы ай өткенін, онда қазақ тілі мемлекеттік, ал орыс тілі халықаралық қарым-қатынас құралы екенін еске салып, енді тіл мәселесіне қайта оралудың қажеті жоқтығын айтқаны орынды болғанын ашып айтқанымыз ләзім.
– Сонымен, бүкіл еліміз де, депутаттар да асыға күткен Декларация жобасы пысықталып, сессияға ұсынылатын 25 қазан күні де келіп жетті. Мінберге комиссия төрағасы, депутат Салық Зиманов көтерілді. Ол кісі өзінің телегей теңіз білімімен, ғұлама ғалымдығымен, білікті заңгерлігімен, ғажап ұстамдылығымен, қазақ халқының болашағы үшін ештеңеден тайынбайтын қайсарлығымен ерекшеленді. Уәж айтып, таласқысы келгендер екпіні қатты тау өзенінің ағысындай білім мен білікке төтеп бере алмады. Сөйтіп, баяндама жасап, қойылған сұрақтарға жауап берген академик депутат Салық Зиманов күні бойы тізе бүкпей мінберде тұрып, әріптестерінің қолдауымен «Егемендік туралы» Декларация жобасын қорғап шықты, — дейді сұхбаттасушымыз.
Осындай күрделі жағдайда, сындарлы шақта ел басшылығының да, депутаттардың да, халқымыздың да «Егемендік туралы» Декларация қабылдауға тәуекел еткені, алға қойған мақсаттарына қол жеткізгені тарихта алтын әріппен жазылып қалды. Өйткені, сол 1990 жылдың күзінде ескі жүйе құрсауынан бұлқынып шығып, еліміздің болашағын болжау, оған бастар тыңнан жол салу, тәуелсіздіктің іргетасын бекіту оңай шаруа емес екенін көзімізбен көріп, куәсі болғанбыз.
Түйгеніміз – соның өзінде ұлт тағдыры жолындағы жауапкершілік бәрінен де биік тұрғаны еді.
Дәулетқали АРУЕВ