Жарнама
Саясат

ЕҢБЕККЕ ЕРТЕ ДАЙЫНДАУ КЕРЕК

Елбасының «Біз 2050-дің мақсатына қарай күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында ілгерілейміз. Алдағы онжылдықтарда қазірдің өзінде біліп отырған сын-қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар аз кездеспейді. ХХІ ғасырда «жеңіл-желпі жүріп өту» деген болмайды» деген сөзінің өзі әр азаматқа жігер беріп, елдігімізді сақтап, өркениетке ұмтылуға серпін берері анық. Жастардың қажырлы еңбегі, талмай ізденісі үздіксіз жалғасқанда ғана биік асуға жетеміз. Ол үшін жастарға өнегелі тәрбие беруде зор міндет бізге жүктеледі. Осы жолда аға буын өкілдері талмай еңбек ете беретін болады.

Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы екенін атап айтты. Шағын және орта бизнес артқан сайын еліміздің дамуы да сатылап көтеріле береді. Сондықтан, кәсіпкерлікті арттыру — Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының берік экономикалық негізі екенін естен шығармай, ең бірінші кезекте, әсіресе, жастардың еңбекке бет бұруына көңіл бөлген жөн. Ол үшін Елбасы айтқандай, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін енжар заңдылықтардан арылып, қажет болса, өзгерістер енгізілу керек. Кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа дәстүрлі жалғап отыратындай жағдайға жетуге талпынсақ, біз бағындырмаған шың болмайды.

Сондай-ақ, «жастарды кәсіпкерлікке бағыттауда, еңбекке талпындыруда құр жар салып қоймай, мұны мектеп бағдарламасына арнайы пән ретінде енгізіп, шағын және орта бизнесті дамытудың қыр-сырын оқушыларға меңгертсе» деген ұсынысымды айтқым келеді. Кәсіпкерліктің бағыттарын мектеп қабырғасынан-ақ танысқан ұрпағымыз үшін өз болашағын осы салаға бағдарлауға зор септігін тигізетіні рас. Мысалы, бұрын әр мектептің оқушыларын аптасына бір рет жетекшілерімен бірге түрлі өндірістік комбинаттарға оқуға апаратын. Біреулері тігін фабрикасына, енді басқалары ағаш өңдеу цехтары, машина жөндеу сияқты басқа да орындарға жіберіліп, оқу аяғында сол мамандығының куәлігін алып шығатын. Осы үрдіс бүгінгі күні мүлдем жоғалып кетті.

Қазір  өңірімізде өндірістік кәсіпорындар, кәсіпкерлік құрылымдар да көбейді. Елбасының тапсырмаларына орай бұл жұмысты мектеп бағдарламасына қайта енгізсе игі болар еді. Осы сияқты нақты жоспарлармен іске кіріскенде ғана біз өркениетті ел қатарына кіре аламыз. Мұндай жұмыстармен қатар қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісімді одан әрі арттыра түсуіміз де абзал.

Қалай дегенмен де, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға  жұмыла кірісу қажет. Себебі, Жолдаудың әр тармағы кезек күттірмейтін міндеттер екені рас.

Қадим ОҢҒАРСЫНОВ,
облыстық білім беру басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button