Жарнама
Саясат

ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫН ЕЛЕМЕЙТІНДЕР КӨП

 «Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Салауат Ишайдың баяндауынша, жыл басынан бері өзі жетекшілік ететін құрылымға білім беру саласы қызметкерлерінен 23 арыз түскен. Оның ішінде ұжымдық арыздар да бар. Жергілікті прокуратураның ұсынысымен еңбек инспекторлары мәселеге қатысты мекемелерді тексеріпті. Нәтижесінде, көптеген заңсыздықтар белгілі болған.

— 2013-2014 жылдары жүргі-зілген тексерістер қорытындысы бойынша 53 заң бұзушылық анықталды. Мәселен, Бірлік ауылындағы «Шағала» балабақшасында Б.Қыстаубаеваның арызы бойынша жоспардан тыс жүргізілген тексеру кезінде 12, Атырау мұнай және газ технологиялық колледжінде 15 заң бұзушылық тіркелді, — деді Салауат Нұрымжанұлы.

Басқарма басшысының әңгімесіне қарағанда, заңсыздықтардың негізі құрылымдардағы еңбек шарттарының жасақталмауы, оның мазмұнының заң талаптарына сәйкес келмеуі, әлеуметтік жәрдемақылардың уақытылы төленбеуі, жалақының кешіктірілуі секілді жағдайларды құрайды. Сонымен қатар, оқыс оқиғалардың салдарынан туындайтын жағдайлар да аз кездеспейді. Биылғы жылдың 21 маусымы күні Қызылқоға ауданындағы «Қаракөл» орта мектебінде орын алған жайт соған мысал. Оқу орнындағы ішкі жөндеу жұмысы кезінде еден жуушы М.Шоқпарова  дене шынықтыру залының қабырғасын ақтап-сырлап жатып, құлап кетеді. Екі жарым метр биіктіктен құлаған жан дәрігерлердің бақылауынан өтіпті, Атырау облыстық ауруханасындағы дәрігерлер науқастың дене жарақаты «ауыр» деген тұжырымға келген. Бірақ, мектеп ұжымы оны елемеген.

— Тиісті комиссия тексере келе жинақталған құжаттарды басшылыққа ала отырып, жазатайым оқиғаны өндірістегі жарақат ретінде бағалады, — деді облыстың бас еңбек инспекторы.

Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев заң бұзушылықтар жиі орын алған ауданның білім саласы басшыларын, мектеп директорларын орындарынан көтеріп, сауал қойды, ахуалдың себебін сұрады. Жиында бұрын сотталған адамдардың мектептерде алаңсыз жұмыс жасағандығы айтылды. Сонымен қатар, осындай келеңсіздіктер қазір де кездеседі екен. Мәселен, Махамбет ауданындағы «Бүлдіршін» балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Нұрлығыз Құспанғалиева бұрын істі болған жанның сот арқылы балабақшаға қайтадан жұмысқа тұрып жатқандығын баяндады. Соған орай қойылған сауалға прокуратура өкілдері «мәселенің заңдылығын жете қараймыз, тексереміз» деп жауап берді.  

Келтірер болса, мұндай мысалдар аз емес. «Сондықтан, кемшіліктерді жою және оның алдын алу үшін талап күшейе түсетін болады» деп сөзін қорытындылады облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев.

Азамат Базарбаев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button