Депутаттар демократияның жүрегі
Парламент депутаттары елімізде қабылданатын заңдардың конституцияға сай болып, ол заңдар адамдардың құқықтарының бұзылмауына, іс жүзінде өмірлеріне іске асуына жауап беруі керек. Сонымен қатар, парламент депутаттары республикалық бюджеттің бекітілуіне жауапты екендігі белгілі.
Облыс пен қала мәслихаттарының депутаттары да өздері сайланған әкімшілік аумақтарында халықтың тұрмысына қолайлы жағдай жасалуына, қабылданатын қаулылар мен бюджеттің қалыптасуына жауапты болады. Сондықтан, депутаттардың білімді де білікті болуы міндетті. Әрине, өмірлік тәжірибесі болғаны да артық етпейді. Әрбір депутат түрлі деңгейдегі заң актілерін оқып, оны түсініп, талдай алатын, азаматтардың сол заңмен реттелетін қоғамдық қатынастар аясындағы қарым — қатынастардағы мәселелерді заңмен ұштастыра отырып, оны өзгертуге немесе толықтыруға ұсыныстар бере алуға қабілетті болуы керек деп санаймын. Ол үшін заңгер болуы міндетті емес. Айталық, банкир немесе ауыл шаруашылығы саласының қызметкері, т.с.с. білікті маман болса, өз саласындағы заңдарды өте жақсы білсе, мәселелерді де көріп, заңдарға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс беруге қабілетті бола алады. Елімізде тез арада шешімін табуы қажет мәселелер жеткілікті. Айтар болсақ, біріншіден, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту керек. Жемқорлық бүгінде біздің көптеген салада кездеседі. Онымен күрес жүргізу үшін мемлекеттік органдардың қызметіне, мемлекеттік ішкі аудит департаменттерінің жұмысына құзырлы органдардың тарапынан қадағалау кемшін болып отыр деп ойлаймын.
Екіншіден, мемлекетіміздің ең негізгі құндылығы – адам құқығын қорғау мемлекетімізде алдыңғы орында болуы қажет. Ол үшін «қаңтар қырғыны» құрбандарының әрбіріне қатысты қылмыстық істер, азапқа ұшырағандардың қылмыстық істері объективті түрде, толықтай жанжақты тергелуі керек. Әскери борышын өтеуге барған сарбаздарымыз айдыңкүннің аманында қапыда қаза тауып жатыр. Олардың өліміне қатысты қылмыстық істер «сөзбұйдалыққа» салынып, сағызша созылуда. Елімізде адам өлімімен оның құқықтарының бұзылуының әрбір фактісі әділ тергеусіз қалмауы қажет. Ондай қылмыстық істердің тергеу барысы туралы ақпараттар ашық жариялануы тиіс. Үшіншіден, экономиканың дұрыс жолға қойылғаны жөн. Ең алдымен, бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауды жою керек. Мысалы, 2021 жылы Есеп комитеті еліміздегі мемлекеттік органдарда 1,7 трлн. теңгенің заңбұзушылығын анықтады. Оның ішінде 399 млрд. теңге – қаржылық заңбұзушылық, 255 млрд. теңгеге тиімсіз жоспарлау болса, ал 1 трлн. теңгеден астам бюджет қаражаты, мемлекет активтері тиімсіз пайдаланылған. Бұл жергілікті атқарушы органдардың өз қызметін дұрыс атқармағанынан орын алып отыр. Мысалы, мен Атырау қалалық мәслихатының VI шақырылымының депутаты болған кезімде қаладағы салынуы жоспарланған құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құжаттамаларына (ПСД) арнап бөлінетін қаражаттың өте көптігін, олардың бүгінгі нарықтағы бағадан бірнеше есе жоғары екенін айтып, депутаттық сауал жолдап жүрдім.
Ең өкініштісі, 50-70 млн. қаражатқа жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталған құрылыстар іске аспай, осы құжаттардың екі жылдық мерзімі өтіп кетіп, тиімсіз болып қалған жағдайлар қаншама?! Бұл біздің облысымызда ғана емес, республика бойынша кездесетін жағдай. Есеп комитеті бұл туралы жиі айтады. Сондықтан, келесі жылы қаржыландырылуы әлі белгісіз болып тұрған нысанның жобалық құжаттамасына қаражат бөліп жасату тиімсіз болмақ. Бүгінде елімізде қымбатшылық жайлап, көптеген отбасылар қарызға, тіпті несиеге тамақ сатып алуға мәжбүр. Осындай жағдайда бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлап, пайдаланған мемлекеттік қызметшілер қатаң жауапкершілікке тартылуы керек. Сұраныс күшеймей, бұл сала дұрысталмайды. Экономикамызды көтеріп, халықтың әл ауқатын арттыру мәселесі ел Үкіметінің алдында қалай тұрса, мемлекет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі де тура сондай деңгейде тұруы керек. Себебі, бірінсіз бірі болмайды. Қалай болғанда да, мен депутаттарымыздың халықтың үнін билікке жеткізіп, мемлекет қабылдайтын шешімдерді оның тікелей игілігін көруші халықтың мұң-мұқтажымен үндесе отырып жүзеге асырылуына ықпал еткенін қалаймын. Депутаттар демократияның жүрегі болуы тиіс. Ол әрбір сайланған депутаттың өзіне, ар-ұжданына байланысты.
Салтанат РАХИМОВА, заңгер