БИЫЛ ЖОЛДАРЫМЫЗ ЖАҚСАРА ТҮСЕДІ

Сүйіндік, Миялы ауылдары мен Құлсары қаласынан әуе айлағын салу жоспарланып отыр. Шағын авиация саласын дамыту арқылы елді мекен тұрғындарының облыс орталығымен қатынасын жеңілдетуді көздеп отырған бұл жаңалықтарды өңірімізге іссапармен келген Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев жергілікті активпен кездесу барысында хабарлады.

Министр Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының қабылданғандығын хабарлады. 

Белгілі болғанындай, аталмыш бағдарлама аясында Атырау облысында автостансаның, алты бірдей жолаушыларға қызмет көрсету пунктінің және 67 такси тұрағының құрылысы жоспарланған. Бұдан бөлек, ел бойынша он бір әуежай халықаралық стандарттарға сай қайта жаңғыртудан өтетін болады. Ақтау порты кеңейтіліп, тоғыз вокзал мен қырық бес автостанса салу да жоспарланып отыр. «Сондай-ақ, халықаралық сауда жасауда және қазіргі заманғы логистика, дистрибуция орталықтарын дамытуда әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған іс-шаралар кешені белгіленді. Ендігі жерде жүкті тасымалдауда қажетті құжаттар санын қысқарту, электрондық құжат айналымын енгізу, шекара өткелдерінің өткізу қабілетін арттыру мәселелеріне ерекше мән беріледі» деді ол. Асқар Жұмағалиевтың пікірінше, аталмыш бағдарлама тұтас елімізге оң әсерін тигізеді, қазіргі көлік инфрақұрылымының оңалтылуына, қызмет сапасының артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. 

Аталмыш бағдарлама аясында 2020 жылға дейін 27 мың шақырым автожолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов жеткізді. Оның айтуынша, аталмыш бағдарлама аясында биылғы жылы Батыс Еуропа-Батыс Қытай жолының 1725 шақырымы ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, орталық және батыс аймақтар үшін стратегиялық маңызы зор болып табылатын «Астана-Арқалық-Ақтау» бағытындағы тас жолының бүгінде Бейнеу үстімен құрылысы жүріп жатыр. «Жалпы, жоғарыда аталған бағдарлама аясында республикалық маңызы бар жолдарға 100 миллиард теңге қаражат қаралды. Бүгінде Атырау-Ақтөбе бағытындағы тас жолға жөндеу жұмыстары жүріп жатыр» деген ол бұдан бөлек Атыраудағы жергілікті жолдардың 80 пайызын қанағаттанарлық деңгейге жеткізу үшін бағдарлама шеңберінде 31 миллиард 400 миллион теңгенің қаралғанын жеткізді. 

Республикалық тасымал көрсеткішінің бар болғаны 7-8 пайызын Атыраудағы темір жол қатынасы құрайды екен. Аталмыш министрліктің Көлік және қатынас жолдары комитетінің төрағасы Еркін Мейірбеков ендігі жерде тасымалданатын жүк көлемінің көрсеткішін арттыру керектігін айтады. Ел экономикасының стратегиялық саласы саналатын темір жол қатынасын дамыту бағытында бүгінде Жезқазған-Бейнеу жолтабаны құрылысының салынып жатқанын жеткізген ол, жыл аяғына дейін 70 километр темір жол желісін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. 

Актив жиналысында облыстық мәслихат депутаты Сайын Қуанышев, Атырау аграрлық- техникалық колледжінің директоры Болат Қожиев сөйлеп, ойларын ортаға салды.

Жиынды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қорытындылап, қатысушыларға біраз жаңалықтарды жеткізді. Үстіміздегі жылдың күзінде Атырауда Қазақстан-Ресей ынтымақтастық аймақаралық форумының өтетіні белгілі. «Осыған орай, Атырау мен Астрахан тас жолы биыл жөндеуден өтеді. Бұл жөнінде Премьер-министр Серік Ахметовпен арада келісім бар» деген облыс басшысы биылғы бюджетке, сондай-ақ, Мақат жолының құрылысын салу енгізілгендігін мәлімдеді. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз