ДЕПУТАТТЫҚ КОРПУСҚА – ТЫҢ КҮШ
Жиынға төрағалық еткен Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев партия жұмыстарын жетілдіруде жастардың рөлі зор екенін айтып, конференцияға қатысқан мемлекеттік сала қызметкерлері мен кәсіпкерлерді, үкіметтік емес ұйым өкілдерін, партия мүшелері және ардагерлерді сайлауалды бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.
Жиын барысында бағдарламаның артықшылығын атап өткен Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің директоры Бағыт Шеркешбаева өңірімізде білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту саласында жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды. «Мәселен, білім беру бағыты бойынша 2017 жылға жоспарланған 400 мектептің орнына 523 мектеп салынып, тапсырма мерзімінен бұрын әрі 30 пайыз артық орындалды. Келер жылға дейін 3-6 жас аралығындағы балалардың 80 пайызы, мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету бағытындағы меже де уақытынан бұрын жүзеге асты», — деді ол. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасындағы Елбасы атап өткен бес басым бағытқа тоқталып, Мәжіліс депутаттығына үміткер азаматтарға сәттілік тіледі.
Ал, «Сарайшық» өндірістік кооперативінің бас директоры Тамила Розметова республика халқының 44 пайызы ауылдық жерде өмір сүретіндіктен, елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың маңызды екендігін атап өтті.
— Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында ауылды да назардан тыс қалдырмады. Ауыл шаруашылығы экономиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан, ұлан-байтақ жерімізді ел игілігі үшін игеріп, өнім өндіруге бет бұруымыз керек. Бүгінде біздің шаруашылығымыздағы 1000 бас асыл тұқымды ешкіден алынған сүттің сапасы жоғары. Халықаралық стандарттарға сай. Бәсекеге қабілетті. Алайда, мұндай нәтижеге біз оңайлықпен қол жеткізген жоқпыз. Еліміздегі жас буын еріншектікке мойын бұрмай, қиын сәтте сағын сындырмай өз ісін ашып, халықтың қажеттілігіне жарай білуі керек, — деді.
Кезектен тыс конференция отырысында түрлі сала бойынша жетістіктерге жетіп, ел экономикасын дамытуда елеулі үлес қосып жүрген 19 азамат Атырау қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды. Сондай-ақ, бүгінге дейін жұмыс атқарып келген қалалық мәслихат депутаттарының 70%-ға жуығы жаңаратындығы мәлім болды.
«Жол картасы 2020» жобасын жүзеге асыру барысында еліміз бойынша мыңдаған жас тұрақты жұмысқа орналасты. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында жас отбасылар пәтер иесі атанды. Халықаралық «Болашақ» стипендиясы 10 мыңнан астам жас қазақстандыққа әлемнің 33 мемлекетіндегі 200-ге жуық жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік берді. «Мықты бизнес – қуатты мемлекет» жобасы аясында 15 мың адам бизнесті ашу және дамыту бойынша білім алып, 1350 адам өз кәсібін бастады. «Біздің ауыл» жобасына сәйкес ауылдық жерлерде 10 мыңнан астам әлеуметтік маңызды шара өтті.
Бетті дайындаған: Мәлике ҚУАНЫШЕВА.
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.