Жарнама
Саясат

ДЕПУТАТТЫҚ КІМГЕ БҰЙЫРАДЫ?

 

Әсіресе, әлеуметтік желілерде қазір мәжілісмендікке ұсынылған кандидаттар тізімі талқыға түсіп жатыр. Өзара «қызыл кеңірдек» болған ғаламтор пайдаланушылары «Нұр Отан» партиясы ұсынған әнші, боксшы, өзге де өнер жұлдыздарының есімін сарапқа салып әлек. Әсіресе, Геннадий Головкин, Илья Ильин, Қайрат Нұртас, Жанар Доғалова, Нұрлан Әлімжановтар есімдерінің болашақ кандидаттар тізімінен табылуы пікірталастың шоғын үрлей түсті. Біреулер «әншілер мен спортшылар халыққа саясатқа араласпаған күйінде керек» десе, Баян Есентаева сынды танымал продюссерлер өнердегі әріптестерінің Мәжіліс мінберінен көрінуіне қолдау білдіруде. Ал, «сырт көз» деп аталатын үшінші бір топ –  өткен жұма күні «нұротандықтарды» жинаған партияның съезінде қабылданған бағдарламаны – «дағдарысқа қарсы формула» деп бағалауда.

«Патриоттармен» біріккен «Ауыл» халықтық-патриоттық партиясы да ақпанның алғашқы күнін съезд өткізумен бастады. «Ауылға дәстүрді қайтарамыз» деп аталатын сайлауалды бағдарламасын бекіткен партия Мәжіліске үміткер ретінде 19 кандидаттың тізімін ұсынды. «Ауыл» ұсынған үміткерлердің арасында Қазақстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Бөрібай Жексембин, Ұлттық кітапхананың директоры, жазушы Әлібек Асқаров бар. «Ауылдың өркендеуі – елдің өркендеуі» деп санайтын партия қажетті  дауыс жинаймыз» деп мәлімдеді.

Белгілі қоғам қайраткері Жармахан Тұяқбай бастаған Жалпыұлттық социал-демократиялық партия да депутаттыққа үміткер 27 кандидаттың есімін атады. Олардың қатарында белгілі желтоқсаншы Құрманғазы Рахметов, экс-сенаторлар Зәуреш Батталова, Уәлихан Қайсаров және Жармахан Тұяқбай бар. Өздерін «конструктивтік партия» деп жариялаған социал-демократтар «біздің мақсатымыз – қоғамда бар проблеманы билікке жеткізіп, оны шешудің тиімді жолдарын көрсету» дейді.

Сайлауға үлкен дайындықпен келген саяси ұйымдардың ішінен – «Бірлік» партиясын атауға болады. «Әділет» және «Руханият» партияларының қосылуынан құралған су жаңа ұйым – «Мәжілістің де, мәслихаттың да сайлауына қатысамыз» деп белсеніп отыр. «Әзірге біз халық арасында аса танымалдыққа ие емеспіз. Дегенмен, біздің де ойларымыз, ұсыныстарымыз бар. Біз жастардың ауылдан кетпеуі үшін бар жағдайды жасауға дайынбыз. Дамымаған ауыл «ұйықтап қалады» дейді партия төрағасы Серік Сұлтанғали. «Мәжіліске ел Үкіметімен конструктивті диалог орнататын адамдар керек» деп есептейтін бірліктіктердің съезі 5-ақпанда өтеді.

Парламентте біраз тәжірибе жинақтаған «Ақ жол» мен «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» да сайлауалды дайындықтарын шыңдап жатыр. «Ақ жолдың» кімдерді кандидаттыққа ұсынатыны съезден кейін белгілі болады. Ал, коммунистер күні кеше Мәжіліс депутаттығына 22 кандидат ұсынды. Тізімнің ішінде бесінші шақырылымдағы депутаттармен бірге партияның Атырау облыстық филиалының төрағасы Ерболат Дәулетқазиевтің  де есімі аталды. 

Айта кеткен жөн, кезектен тыс Парламент Мәжілісінің сайлауы – 20 наурызға белгіленді. Мәжілістегі 107 креслоның иелері партиялық тізім арқылы және Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен анықталатын болады.

P.S. Ең бастысы, партиялар халық сенімінен шығуы тиіс. Мандаттың кімге бұйыратыны партиялардың нақты жұмысынан кейін белгілі болады.

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

 Сіз не дейсіз?

Жұмабай  ДОСПАНОВ, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы:

«Ортақ  мүддеге бірігу  маңызды»

 «Дағдарыстың салдары 2019 жылға дейін созылады» деген болжам бар. Кейбір экстремистік топтар осындай экономикалық қиындықтарды пайдаланып кетуі де мүмкін. Біз қоғамды осындай жағдайлардан сақтандыра отырып, әлеуметтік, экономикалық дамуға жұмыс істейтін боламыз.

Ал, «болашақ Парламент қандай партиялармен толығады»  дегенге  келер  болсақ, бұл жерде шет елдің тәжірибесін қолдануды ұсынар едім. Мынадай экономикалық қиындық кезінде өркениетті елдер Парламентке барлық партияны да жібереді. Бұл – ортақ жауапкершілікті барлық партияның бірге көтеруі деген сөз. Егер Парламентке сайлауға қатысатын алты партияның барлығы да өтетін болса, саяси ұйымдардың ортақ мүдде жолында бірігуіне жол ашылар еді. 

 

Әлібек АСҚАРОВ, «Ауыл» халықтық-патриоттық партиясының өкілі:

«Мақсат – ауылды өркендету»

«Алматының асфальтымен алшаң басып жүргеніміз – ауылдағы ағайынның арқасы» деп кезінде Оралхан Бөкей бауырымыз айтып кеткен еді. Расымен де, ауылды көтермей, «елді дамытамын» деу қателік. Біздің партия – қазақтың түп тамыры болып табылатын ауылды өркендетуді көздейді. Партияның сайлауалды бағдарламасы бес бағыттан тұрады. Сол бағыттардың қай-қайсы да халықтың көкейінде жүрген мәселелерді көтеруімен құнды». 

 

Сырт көз

 

Максим  КАЗНАЧЕЕВ, саясаттанушы:

«Сайлау алдымен партияларға керек»

 

«Партиялардың парламенттік сайлауға қатысуы ең әуелі олардың өздері үшін керек. Мәжіліс сайлауының нәтижелері кейбір партиялар үшін сәтті болмаса да, бұл науқан олардың ұйымдастырушылық, ақпараттық-сараптамалық қарымын бағалауға пайдалы болады».

(Интернет-басылымдарға берген сұхбатынан).

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button