Жарнама
Саясат

ҮДЕМЕЛІ ДАМУДЫҢ БАЙЫПТЫ БАҒЫТЫ

Мәдениет үйіндегі жиынды аудан басшысы Мақсым Ізбасов кіріспе сөзбен ашып, Ұлт жоспары аясында Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, мемлекеттің одан әрі дамуын қамтамасыз ететін «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Біртектілік пен бірлік», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бағыттары бойынша нақты қадамдардың жүзеге асырылатындығын атап көрсетті. 

Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң бекітіледі

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне қарасты Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Шыңғыс Әлекешов кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырудың қадамы аясында жасақталған тұжырымдамалық ұсыныстың Мемлекет басшысы тарапынан мақұлданғандығына тоқталды. Оның біріншісі, мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу. Бұл ретте мемлекеттік қызметке алғаш келгендер кәсіби қызметін төменгі лауазымнан бастайтын болады. Және де оларға 3+3 формуласы бойынша сынақ мерзімі тағайындалады. Үш айлық сынақ мерзімі қорытындысымен теріс бағаланған мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылады.

Мансаптық жоғарылау жеңілдетілген тәртіппен және қысқа мерзімдегі ішкі конкурс арқылы жүргізілетін болады. Конкурсқа төменгі лауазымдардағы тәжірибесі бар мемлекеттік қызметшілер қатыса алады. Бос орындарды толықтыру үшін мемлекеттік орган қызметкерлері арасында іріктеу қарастырылған. 

Біртектілік пен бірлік – біртұтас ұғым

Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аға сарапшысы Айдын Лұқпанов біртектілік – ұрпақтар үдерісі болғандықтан, барлық жұмыс «Мәңгілік Ел» жаңа буынын қалыптастыруға бағытталатынын сөз етті.

— Жаңа қазақстандық біртектілік экономикалық, әлеуметтік және мәдени мүмкіндіктер теңдігі, өмір сүру сапасы, тұрақтылық жүйесінде құрылады. Сондықтан, «Болашағы біртұтас ұлт» реформасының мақсаттары іргелі, базалық негіздерге – кәсіби мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысына, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, экономикаға, есеп беретін мемлекеттің транспарентті жұмысына сүйенген кезде қолжетімді болады. Біртектілік пен бірлік бойынша барлық жұмыс Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында жүргізіледі. 

Әлеуметтік көмектің алғы шарты

— Ұлттық жоспардың 84-ші қадамы «Әлеуметтік көмекті, оның атаулылығын күшейте отырып оңтайландыру» мәселесін алға қойып отыр. Яғни, алдағы уақытта әлеуметтік көмек мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж азаматтарға ғана берілетін болады. Бұл аз қамтылған отбасыларындағы еңбекке қабілетті азаматтардың жұмыспен қамтылуына немесе өзін-өзі жұмыспен қамтып, қажетті мөлшерде табыс табуына ықпал етіп, кедейлік деңгейінен біржола шығуына ықпал етуі тиіс, — деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Самат Шандыбаев.

Бұл бағыттағы жұмыстар Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің халықтың әлеуметтік әлжуаз санаттарының кедейлік деңгейінен біржола шығуына көмектесу мақсатында ұсынып отырған «Өрлеу» шартты ақшалай көмек жобасында көрініс тауып отыр. Бұл жоба ағымдағы жылдың шілде айынан бастап  Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында пилоттық режімде енгізілу үстінде.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысу стационарлық, амбулаторлық емделудегі, үш жасқа дейінгі балаға, он сегіз жасқа толмаған мүгедек балаға, бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж мүгедектерге, егде адамдарға күтім жасаумен айналысатын адамдарды қоспағанда, отбасының еңбекке қабілетті барлық мүшелері үшін міндетті шарт болып табылады.

Есеп беретін мемлекет қалыптастыру

Атырау облыстық мәслихатының аппарат басшысы Тамара Амантурлинаның айтуынша, Ұлт жоспарының басты бағыты – есеп беретін мемлекетті қалыптастыру. Бұл ретте атап өтетін жайт, болашақта шалғайдағы шағын елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізіледі. Транспарентті және халыққа есеп беретін мемлекет құру мақсатында «Адамзат үшін Үкімет» деп аталатын мемлекеттік корпорация құрылады. Сөйтіп, халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтар бір жүйеге топтастырылады. Бұл – тағы да сол ауылдар мен елді мекендерді одан әрі дамыту деген сөз.

Тамара Өтегенқызының сөзін облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Аслан Құмаров одан әрі жалғастырды. – Бір жаңалық – селолық округ, ауыл, село, кент, ауылдық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың (ЖӨӨБ) дербес бюджеті енгізілетін болғандығы. Бүгінгі таңда жергілікті ауыл, кент әкімдіктерінің бюджеті жоқ, әрі коммуналдық меншік болмағандықтан, салық түсімдерінің аздығынан олар халықтың мұң-мұқтажын аудан, қала әкімдеріне жеткізіп, өз округтерінде ештеңе шеше алмай отырғаны белгілі. Сондықтан ЖӨӨБ органдарының жеке бюджетін жасақтау үшін үш кезеңнен тұратын шаралар дайындалу үстінде. Тұжырымдап айтқанда, 2016 жылдан бастап заңды тұлғалардан түсетін жер мен көлік салығын ЖӨӨБ-ге беру, мамандарды оқытып үйрету, 2018 жылдан  бастап «жергілікті өзін-өзі басқаруда коммуналдық меншік» институтын енгізу, 2020 жылдан бастап саны екі мыңнан аз елді мекендердің бюджетін қолға алып, жергілікті қоғамдастық жиыны негізінде ЖӨӨБ-дың өкілді органын құру. Бұл жұмыстардың барлығы ауыл, кенттер деңгейінде жеке бюджетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Облыстық статистика департаментіне қарасты үйлестіру және жинақтау басқармасының басшысы Өркен Сакенов орталық мемлекеттік органдардың статистикалық базалары мәліметтеріне онлайн қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, барлық бюджеттік және топтастырылған қаржылық есеп, сыртқы қаржы аудитінің нәтижелері, мемлекеттік саясат тиімділігін бағалау қорытындылары, мемлекеттік қызметтің сапасын қоғамдық бағалау нәтижелері, республикалық және жергілікті бюджеттің орындалуы туралы есеп жарияланатындығын қаперге берді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дина Камелова жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу негізгі бағыттардың бірі екендігіне тоқталды. – Бәсекелестік есебінен қызметтің қолжетімділігі мен сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайындағы бастапқы медициналық  әлеуметтік көмекті қаржыландыру – бәсеке есебінен медициналық ұйымдардың корпоративтік басқару қағидаттарына көшуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін нығайту қажеттігі туады.

Жиынды облыстық мәслихат аппаратының басшысы, топ жетекшісі Тамара Өтегенқызы қорытындылады. Негізгі мақсат – билікті халыққа неғұрлым жақындата түсу. Ал, біздің міндетіміз – Елбасы бағыт-бағдарын айқындаған нақты міндеттерді мінсіз орындап, Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына өз үлесімізді іздену, іскерлік тұрғысынан аянбай қосу болмақ керек.    

 

Қаржау ОРАЗБАЕВ, меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button