Жарнама
Саясат

ДАҒДАРЫСТАН ДАҒДАРМАУ ҮШІН

 Жол  азабын жүрген  біледі

— Оразғали Төлеуғалиұлы, Елбасының биылғы Жолдауының ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

— Жалпы, Елбасының әр Жолдауының өзіндік ерекшелігі бар. Олардың бірінен екіншісі маңызды. Биылғы Жолдау әдеттегідей келер жылдың басында емес, өтер жылдың соңында жасалды. Өйткені, Жолдауда айтылған жайлардың бәрі алдымыздағы жылдың алғашқы күнінен бастап қолға алынуы тиіс. Үкіметке жедел жүзеге асырылатын нақты тапсырмалар берілді. Себебі, Елбасының өзі айтқанындай, енді ырғалып-жырғалып жүретін уақыт жоқ. Бүгінде дүние жүзі жаңа сындармен де, тың қатерлермен де бетпе-бет келіп отыр. «Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ» деді Мемлекет басшысы. Ащы да болса шындықты ашық айтып отыр. «Ауруын жасырған өледі» деген бар. «Бізде бәрі жақсы» деп өзімізді алдаусыратқанмен, қиындықта күйзеліске ұшырасақ, халық ауыртпалыққа душар болмай ма? Яғни, алдын алу шаралары шұғыл алынуы шарт.

— Осындай жағдайда республикада алып жол құрылысы қолға алынбақ.

— Жол – экономиканың күретамыры. Елбасы айтқанындай, «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі». Аймақтар Астанамен тоғыз жолдың торабы арқылы тоғысып жатса, облыстардың да әл-ауқаты артпай ма? Өңірлердің өзара қарым-қатынасы бекиді. Мәселен, Астана-Ақтөбе-Атырау және Атырау-Астрахан автожолдарының жобасы жүзеге асырылуы мұнайлы мекенді Елордамен де, Ресеймен де сенімді байланыстырады.

«Жол азабын жүрген біледі» деген бар. Бұдан біраз жыл бұрын Атырау-Құлсары тас жолының қандай болғанын білеміз ғой. Жылыой секілді өнеркәсібі өркендеген өңірдің облыс орталығымен байланысы тым нашар еді. Құлсарыдан ертелетіп жолға шыққан жолаушы түс ауа Атырауға діңкелетіп әрең келетін. Қаншама көлік межелі жеріне жете алмай қирады. Атырау-Ақтау автожолы жобасы жүзеге асырылуына байланысты бұл проблема оңынан шешілді.

Маңғыстау облысының елді мекендері де бізбен еш қиындықсыз қарым-қатынас жасай алатын дәрежеге жетті. Сайып келгенде, Ақтау келешекте Астанамен Атырау арқылы байланысатын болады. Сонымен қатар, Бейнеу беттен Орта Азияға шығу мүмкіндігі туындады. Атырау жағрапиялық орналасуы тұрғысынан Еуропа мен Азияны жалғастыратын алтын көпір саналады. Демек, келешекте Елордадан көршілес мемлекеттерге ағылатын көлік нөпірі біз арқылы өтеді. Ал, іргеде Ресейдің Астрахан облысы болғандықтан, бұл елге де шығуға жағдай жасалмақ. Мен республиканың өзге өңірін қамтымай, тек Атырауға қатысты жайды ғана айтып отырмын. Тұтас ел көлемімен таразыласақ, алып жол құрылысы жүргізілмек. Мен біраз облыста жұмыс жасадым, олардағы жағдаймен қанықпын. Қазір ойлап отырмын, солардағы ахуал да жақсарады. 

Әлеуметтің әлеуеті  артады

— Осындай жұмыс көлемі жүргізілуіне орай әлеуметтік ахуал да оңалмай ма?

— Әрине. Жолдауда айтылғанындай, тек жол құрылысына ғана 200 мың шамалы адам тартылады. Миллионның бестен бір бөлігі. Демек, осыншама отбасы тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етіледі.

Мен сізге мынадай статистикалық мәліметті ұсынайын. Жыл басынан бері аймақта 4932 жұп отбасы ретінде құрылса, соның 1421-і ажырасып үлгеріпті. Негізгі себептерінің бірі – жұмыссыздық. Жастар бүгін бір-бірін ұнатып қосылғанымен, ертең отбасын ұстай алатын табысы болмаса, өмірлері үйлесе ме? Бұл бөлек әңгіме болғанымен, жалпы республикада мамандық дайындау жүйесін түбірімен өзгерткен жөн. Қазір біздің жоғары және орта арнаулы оқу орындары түрлі мамандық иелерін топ-тобымен дайындап жатыр. Құдды инкубатордан шыққан балапандар тәрізді. Ал, солардың бәріне жұмыс бар ма? Қаптаған заңгер, экономист, қаржыгер, т.б. кімге керек? Демек, Елбасы айтқанындай, жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру қажет. Өзіңіз білесіз, кеңестік кезеңде жұмысшының жалақысы инженерден жоғары болатын. Өйткені, ол өндіріс тұтқасы саналды. Ендеше, қазір неге қадірсіз болмақ? Сайып келгенде, озат техника мен озық технологияны меңгерген жұмысшы анау-мынау инженерден артық. Міне, қазіргі жұмыссыз жүрген жастар қайта оқытудан өткізіліп, қолға алынғалы жатқан алып жол құрылысына араласса, отбасы бюджетіне қомақты қаражат құйылмай ма?

Жалпы, жұмысы жоқ жанның тұрмысы да оңбайды. Сондықтан, Елбасының елімізде жұмыссыздықты барынша азайтуға бағытталған шараларды жүзеге асырып жатқандығы – халыққа көрсетілген үлкен қолдау. Мен әбден шектен шықпаса, ешкімді қызметтен шығармауға тырысамын. Өйткені, жұмыстан бос адам өзін қоғамнан да тыс сезінеді.

Әлеуметтік ахуалды сауықтырудың тағы бір жолы – тұрақты баспана. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде маған сайлаушыларым осындай өтінішпен де келеді. Рас, облыста тұрғын үй құрылысы жүруде. Бірақ, үлгертер емес. Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтқанындай, жас отбасыларына арналған көп қабатты үйдегі бір пәтерге 16 өтініш түскен. Солардың бәрі мұқтаж. Міне, осы зәрулікті өтеу үшін тағы бір тұрғын үй мен жатақхана құрылысы қолға алынбақ. Бірақ, бұл да аздық етуі мүмкін. Демек, құрылыс жалғасады.

Әйтсе де, сол тұрғын үйлерге несие беретін құрылымдардың делдалдық қызметі көп ретте кедергі де келтіреді. Кейбір жас отбасыларының жалақысы алдын ала төлемге жетпей, банкілердің қатаң талабына сай келмей жатады. Бұл да – үлкен қиындық. Қазақ «үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді. Кейбір жас отбасыларының ажырасып жатқандарының бір себебі де осы.

Міне, Елбасы Жолдауында бұл проблеманың да түйіні тарқатылады. Енді баспананы ешқандай делдалдарсыз тікелей алу ұсынылып отыр. Бастапқы жарнаның болмауы және ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтарға қолжетімді ете түседі. Жолдауда айтылғанындай, жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға 2015-2016 жылдары қосымша 180 млрд. теңге қаралмақ. Бұл қолдау осы бағыттағы біраз мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді.

Тұрғын үй салумен қатар оны күтіп ұстау да бар. Міне, бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуға қатысты берілген тапсырмада көрініс тапқан. Қазір қалалықтардың бір бөлігі үйлерінің салқындығын айтып жатады. Жылу жеткілікті беріліп жатыр. Біздің ешкімнен жасырын сырымыз жоқ. Кез келген тұтынушы қаншалықты жылу энергиясын шығарып жатқандығымызды өздері көруіне болады. Оны тарату да жақсарды. Соңғы жылдары жүзеге асырылған инвестициялық бағдарламалар нәтижесінде жүздеген метр құбыр ауыстырылды. Әсіресе, орталық көпірдің астындағы магистральды желінің жаңғыртылуы – үлкен жетістік. Енді біз қаланың арғы жағалауындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік және бизнес құрылымдарын жылумен қамти аламыз. Облыс басшылығының «Нұрсая» ықшам ауданын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жоспары да содан туындап отыр. Алдағы уақытта Балықшы елді мекенін де  қамтимыз.

Міне, осы орайда сол үйлерді күрделі жөндеу мәселесі туындайды. Есіктері аңғал-саңғал, тұрбалары тесік үйлер жылынар ма? Қазір біз көшелердегі ескі құбырларды ауыстырып болып қалдық. Бұрынғыдай буы аспанға атып жатқан тұрбалар жоқ. Енді сондай жаңғырту жұмыстарын әр үйге жасау қажет. Атырауда бұл бағытта шаралар жүзеге асып жатыр. Бірақ, әлі де күрделі жөндеу күткен үйлер жеткілікті. Алдағы уақытта солар қамтылуы шарт.

Мемлекет барлық қаржы көздерінен 2020 жылға дейін әр жылы кем дегенде 200 млн. теңге бөлу арқылы барлығы екі триллион теңге жұмсағалы отыр. Бұдан артық қандай қолдау болмақ? Сайып келгенде, сол үйлердің бәрі де жекешелендірілген. Соған қарамастан, мемлекет қаражаты да қоса жұмсалмақшы. Әрине, шығынның бір бөлігін тұрғындардың өздері көтереді. Мұндағы басты талап – жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуі.  

Баршаға мәлім, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы біраз жылдан бері маңызды инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Оған қажетті қаражатты біз ешкімнен сұрағанымыз жоқ. Рас, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес тарифпен реттеп отырдық. Онда да тұтынушыға ауыртпалық түсір-меу үшін, ақыны біртіндеп көтердік. Бірақ, қайткенде де, тарифті өсіруге мәжбүр болдық. Әйтпесе, әбден ескірген жабдықтарды жаңғырту мүмкін емес. Сайып келгенде, соның бәрі тұтынушылардың өздері үшін істеліп жатыр ғой.

Елбасы биылғы Жолдауында бұл бағыттағы түйінді де тарқатыпты. «Тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек» деді Мемлекет басшысы. Яғни, коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған жобаларға мемлекет те үлес қоспақшы. Ал, монополия мекемелер қаржысын аз шығарса, тариф те көп көтерілмейді. Осыған байланысты, Жолдауда көрсетілгеніндей, жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғыртуды барынша жеделдету үшін бюджетте қарастырылған қаражатқа қосымша әр жылы 100 млрд. теңге бөлу көзделген. Бұл – үлкен қолдау.

…Әрине, Жолдауда айтылған жеті бағыттың әрқайсысын жеке-жеке талдап, бәрін де жілікше шағып беруге болады. Бірақ, солардың бәрінің бір ғана тұжырымдамасы – әрбір қазақстандықтың төніп келе жатқан әлемдік қаржы дағдарысын дұрыс түсінуі. Оны «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дегендей, жұмыла қарсы тұрып қана еңсеруге болады. Дағдарыстан дағдарып қалмау жолын Елбасы сілтеді. Енді соған үлес қосу, өз отбасын сақтау, сөйтіп тұтас ел экономикасын тұрақтандыру – баршамыздың парызымыз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button