ШОҚПАРТОҒАЙ ШЫРАЙЛАНЫП КЕЛЕДІ

Туған  ауыл  тынысы

Бір кездегі төскейі төрт түлік малға толып, түгін тартса май шығар өлкенің бір пұшпағындай көрінетін бұл өңірді ежелден Шоқпартоғай атап кеткен. Тоғайлы жерде тірлік бар... Округте 2014 жылдың бірінші қаңтары есебімен 3212 бас сиыр, 17421 бас қой-ешкі, 1700 бас жылқы, 947 бас түйе және 150-дей әртүрлі құс тіркеліп отыр.

Бүгінде Қара-Арна селолық округінің кіндігінде үш мыңның үстінде адам шаруа жайлап, түтін түтету үстінде. 

Жуырда ауыл тұрғындары алдында есеп берген ҚараАрна  селолықокругініңәкіміЕрболатЕлеусіновселолық округтің 2013 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2014 жылы алға қойылып отырған міндеттері туралы баяндады. 

Жер  және  шаруа қожалығы

Жер мен Ел – егіз ұғым, жаратылысынан бірі біріне қызмет етеді.Есепті жиында жер мәселесі біраз әңгіменің арқауы болды. Жұмыс жасауға кірісіп кете алмаған шаруа қожалықтарына пайдалана алмай отырған жерлерін мемлекет қорына қайтару керектігі тұрғысында түсінік жұмыстары жүргізіліп, ескертілген екен. Ол нәтижесіз емес. 2013 жылдың ішінде үш бірдей шаруа қожалығы бос жатқан жерлерін мемлекет қорына қайтаруға мәжбүр болды. 

Жалпы Қара-Арна селолық округі бойынша игерілмеген 49 жер бөлігі анықталып, оның 19-ы мемлекет қорына қайтарылса, 23 тұрғынға аумақтық жер инспекциясы арқылы ескерту беріліп отыр.

Ал, өзіне тиесілі жерін ұтымды пайдаланып, оны өз пайдасына тиімді кіріс көзіне айналдыра білгендер ше?! Округ аумағында 58 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. Жыл ішінде шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар 891 тонна ет, 1976 тонна сүт өндірді.

Округтің «Манас», «Дархан дала», «Жомарт», «Боздақ», «Қоскөл», «Ақжал», «Арыстанбек», тағы басқа шаруа қожалықтары Құлсарыдағы жәрмеңкеге тұрақты атсалысып, ет, сүт өнімдерімен аудан тұрғындарын қамтамасыз етуде белсенділік танытып келеді.

Көкөніс өнімдерін арзан бағамен халыққа жеткізу жұмыстары жүргізілген екен. Жылдың соңғы екі айында үш тонна картоп, 700 кг жуа, 200 кг сәбіз, 200 кг қызылша, 500 кг қырыққабат халыққа арзан бағамен сатылған. Ал, қаңтар айына екі тонна картоп, бір тонна жуаға сұраныс беріліпті.

Төрт  түлік  мал  асылы –  «Достан  Атада»

2013 жылдың қорытындысымен, мал басын асылдандыру бағытындағы еңбегі ескеріліп, «Достан Ата» шаруа қожалығының жетекшісі Сержан Балжігітов Елбасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл – бір малбегінің ғана емес, мал қадірін білетін мұқым жұрттың қуанышы еді. Қожалықта 3098 бас асыл тұқымды еділбай қойы бар. Асыл түліктері аудандағы қой малының 18,7 пайызын, түйе мал басының 7,2 пайызын құрап отыр. Іс-тәжірибесі мол шаруашылықтың Ресейден 160 бас мүйізді ірі қара (қалмақ тұқымдас) сатып алғаны игілікті шаруаның бастауына айналды. Енді Мұғалжар тұқымды жылқы малын асылдандыруды жүзеге асыру жолына жұмылу үстінде.

Бұлардың ізін басқан «Ащысай» шаруа қожалығы да малды асылдандыруға бет бұрып, ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жұмыс істеп жатқан жайы бар. «Бірлік» шаруа қожалығынан қырық қошқар сатып алып басталған шаруа өз иінін тауып, бүгінде қожалықта қаракөл қойлардың бір қорасы, яғни бір мың бас еділбай тұқымды қойға айналып үлгерді.

Өңірлерді  дамыту – өзекті  бағдарлама

«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша 2013 жылы «Ботай күп» тоғанына су шығару үшін канал қазылып, тоған кеңейтілді. Бұл жұмыстар 2351,0 теңге құрады. 2014 жылы осы бағдарлама негізінде «Сырым күп», «Жабатай» су тоғандарын кеңейту, қазу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл шаруаға 2783,0 теңге қарастырылып отыр, – деді селолық округтің әкімі Ерболат Елеусінов

Әлеуметтік  нысандар – әл-ауқат  негізі

Жылқы жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша қаражат қаралып, негізгі жұмыстар басталады деп күтілуде. Ауыл тұрғындарын көптен толғандырып, шешімі табылмай жүрген бірқатар іргелі жұмыстар да осы жылы қолға алынбақшы. Оның ішінде ең маңыздысы – селолық емхана құрылысы. Шоқпартоғай-Құлсары бағытындағы 11,5 шақырым тас жолды жөндеуге 96 млн. теңгеге жобалау-сметалық құжаттары жасақталды, оған 1 млрд. 463 млн. теңге қаражат қаралмақшы. Балабақша, дене шынықтыру және сауықтыру кешені алаңдарының жер теліміне шешім шығарылып, «АтырауСтройПроект» мекемесі жобалау-сметалық құжаттарын жасақтап, ендігі мемлекеттік сараптамаға жіберіліп отыр. Бұдан басқа кіші аяқдоп алаңы, мәдениет үйі, демалыс алаңына жер телімдері бөлініп, шешімдері шығып тұр.

Сонымен қатар, ауыл көшелерін жарықтандыру, балалар ойын алаңын салу, Жеңіс бағын көгалдандыру жұмыстары алда да өз жалғасын таба беретін болады.

Селолық округ әкімінің есепті жиналысында туындаған өзекті мәселелерді аудан басшысы Мақсым Ізбасов қорытып, ауыл басшыларына беріліп отырған өкілеттік артықшылықтарды тағы бір пысықтады, ал тұрғындар тарапынан қойылған электр жүйесіне, газға қатысты шешімін күткен жұмыстарды ақырына дейін жеткізуді жиынға қатысып отырған тиісті бөлім басшыларына тапсырды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз