Жарнама
Саясат

Бөгеттер бақылауда болады

Жыл сайын қамыс өртінен зәрезап болған қала тұрғындары биыл да дала өртінің қайталанбауын қалайды. Экологиясы онсыз да көңіл көншітпейтін өңірде бұл оларды жиі толғандырып отырғаны жасырын емес. Осы тәрізді өзекті тақырыптар облыстық мәслихаттың «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген мәжілісінде сөз болды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Руслан Шариевтің сөзінше, биыл облыстың орман алқаптарында ауданы 10 410 гектар болатын 5 өрт және ауданы 36 гектарды құрайтын 3 өрт оқиғасы тіркелген. Өрттен келген шығын – 50,2 миллион теңге.
– Облыс аумағында биыл бекітілген орман-дала өртінің алдын алу және оны жою жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыс жүргізілуде. Трансшекаралық табиғи өрттерді жою үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің Астрахан облысындағы бас басқармасы арасында өзара іс-қимыл жоспары жасалуда. Қазір нақтылау жұмыстары толық аяқталды. Бас басқарма басшысымен тәулік бойы байланысқа шығып отырмыз. Өрт ошақтарын ерте анықтау мақсатында «Ғарыш сапары» мекемесі арасында келісім-шарт жасақталып күнделікті мәлімет алынуда, — деді Руслан Исмағилұлы. Ең
Мәслихат депутаттары былтырғы қамыс өрті кезінде өрт сөндірушілер арнайы құрал-жабдықтардың жетіспеуінен қолдан жасалған құралдармен өрт сөндіргенін сынға алып, сол кездегі ұсыныстардың орындалуы туралы сұрады.
Облыстық мәслихаттың депутаты Сырымбек Сәрсембаев «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты» мекемесін жергілікті меншікке ауыстыру жөніндегі ұсынысқа қандай шешім шығып жатқанын сұрап, өрт сөндірушілерді қорғаныш құралдарынсыз, талапқа сай келмейтін құрал-жабдықтармен өрттің ортасына жіберуге болмайтынын атап айтты. Оған қоса резерваттағы қамысты пайдаға асыра алатын кәсіпкерлерге беруді жүзеге асыру тетігін қарастыруды ұсынды.
– Адам өмірі – ең басты құндылық. Қай нәрсенің де орнын толтыруға болады. Алайда адамның орнын ешкім де, ешнәрсе де толтыра алмайды. Сондықтан, сапалақ секілді дүниелермен өрт сөндіруге қарсымын. Бүгінгідей ғылым мен техника дамыған уақытта бұл орынсыз. Жылыой ауданында қайтыс болған өрт сөндіруші секілді қапияда қаза болса, олардың орнын ешкім де толтыра алмайды. Осы мәселені ескеріп, хаттамаға енгізуді ұсынамын, — деді С.Сәрсембаев.
Департамент өкілінің айтуынша, шетелдік компанияның демеушілігімен 2 дрон, 4 күн батареясы, 20 рация, 4 трактор алынған. Биыл жылдың аяғын дейін 245 миллион теңгеге мемлекеттік тапсырыс негізінде қосымша жаңа техникалар алынады.
Резерватты облыстың иелігіне алу туралы ұсыныстың министрлік тарапынан қолдау таппағанын ашық айтқан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев заң шеңберінде ол жерде жұмыс атқаруға болмайтынын да атап өтті. Алайда кәсіп етемін деген кәсіпкерлер болса қамысты жерлерді тауып беруге болатынын қаперге берді.
– Алдағы уақытта жаңадан мекеме құрылып, су тасқыны кезінде салынған бөгеттерді теңгеріміне алады. Олар сол бөгеттің тұрақты жұмыс жасауына бас-көз болады. Зерттеу-зерделеу жұмыстарының нәтижесінде келесі жылы да осындай мөлшерде су келеді деген болжам бар. Өйткені, бұған дейінгі су тасқыны кезінде 1948-1949, 1971-1972, 1993-1994 жылдары екі жыл қатарынан су келген. Сондықтан қазірден бастап алдын алу жұмыстарын жүргізу керек. Сондай-ақ осындай жиындарда басқарма мамандарын шығарып сөйлеткеннен ұтарымыз аз. Өйткені, депутаттардың ішінде де мамандар бар. Солар атқарылған жұмыстарды, қай басқармамен жұмыс істеу қиын, не үшін ақпарат бермей жатқанын, қаржының қайда бөлініп, не мақсатқа бөлінуінің себебін нақты айтса, біздің қолымызда айқын дерек-мәлімет болар еді. Алдағы уақытта осыны ескеруді сұраймын, — деді Қайрат Талапұлы.
Облыстық мәслихат депутаттары жиынға қатысқан басқарма мен департамент өкілдеріне Құрманғазы ауданындағы су бекеттері мен олардың материалдық-техникалық тұрғыда жарақтандырылуы, өрттің алдын алу жұмыстары, тасжол құрылысы, өзге де сауалдарын қойды.
Фракция мәжілісіне қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Ермекқали «Жер аманаты» жобасының орындалуы туралы есебінде облыс бойынша 90 мың гектар аумақтың мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтты.
Сондай-ақ жиында «AMANAT» партиясының Атырау облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасының биыл 5 айдағы орындалуы, орындалмау қаупі бар тармақтары және былтырғы орындалмаған тармақтары туралы да сөз болды.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button