МӘЖІЛІСМЕН «ATYRAÝ» ГАЗЕТІНІҢ ТІЛШІСІНЕ ЭКСКЛЮЗИВТІ СҰХБАТ БЕРДІ

erubaev sony 1 Саясат

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ МӘЖІЛІСІНДЕ МЕМЛЕКЕТ ҮШІН МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН БАТЫЛ БАСТАМАЛАР ЖИІ КӨТЕРІЛЕДІ. АТЫРАУ ОБЛЫСЫНАН САЙЛАНҒАН ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫМЕН ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР «ATYRAÝ » ГАЗЕТІНІҢ ТІЛШІЛЕРІ ДЕ БЕРІК БАЙЛАНЫС ОРНАТҚАН. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ СЕРІК ЕРУБАЕВ. ЖАҚЫНДА ОНЫМЕН СҰХБАТТАСУДЫҢ СӘТІ ТҮСКЕН ЕДІ.

Contents
  1. – Серік Сәрсенұлы, «Ақ жол» партиясынан сайланған 12 депутаттың бірі ретінде халықпен қаншалықты жиі кездесесіз?
  2. – Маңғыстауда болғанда, мұнай компанияларының басшылары мен жұмысшыларын татуластырғаныңыз рас па?
  3. – Заң шығарушы орган ретінде Парламенттің пәрмені алдағы уақытта күшейе түсе ме?
  4. – Сіз Мәжілісте экология және жер қойнауын пайдалану комитетінің мүшесі ретінде экология, төтенше жағдай және энергетика министрліктерінің есебін тыңдайсыз. Осыдан туындайтын сұрақ – Атыраудың қазіргі экологиялық ахуалы нешік?
  5. – Сіз зейнет жасына қатысты бірнеше мәрте мәселе көтердіңіз…
  6. – Мәжілісте 100-ден аса депутат бар. Солардың бәрі қаңтар оқиғасы кезінде қайда болды деген сауал туындайды…
  7. – Яғни, депутаттың беделі оның белсенділігіне қарай көтеріледі дейсіз ғой?
  8. – Өзіңіздің жалақыңыз өсті ме?
  9. – «Жаңа Қазақстан» деген жаңаша «науқан» емес пе? «Сонда бұрын «ескі» болғанымыз ба?» деген сұрақ та маза бермейді…
  10. – «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы бастамалар бүгінде жүзеге асып жатқанын байқап отырмыз. Бұған басқалар ортақтасып жүрген жоқ па?
  11. – Референдум демекші, одан нәтиже шықты ма?
  12. – Заң шығарушы билікке мән беріліп, Мәжілістің пәрмені күшейтіліп жатыр. Енді Сенат елеусіз қалмай ма?
  13. – Депутаттық сауал жолдаудың белгілі бір тәртібі бар ма, әлде депутаттың өз белсенділігіне байланысты ма? Одан қандай нәтиже күтіледі?
  14. – Туған жеріңізде қордаланған түйіндер көп шығар?
  15. – Алтын уақытыңызды бөліп, біздің сұрағымызға жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз.
  16. – Жылы лебізіңіз үшін көп рахмет. Еңбегіңізге табыс тілейміз!

– Серік Сәрсенұлы, «Ақ жол» партиясынан сайланған 12 депутаттың бірі ретінде халықпен қаншалықты жиі кездесесіз?

– Депутаттар Парламент Мәжілісінің арнайы кестесі бойынша облыстарды аралап, халықпен тұрақты түрде кездесіп отырады. Соған сәйкес, мен де биыл бірнеше рет іссапармен Атырау облысында болдым. Әсіресе, елді дүрліктірген қаңтар оқиғасынан кейін депутаттардың ішінде ең алғаш болып, оқиға ошағы – Маңғыстау өңіріне барып, жергілікті жұртшылықпен жүздестім. Себебі, ел басына қандай күн туса да, халық қалаулылары жұртпен бірге болуы керек.

Бірақ, бұл кезде әр басқан қадам мен айтылған сөзге аса сақтықпен қарауға тура келді. Себебі, онсыз да қымбатшылықтан ашынған қарапайым халықтың қытығына тимеу керек қой.

Мақсат – оқиғаның қайталанбауы үшін оның орын алу себептерін анықтау еді. Қайткенде де, сынақтан сабақ алған маңызды. Бір жағынан, санада сілкініс пайда болды. Екіншіден, билік бұқараға жақындай түсті. Біз де депутат ретінде алыс ауылдағы ағайынмен араны бұрынғыдан бетер жалғай түстік. Каникулға шықсақ та, халықпен кездесіп жүрміз. Биылдың өзінде мен Атыраудан бөлек, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Көкшетау, Ақмола жұртымен жүздесіп, түйткілді мәселелерін түртіп үлгердім. Енді сол халықтың мұң-мұқтажын ескере отырып, депутаттық сауал дайындаймыз.

– Маңғыстауда болғанда, мұнай компанияларының басшылары мен жұмысшыларын татуластырғаныңыз рас па?

– Шыны керек, қаңтардағы ереуілден кейін халықпен кездесуге бірде-бір басшының жүрегі дауалай қоймады.

Мен қымбатшылықтан басқа да түйткілді мәселелерді анықтағым келді. Өйткені, бір ғана газ бағасының көтерілуіне бола, халық наразылыққа шықпайды ғой. Екінші жағынан, ереуілшілердің сыртынан «мұнайшылар тойып секіреді» дегендей пікірлер де айтылып жүрді.

Мұндайда істің ақ-қарасын ажырата білу керек. Сөйтіп, іссапарды кәсіпкерлермен кездесуден бастадым. Соңғы уақыттағы қуаңшылықтан мал шаруашылығы күрт құлдырап кеткен болатын, сол мәселені шешу жолдарын қарастырдық. Бұған дейін су тұшыту зауыттарын салу жөнінде депутаттық сауал жолдаған едім. Соның нәтижесінде, Үкіметтен тиісті қаржы бөлініп, әзірге облыстағы екі зауыттың қуаты арттырылды. Келесі күні атышулы Жаңаөзен қаласына бардым. Сөйтсек, мұнда 4 мыңдай тұрғын жұмыссыз екен. Мұнай бұрғылау компанияларының жұмысшыларымен жүздесіп, олар қойған 20-ға жуық талапты толықтай тыңдап шықтым. Арасында дұрысы да, бұрысы да бар екен. Қалай болғанда да, ел байлығын өндіріп отырған алпауыт компания басшылары мен жергілікті атқамінерлердің сөзін ереуілшілерге жеткіздім. Ертеңінде наразы топтың тарағанын естіп, қуанып қалдым. Қандай ма даудың ашумен емес, ақылмен шешілгені дұрыс қой.

– Заң шығарушы орган ретінде Парламенттің пәрмені алдағы уақытта күшейе түсе ме?

– Президент ел байлығының жартысынан көбі небәрі 162 адамның қолында екенін қадап айтты. Соған байланысты, халық қаржысын желге ұшырған делдал мекемелер мен қажетсіз қорлар қатарын азайту жөнінде депутаттық сауал жолдадым. Елімізде әлем бойынша баламасы жоқ кәсіпорындар баршылық. Бірақ, нарық жағдайында бәсекеге түсе алмаған соң, өз мүмкіндігін өзі шектеуге мәжбүр. Айталық, Атырауда жүн өңдейтін, шприц шығаратын, кабель мен полиэтилен құбырларын жасайтын зауыттар ашылғанымен, оның өніміне сұраныс аз. Себебі, тапсырыс берушілер Қытайдың арзан затына қызығады. Ал, оның сапасына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Кәсіпкерлерден шағым көп түседі. Біз соның бәрін саралап, арнайы сауал дайындаймыз. Кезінде Энергетика министрлігімен 2 триллион теңгеге үш мұнай өңдеу зауыты жаңартылатын болып шешіліп еді. Бірақ, зауыттар сонда да мінсіз болған жоқ, жөндеуге тұрып жатты. Атыраудағы зауыт та солай. Ал, қаңтар оқиғасынан соң жағдай аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Қазір ешқайсысы жөндеуге тұрып жатқан жоқ. Өнім көлемі де жеткілікті, бағасы да тиімді.

Тағы бір қызықты айтайын, «сұйытылған газ неге жетпейді?» деп депутаттық сауал жолдағанымда, «газбен жүретін көліктің көбеюінен» деген жауап алғаным бар. Сонда, көлік жүретін көгілдір отынды шығаруға алпауыт зауыттардың қауқары жетпейді дегені ме? Күлкілі емес пе?!

Ал, «дизель неге жетпейді?» дегенге «көрші елдердің жүк көліктеріне құйылып жатыр» деген уәж айтылды. Қалай десек те, бізге төртінші зауыт қажет деп ойлаймын.

– Сіз Мәжілісте экология және жер қойнауын пайдалану комитетінің мүшесі ретінде экология, төтенше жағдай және энергетика министрліктерінің есебін тыңдайсыз. Осыдан туындайтын сұрақ – Атыраудың қазіргі экологиялық ахуалы нешік?

– Елімізде 25 жылға дейін 9 және 30 жылға дейін 38 су қоймасын салу жөнінде қос бағдарлама қабылданған. Соның екеуі Батыс Қазақстан облысында. Ал, Атыраудың аты мүлде аталмайды. Министрден мән-жайын сұрасам, «зерттеу жұмыстарын жүргізген компанияның Жайық бойынан су қоймасын салуға мүмкіндігі жоқ» деді. Енді толық зерттеу қорытындысын талап етіп отырмын.

Екінші мәселе – Каспий теңізі қазір 20-30 шақырымға дейін шегініп кетті. Яғни, күннен күнге тартылып жатыр деген сөз. Жазғы уақытта теңіз жақтан жел соқса, жағадағы тұзды шаң көкке көтеріліп, жақын елді мекендерді басып қалады. Сондықтан, Арал тәжірибесіне сүйеніп, бұл жерге дереу сексеуіл егуге ұсыныс жасап отырмын.

Жалпы, Атырау экологиясы нашар өңірлердің көш басында тұрған жоқ. Оның алдында өнеркәсібі өркен жайған Теміртау мен Өскемен тұр. Бірақ, аймақта жасалып жатқан жұмыстарды да жоққа шығаруға болмайды. Жайықтың солтүстігінен 9 миллиард теңгеге кәріз тазарту қондырғысы салынып бітті. Енді атынан ат үркетін «Тухлая балка» булану алаңын кептіру жұмыстары жалғасуда. Оның жартысы қала әкімдігінің, қалғаны Атырау мұнай өңдеу зауытының құзыретінде.

– Сіз зейнет жасына қатысты бірнеше мәрте мәселе көтердіңіз…

– Ол рас, бұл мен үшін де, қалың бұқара үшін де маңызды тақырып. Қаңтар оқиғасы кезінде құқық қорғау органдарының осал тұстары белгілі болып қалды. Соның бірінен туындайтын ұсыныс – қатардағы полицейлерді жұмысқа аларда оларды мемлекеттік тілді білуге міндеттеу қажет. Сонда халықпен байланысы нығая түседі деп ойлаймын. Екіншіден, олар 45 жаста – тәжірибесі енді ғана толысқан кезде зейнетке шығады. Бұл шақта күш те, қайрат та жеткілікті ғой. Жастарға да үлгі-өнеге көрсететін кез. Ал, олар өмірдің бел ортасында зейнеткер атанып, басқа жұмыс іздей бастайды. Сондықтан, зейнет жасын ұлғайту қажет.

Ал, керісінше, жер астында жұмыс жасайтын шахтерлар 63 жаста зейнетке шығады. Олар бұл жасқа жетпей жатып, түрлі ауруға шалдығып жатады. Сондықтан, бұл әділетсіздікті жоятын кез келді. Сол сияқты, әйелдердің де зейнет жасын қысқарту жөнінде ұсыныс хат дайындап жатырмын.

– Мәжілісте 100-ден аса депутат бар. Солардың бәрі қаңтар оқиғасы кезінде қайда болды деген сауал туындайды…

– Иә, бұл сұрақ халықты біраз мазалағаны рас. Бірақ, бұл кезде ұшақ ұшқан жоқ. Әрі, онсыз да ашулы жүрген жұрттың жүйкесі жұқарып кетпей ме деген де қауіп болды. Сондықтан, ел ішін аралау үшін арнайы кесте жасақталды. Президенттің алдында да маңызды мәселелер тұрды. Әрине, қазір ол кісінің сыртынан сын айту оңай. Ал, сол кезде оның орнына өзіңізді қойып көрдіңіз бе? Мемлекеттік маңызды шешімді Президент жалғыз өзі қабылдамайтынын түсіну керек. Тіпті, министрлер де Парламент келісімін алған соң ғана тағайындалады.

Мәселен, кезінде Асқар Маминнің кандидатурасына «Ақ жол» фракциясындағы 12 депутат қарсы болдық. Ал, әзірге Үкіметтің мұнай-газ өнімдерін экспорттау мен коммуналдық тарифтерге мораторий жариялау, министрлерді бей-берекетсіз ауыстыра бермеу, халыққа арналған қаржылық қор құру, бір адамның ғана байып кетуіне жол бермеу секілді бастамалар елге ұнады.

– Яғни, депутаттың беделі оның белсенділігіне қарай көтеріледі дейсіз ғой?

– Иә, бұған депутат болғанда ғана көз жеткіздім. Оған дейін пленарлық мәжілістерде ұсынылған бастамаларды барлығы бірауыздан қолдай салады деп ойлаушы едім. Шындығында, қандайма дауыс берудің артында көптеген талқылау мен дауласу барын кім біліп жатыр?! Бұл үрдістер сырт көзге көрінбейді. Тағы бір мысал, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің өзі кәсіпкерлік туралы заңға өзгеріс енгізді.

Бұрын атқарушы билік тарапынан кәсіпкерге зиян келгені сот арқылы дәлелденсе, оның шығыны бюджет есебінен төленіп келген еді. Енді сол лауазым иесінің өз қалтасынан өндіріледі.

– Өзіңіздің жалақыңыз өсті ме?

– 2012 жылдан бері көтеріле қойған жоқ.

Қазір қанша алсақ та, инфляция жағдайында ұлттық валютаның бәсі төмендеп кетті ғой. Есесіне, әкімдердікі көбейді.

Бірақ, әлеуметтік пакетіміз бар ғой, соған да қанағат қыламыз.

– «Жаңа Қазақстан» деген жаңаша «науқан» емес пе? «Сонда бұрын «ескі» болғанымыз ба?» деген сұрақ та маза бермейді…

– Бұл жалған ұран емес!.. Ақиқатқа айналарына сену керек.

Өмірде тым болмаса бір нәрсеге сену керек қой.

Барлығын жамандай бергеннің соңы да жақсылыққа әкелмейді.

– «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы бастамалар бүгінде жүзеге асып жатқанын байқап отырмыз. Бұған басқалар ортақтасып жүрген жоқ па?

– Біз үшін атымызды шығару емес, ел мүддесі үшін еңбек ету әлдеқайда маңызды. Келісемін, «ақжолдықтардың» «Түбегейлі өзгерістер керек» атты сайлауалды бағдарламасында партия филиалдарын әкімдер басқармау керектігі жөнінде айтылған болатын. Сол бастама бүгінде жүзеге асып жатыр. Сайлау барысында да бюллетеньде «бәріне қарсымын» деген графа қосылды. Бұл да – «ақжолдық» бастама. Референдумдағы өзгерістердің де көбісі – біздің партияның ұсыныстары. Соның бірі – Мәжіліске партиялық тізіммен өту шегінің 7 пайыздан 5 пайызға төмендеуі. Сонымен бірге, қарызға белшеден батқан жеке тұлғаны банкрот деп тану жөніндегі бастама да біздікі. Айтуыңыз орынды, кейде бұл бастамаларға «дайын асқа тік қасық» басқа біреулер ортақтасып жатады.

Бірақ, жасалған жұмысты бізден ешкім тартып алмайды, бастысы – тағы не жасауға болады, соны ойластыру керек.

Басқасына бас қатыратын уақыт жоқ. Оған уақыт өз бағасын береді. Біз үшін атымызды шығару емес, халықтың мүддесі үшін қызмет қылу маңызды.

– Референдум демекші, одан нәтиже шықты ма?

– Президент ел байлығының тең жартысы санаулы адамның қолында екенін айтқан жоқ па?! Сол монополия меншігіндегі біраз дүние біртіндеп елге қайтарылып жатыр.

Бүгінде елдің Президентке деген сенімі өскен.

– Заң шығарушы билікке мән беріліп, Мәжілістің пәрмені күшейтіліп жатыр. Енді Сенат елеусіз қалмай ма?

– Жоқ, олай деп ойламаймын. Сенат Мәжіліс ұсынған заң жобасын қолдауға немесе қолдамауға құқығы бар. Жоғарғы соттың судьялары мен Орталық сайлау комиссиясының кейбір мүшелері осы Сенат арқылы тағайындалады. Қазір мемлекетіміз суперпрезиденттік басқарудан президенттік басқаруға көшіп жатыр.

Дүние жүзінде елді Парламент басқарады, ал, Премьер-Министр – орындаушы. Бірақ, менің ойымша, парламенттік басқаруға халық әзірге дайын емес. Оған уақыт керек.

– Депутаттық сауал жолдаудың белгілі бір тәртібі бар ма, әлде депутаттың өз белсенділігіне байланысты ма? Одан қандай нәтиже күтіледі?

– Алдымен, фракция мәжілісі кезінде ел арасында көтерілген мәселелер сарапқа салынады. Егер жан-жақты пысықталған, яғни, әбден пісіп-жетілген сұрақ болса, оны Парламент қабырғасында қоюға рұқсат беріледі. Мәселен, «Ақ жол» партиясының Атыраудағы филиалына аяқтай келген тұрғын республикалық маңызы бар ұсыныс-пікір білдірсе, оны Парламентте көтеруге дайынбыз. Ал, жекелеген тараптардың мәселесін сот немесе басқа да жауапты органдар қарастырады. Онымен біз айналыспаймыз. Әрбір қойылған сауалға Үкімет тарапынан нақты жауап берілуі тиіс. Ол жауапқа біз баға береміз. Келіспейтін тұсы болса, қабылдамаймыз.

Мысалы, былтырғы бюджеттің тиімді жұмсалғанына біз келіспедік. Ал, бізге дейін ешбір депутат бұлай қарсы шыққан жоқ.

Әрине, бұл жерде көптің дауысы ғана есепке алынатыны белгілі. Бірақ, осының өзі демократия бар дегенді білдіреді.

– Туған жеріңізде қордаланған түйіндер көп шығар?

– Өз басым туған жердің әр жаңалығына елеңдеп отырамын.

Өйткені, Атырау – мұнай-химия өндірісі өркен жайған өңір. Сондықтан, облыста техникалық мамандар тапшы. Бұдан бөлек, туризм, кәсіпкерлік саласын да дамыту керек.

Сондықтан, бұл өңірде шешімін күткен мәселе көп. Олардың бәрін атқарушы билікпен бірлесе отырып шешеміз деп сенемін.

– Алтын уақытыңызды бөліп, біздің сұрағымызға жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз.

– Туған жердің қадірін адам одан алыста жүргенде біледі екен. Мен қазір электронды БАҚ-тарды тұрақты қадағалап отырамын. Әсіресе, облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің сайтын тұрақты оқимын. Елдің жаңалықтарын біліп отырамын.

Алтын аймақтың айнымас айнасы – «Atyraý» газетінің жарық көргеніне келесі жылы бір ғасыр толатынынан да хабарлымын. Осы уақыт ішінде ол бұқара мен биліктің арасын жалғаған «алтын көпірге» айнала білді.

Ендеше, батыл бастамалар мен жарқын жаңалықтардың жаршысы болған бірегей басылымның алар асуы азаймасын, абыройы аласармасын деп тілеймін!

– Жылы лебізіңіз үшін көп рахмет. Еңбегіңізге табыс тілейміз!

Әңгімелескен – Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз