БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ-2020»: міндет үлкен, меже көп
Министр орынбасарының баяндамасынан ұққанымыз, жобалардың басым бөлігі өңдеуші саладан болып отыр. Жалпы, 36 мыңға тарта кәсіпкер бағдарламаның көмегімен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, «Бизнестің жол картасы-2020» арқылы жаңадан 40 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Ал, бюджетке 56 млрд.теңге салық түскен. Сөйтіп, бүгінгі күні экономикадағы әрбір бесінші жұмыс орны бағдарлама аясында ашылып отыр.
Бұдан басқа, Индустрияландыру картасына енген төрт жоба да «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасынан қолдауын алған. Мұндай көрсеткіштердің барлығына да мемлекеттік бағдарламаға ниет білдіруші тараптардың ұсынысымен уақтылы өзгерістер енгізудің арқасында қол жетіп отыр. Мысалы, соңғы екі жылда үш пакет өзгерістер болған. «Кезекте төртіншісі тұр. Бастапқыда жобаларды қарау процедуралары жеңілдетілсе, үшінші пакеттің негізгісі мен жоспарланған төртінші пакет шағын жобаларға қолдау білдіруде басымдық беріледі. Бағдарлама шеңберінде қаржылық көмек алуға өтініш білдірушілер санының артуына байланысты өзгерістердің төртінші пакеті бойынша 750 млн.теңгеден асатын ірі жобаларға қосымша шектеулер қойылады. 1,5 млрд.теңгеге дейінгі жобалар жаңа жұмыс орнын ашып, салық түсімін көбейту талаптарына сай болуы тиіс. Ал, 1,5 млрд.теңгеден 4,5 млрд.теңгеге дейінгілері экономиканы жаңғырту мемлекеттік комиссиясында қаралады. Сонымен қатар, бағдарламаның басымдық берілетін салаларын қысқарту ұсынылады»,-дей келе, К.Өскенбаев 60 млн.теңгеге дейін кепілдік берілетін жобалардың қарау тәртібін оңтайландыруға қатысты пікірін білдірді. Оның үстіне, ондай жобалар жергілікті үйлестіру кеңесінде қаралмайтын болады. Селекторлық кеңесте айтылғандай, кәсіпкерлікті қолдайтын қызмет көрсету орталықтарын құру механизмдері мен бизнес-инкубаторлар жайы тағы да қаралады.
Индустриалды аумақ құру, микроқаржылық ұйымдардың потенциалын көтеру бағытында бірқатар шаралар атқарылады. «Бизнес-кеңесшісі» қысқамерзімді оқыту курсының тиімділігін арттырып, кәсіпкерлер қатарын көбейту үшін бір база аясында екі бағдарлама құру ұсынылады. Демек, енді «Бизнес кеңесші-1» бағдарламасымен жаңадан кәсіп бастағандар оқытылса, «Бизнес кеңесші-2» бағытымен жұмысын жалғастырып жатқан бизнесмендер қатыстырылады.
«Шағын және орта кәсіпкерлікті жекешелендірудің екінші толқынына даярлауда арнайы оқыту бағдарламасы жүзеге асады. Мұндай өзгерістерді Үкіметке қыркүйек айында енгізу жоспарланып отыр», — деп толықтырды Өңірлік даму вице-министрі. Бұл ретте Үкімет басшысы Серік Ахметов ұсынылып отырған өзгерістердің орынды екенін айтып, мақұлдады.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова бағдарламаның тиімділігін анықтау мақсатында мониторинг жүргізілгенін атап өтті. Сараптама қорытындысы көрсеткендей, мемлекеттік бағдарламаның орташа қатысушысының компаниясында шамамен 86 адам еңбек етеді. Өнімділігі 60 мың доллар шамасында, 42,6 млн.теңге көлемінде бюджетке қаражат түсіреді екен.
БАРЛЫҚ
ЖАҒДАЙ БАР,
НӘТИЖЕ ТӨМЕН
Одан әрі Үкімет отырысында күн тәртібіндегі маңызды мәселе – ана мен бала өлімін азайту бағытындағы шаралар жайы талқыланды. ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың баяндауынша, бұл мақсатта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде алға ілгерілеушілік байқалады. Айталық, туу көрсеткіші 1,3 есеге көбейсе, ана өлімі 3 есе, бала өлімі 1,5 есе азайған. Мұның барлығы да қауіпсіз жүктілік пен бала денсаулығын бақылаудағы жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өткен министр отандық медицина жаңа технологиялармен қамтылып жатқандығын жеткізді. Баяндамасына қарағанда, перзентханалар, балалар ауруханалары қымбат дәрілермен қамтылған. Мониторинг қорытындысы көрсеткендей, бірқатар жұмыстардың арқасында акушерлік саладағы оқыс оқиғалар 25 пайызға азайған.
— Республикалық санитарлық авиацияның көмегі зор болды. Науқас үшін әр секунд маңызды десек, аймақ басшылары тікұшақты қондыру алаңдарын назарда ұстағаны жөн,-деген ол соңғы жылдары елімізде балалар кардиохирургиясы айтарлықтай дамығанын атап айтты.
Ведомоство басшысының мәліметінше, медицинаның барлық дерлік саласында қол жеткізген жетістіктер аз емес. Дегенмен, Атырау облысында ана өлімі көрсеткішінің көбеюі әлі сақталып отырған көрінеді. «Жұртшылыққа құнды, сапалы тамақтану арқылы дәрісіз денсаулықты сақтауға болатынын түсіндіру қажет. Салауатты өмір салтын ұстану жайын жеткізуге БАҚ-тар да атсалысуы керек»,-деді министр.
Серік Ахметов облыс әкімдеріне тікұшақ алаңдарын бақылауда ұстауға, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. «Біздің елдің қарқынды дами түсуі үшін мұндай көрсеткіштер әлі көп саналады. Сондықтан атқарылатын жұмыстар жеткілікті»,-деді ол.
Үкімет отырысынан соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша әлі де жұмыс жасау керектігін атап өтіп, денсаулық сақтау мәселесіне көбірек тоқталды. Бұл жолы аймақ басшысы ана мен бала өлімінің көбеюін сынға алды.
— Жұмыстар жасалғанмен, әлі де жетіспейтін тұстар баршылық. Көршілес Батыс Қазақстан облысында ана мен бала өлімі мүлде жоқ. Себебі, онда жүкті болған аналар дәрігерлер тарапынан үнемі қадағаланып отырады. Егер бізде де солай тексерілсе, неге аналар өмірден озады? Мұны қарау керек. Өткен жылдары көрсеткіш тіптен жоғары болыпты. Биыл 36 пайызға қысқарттыңыздар. Алайда, ана денсаулығы ұдайы бақылауда тұруы тиіс,-деген Бақтықожа Салахатдинұлы облысқа қанша дәрігер жетіспейтіні туралы сұрады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиев бүгінгі таңда Атырауға 220 дәрігер керектігін, оның ішінде 15 акушер-гинеколог, 30 шақты жалпы практикалық дәрігер қажеттігін атап өтті. Биыл өңірге 70 дәрігер келуі тиіс.
«Жыл сайын миллиардтаған қаржыға жаңа қондырғылар сатып алынуда. Бірақ ана мен бала өлімін азайтпасақ, жұмысымыздың қандай нәтижесі бар?»-деп орынды сауал тастаған аймақ басшысы маңызды мәселелер еш уақытта күн тәртібінен түспейтінін ескертіп, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Айбөпе САБЫРОВА.